Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттiк органдардың мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының сақталуын бақылайды. Осы бағытта өткен жылы департаментке 279 жолданым түсіп, мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы 138 жолданымды қараған, оның ішінде 48-і өз құзыреті шегінде қаралса, 84-і басқа органдарға жолданды, 6-уы өтініш иесінің сұрауы бойынша қараусыз қалдырылды.
Қаралған 48 жолданымның 22-сі бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме берілді, 26 жолданым бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы 48 тексеру жүргізді, оның ішінде 11-і жоспарлы және 37-сі жоспардан тыс тексеру.
Нәтижесімен 439 бұзушылық анықталып, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама бұзушылықтарын жою туралы 11 нұсқама және 19 ұсыну енгізіліп, олардың барлығы толық орындалды.
Мысалы, департамент қарауына түскен қала тұрғынының шағымы бойынша Қызылорда қаласының әкімдігіне қарасты дербес бөлім басшысының әрекетіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Шағым иесі дербес бөлім басшысы өзінің тұрғын үйінің алдына келіп, полиция қызметкерінің бейнежетонын омырауына тағып, жазба жүргізгені үшін заң аясында шара көруді сұраған. Аталған уәждерді нақтылау мақсатында бөлім басшысынан түсініктеме алынып, ол шағымда көрсетілген уәждермен келіспейтінін көрсеткен. Осыған байланысты, Қызылорда облысының полиция департаментінен ақпарат сұратылды. Жауапта жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторына қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, оның бейнежазба жасайтын өзіне бекітілген бейнежетонды әкімшілік қызметкеріне бергені анықталып, оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылғаны хабарланды.
Кодекстің 6-тармағының 4) тармақшасында мемлекеттік қызметшілерге азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өздерінің әрекеттерімен және мінез-құлқымен олардың тарапынан сынға себепкер болмауы тиіс делінген.
Дегенмен дербес бөлімі басшысы полиция қызметкерінің бейнежетонын өзінің омырауына тағып, жазба жүргізіп қала тұрғынының тарапынан сынға себепкер болған. Тексеру барысында жинақталған құжаттар және дәлелдер оның мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарының бұзылуына жол бергенін анықтады. Аталған факт бойынша бөлім басшысына тәртіптік іс қозғалып, Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен, Қызылорда қаласы әкімінің өкімімен оған қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды. Осылайша Әдеп жөніндегі кеңестің шешімімен қала тұрғынының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
Сонымен қатар департамент мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесіне тоқсан сайын талдау жүргізіп келеді. Талдау нәтижесімен 7 мемлекеттік қызметшіге қатысты заңсыз қабылданған тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күші жойылды. Бұдан бөлек, жұмыс уақыты режимі бұзылуының алдын алу және оған жол бермеу бағытында мониторинг жүргізіліп, 52 мемлекеттік қызметшінің бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, оларға қосымша демалыс күндері немесе сағаттары берілді.
Департамент алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалардың сақталуын бақылаумен қатар азаматтардың, соның ішінде мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарының бұзылмауын қадағалайтын болады.
Е.МЕНДАЛИЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы





