Бақша егіп, мал өсіруге мүмкіндік мол

386

0

Жалағаш ауданының тарихында өткен жыл ерекше жаңалығымен есте қалды. Өңірде қалыптасқан су тапшылығына қарамастан, 37 079 гектар жерге егілген ауыл шаруашылығы өнімдері ысырапсыз жиналып, оның ішінде 19 800 гектар күріштің әр гектарынан 54,5 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ Сыр бойы ауыл шаруашылығы саласындағы айрықша жаңалық, Тәуелсіздік жылдарынан бері табысты еңбек етіп келе жатқан «Таң ЛТД» ЖШС төрағасы Имамзада Шағыртаев Қазақстанның Еңбек ері атанды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов аудандағы 335 шаруашылықтың 200-ге жуығы егінмен, ал 136-сы мал шаруашылығымен айналысатынын айтты. Аграрлық саланың алдағы жоспарына сай биыл ауданда 36 504 гектар жерге егін егіледі. Сонымен бірге, тұрғындардың картоп, сәбіз сияқты көкөніс-бақша дақылдарын егуіне жаңадан 500 гектар жер дайындалмақ. Бұл орайда жалағаш кентін аяқсумен қамтуға аудан бюджетінен 4 млн теңге бөлініп, су тарту насостары орнатылған. Бұдан бөлек «Іңкәр», «Жолдас арық», «Бекбай», «Ақарық» каналдарына тазарту жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Бір сөзбен айтқанда, аудан тұрғындарының бақша егіп, мал өсіруіне мүмкіндік жасалған.

 Кейінгі жылдары ауданда егін саласымен бірге, мал шаруашылығы да тұрақты дамып келеді. Атап айтқанда, бүгінде 39 641 бас сиыр, 38 962 бас уақ мал, 21 819 бас жылқы, 761 бас түйе, 10 474 бас құс өсірілуде. Сондай-ақ жыл басынан бері мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заңсыз пайдаланылған 44 106 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылған. Соның есебінен елді мекен тұрғындарының мал жайылымы мәселесі шешімін тапқан.

Ауданда атқарылған ауқымды жобаның бірі – елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету. Айталық, өткен жылы ауданның 45,1 пайызы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Оның ішінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараты сияқты әлеуметтік нысандар газға қосылған.

– Жалағаш кентіне қарасты «Ақтерек» учаскесінен бой көтерген жаңа тұрғын үйлерді газбен жабдықтау жүйесіне республикалық бюджеттен 603 млн теңге қаржы бөлініп, газ құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Ал бүгінде «Ақсу», М.Шәменов елді мекендерін газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы жобалар толық жүзеге асқан уақытта аудан тұрғындарының 50 пайызы газбен қамтылатын болады. Сонымен қатар «Қаракеткен», Далдабай және Бұқарбай батыр елді мекендерін газдандыруға жоба-сметалық құжаттар әзірленетін болады, – деді аудан басшысы.

Тағы бір айта кетерлік жаңалық, өткен жылы Мырзабай ахун, Есет батыр ауылдарында дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға берілген. Ал биыл ауданда 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы басталады. Сондай-ақ жалпы құны 1,6 млрд теңгені құрайтын «Руханият орталығы» бой көтереді деп жоспарланып отыр.

Жұмыспен қамту мәселесіне келсек, жыл басында 3222 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту орталығына жүгінген 3228 адамның 94,9 пайызы бағдарлама қатысушылары қатарына енгізілген.

– Жыл көлемінде ауданда бірқатар нәтижелі жұмыстар орындалды. Аудан халқы мемлекеттік, өңірлік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті бастауға, оны дамытуда айтарлықтай белсенділік танытып келеді. Соның көрінісі, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3001-ге жетті. Қазір оның 95,2 пайызы нақты жұмыс істейді. Ал қаржы институттары арқылы 206 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 207 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауданда өндірістік жобаларға да басымдық берілуде. Атап айтқанда, былтыр өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулы аясында 2 жоба іске асырылды. Бұдан бөлек, елді мекен инфрақұрылымын дамыту, өндіріс орындарын ашу, көркейту-абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 22 жоба қаржыландырылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады, – деді аудан әкімі.

Жергілікті бюджет есебінен абаттандыру жұмыстарына 119,6 млн теңге қаржы қаралып, нәтижесінде, 4 елді мекеннің көшелері жөнделсе, 5 елді мекенде балалар ойын алаңы пайдалануға берілген. Ал осы жылы аудан бюджеті есебінен 3 елді мекенде жаңадан балалар ойын алаңы салынса, 2 әлеуметтік нысан газға қосылмақ.

Аудан әкімінің баяндамасында айтылғандай, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға «Таң ЛТД», «Еңбек-Жер», «Мелиоратор», «Абай Дәулет», тағы басқа серіктестіктер демеушілік жасап, тұрақты қолдау танытып отыр.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<