Тамыры терең, қойнауынан құт арылмаған, жүз жырау шыққан Қармақшы топырағында жақұт жырдың киесі сақталған. Маңдай терге малшынып жүріп ел ырысын молайтқан еңбек адамдарына деген құрмет те жоғары.
Солардың қатарында дүйім жұрт құрметтеген еңбек ардагері Вера Дайрабайқызы да бар. Ол қазіргі Тұрмағанбет ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Осындағы №29 орта мектепте 8-сыныпқа дейін оқып, кейін Жаңақала ауылындағы №185 қазақ орта мектебінде жалғастырды.
Білімге құштар жас сол жылы «Комсомол» совхоз техникумына түсіп, оқу озаты қатарында есепші мамандығын алып шықты. Сөйтіп еңбек жолын Қызылдың қойнауында жатқан шалғайдағы Тәйімбет Көмекбаев атындағы совхозда статист-бухгалтер болып бастады.
Жас маман әсіресе, шаруашылық кірісін көбейтуде аянбады. Азаматтық және қызметтік борышын мемлекет мүддесіне молынан жұмсады. Совхоздың социалистік жарыстарда жеңімпаз атануына, қаракөл қой шаруашылығын дамытуға үлес қосқандардың бірі болды.
Жауапкершілік жүгі зор қызметте жүргенде Абдулаймен жолығып, 1976 жылдың жазында шаңырақ көтерді, ұлағатты ұрпақ дүниеге келді. Келіндік жолын сақтады, қазақы салт-дәстүрге берік екенін байқатып, үлкенді құрметтеуге, кішіге ізет көрсетуге, ұлттық құндылықтардың қаймағын бұзбауға тырысты. Ауыл халқының ауызбіршілігін сақтауға, берекесін арттыруға сүбелі үлес қосты.
Одан кейінгі жылдарда аталған шаруашылықта есепші бухгалтер, кадр қызметтерін атқарды. Кейін «Шұғыла» балабақшасына ауысып, бала тәрбиесімен айналысты.
Қызылорда қаласына 1998 жылы қоныс аударып, ұрпақтың келешегі мен ұл-қыздың алдындағы ата-аналық борышын жалғастырды. Жолдасы Абдулайға қолқанат, тірек болды. Тату тіршілік пен сыйластықтың арқасында олар көтерген шаттыққа толы шаңырақ 50 жыл бойы бақыт бесігінде тербеліп келеді. Өнегелі отбасында жауапкершілік дәріптеледі, мейірбандықты ерекше қасиет деп санайды. Сондықтан бұл үйдің төрінде ел ардақтыларын қонақ етіп, сыйлау әдебі сақталған.
«Қос тойың қабат, екі дүниең абат болсын» дегендей, биыл жұптасқан ғұмырдағы алтын тоймен қатар Вера Дайрабайқызы 70 жас мерейтойын атап өтуде. Ел сыйлаған еңбек ардагерлері, абыз ата, әзиз әже тұғырындағы жандар үлкен отбасының шырағданы, тілекшісі болып төрден орын алған. Бүгінде алтын той иелерінің үш ұл мен қызы жоғары білімді маман ретінде туған жерді түлету жолында қызмет етуде. Олардан ата-әжесі немерелер сүйіп отыр. Немеренің алды жоғары оқу орнын тәмамдап жатыр.
Өмірдің мәні береке мен бірлік, қуаныш пен шаттық ұялаған отбасында, түсіністік пен сыйластықта. Мерейтой иесі осы құндылықтың мәнін жастарға түсіндіруден жалыққан емес.
М.МЕРЕЙ





