Бақыт деген – бала күндерің

461

0

Қоғам қайшылықтарға толы. Сондықтан қазір адам құқығының бұзылуы ешкімді таңғалдырмайды. Оның ішінде балалар және жасөспірімдер құқығын қорғаудың қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті болар. Бұл орайда балалардың қауіпсіздігін сақтай отырып, олардың тиісті әлеуметтік көмек алу құқығын қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін жауапты жұмыстардың бірі екені даусыз.

Өзімізге келсек, өңірдегі 764 ата-ана қамқорлығынсыз қалған баланың 681-і отбасы тәрбиесінде болса, 83-і интернаттық мекемелерде лайықты жағдаймен қамтылған. Бастапқы есепке алынған осы санаттағы балалардың 80 пайызы бүгінде отбасына орналастырылған.

Балалар құқығын қорғаудың тағы бір мүмкіндігі «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңына сәйкес жүзеге асырылып келеді. Айталық, бүгінде әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жататын, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың 20 пайызы  тұрғын үймен қамтылып отыр.  Өткен  жылы осы санаттағы 100 бала баспаналы болған еді.

– Өңірде ерекше білім беруді қажет ететін 7494 бала есепте тұрады. Оларды арнайы біліммен қамту үшін психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК), психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті, оңалту орталығы, арнайы мектеп-интернат, аутизм орталығы сияқты 23 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында психологиялық-педагогикалық қолдаумен 6298 бала қамтылды. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында балалардың инклюзивті білім алуына жағдай жасалған.  Бұған сәйкес өңірде қабылданған Жол картасы аясында  162 балабақша, 170 мектепте  инклюзивтік қолдау кабинеттері, 8 мектепте ресурстық орталықтар ашылып, арнайы мамандар бөлінді.  2025 жылға дейін қосымша 14 инклюзивтік кабинет  ашу жоспарланып отыр, – дейді облыстағы бала құқықтары жөніндегі  уәкіл М.Бисенова.

Бүгінде Қызылордадағы 2 колледжде ерекше білім беруге қажеттілігі бар студенттерге инклюзивтік қолдау кабинеттері ашылып, қызмет көрсете бастады. Сонымен қатар өткен жылы М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінде инклюзивтік ресурстық кабинет ашылып,   арнайы мамандар оқытылуда. Әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдау мақсатында өткен оқу жылында 80 мыңнан астам бала қаржылай көмек алды. Сондай-ақ бүгінде барлық мектепте бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз тегін тамақтанады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 644 білім беру ұйымына заман талабына сай бейнебақылау жүйесі орнатылды. Облыс орталығындағы бала саны 700-ден асатын білім беру ұйымдары турникет, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілген.

Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзу,  суицид, зорлық-зомбылық, буллинг, кибербуллингтің алдын алу мақсатында  қабылданған жоспарға сай тоқсан сайын бірыңғай сабақтар өткізудің бағдарламасы әзірленді.

Зорлық-зомбылық қаупінде тұрған немесе оған ұшыраған балаларды анықтау, оларды психологиялық қолдау бағытында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл ретте 478 тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан баланың әрқайсысына жеке талдау жасалып, өмірдің қиын жағдайында қалған отбасылар сүйемелдеуге алынған. Сонымен қатар, мектепшілік есепке алынған 530 балаға мекен-жайлық әлеуметтік-психологиялық көмек берілді. Айта кетейік, психологиялық қолдау тобына алынған 688 балаға мектеп психологі, денсаулық сақтау саласының мамандары жәрдемдеседі. Бұдан бөлек,  күрделі жағдайларды қарау және шешу бойынша облыстық білім басқармасы жанынан өңірлік психологиялық-педагогикалық консилиум құрылды.

Зорлық-зомбылық, буллингке ұшыраған және өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға қолдау көрсету жұмыстарын күшейту мақсатында облыс әкімінің қолдауымен  облыстық психологиялық қолдау орталығы ашылды. Психологтарға әдістемелік көмек көрсете отырып, орын алған олқылықтарды оңалтуға, қиындықтардың алдын алуға басымдық береді. Соның бір көрінісі, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған «Менің бауырым» еріктілер жобасы басталды. Бұл жоба бірінші кезекте қала ішінде орналасқан 43 мектепте жүзеге асырылуда. Алдағы оқу жылынан бастап барлық аудандар қамтылады. Бұдан бөлек, «Біртұтас тәрбие бағдарламасы», «Сыр лигасы» жобасы жүзеге асырылуда.

Облыста 62 қосымша білім беру ұйымы, мектеп жанынан ашылған қосымша спорттық секциялар мен үйірмелер бар. Соның нәтижесінде, бүгінде жалпы білім алушылардың 86 пайызы  қосымша біліммен  қамтылған.

Балалардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында облыстық білім басқармасында тұрақты 3 жұмысшы топ құрылған. Аталған топтар балалардың ыстық тамақпен қамтылуын, суицид және зорлық-зомбылықтың алдын алу, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы сияқты мәселелерді үйлестіреді.

Балалар құқығын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түспейді. Мәселен, облыс әкімінің қатысуымен білім саласы бойынша ұйымдастырылған кеңейтілген мәжілісте көптеген күрделі мәселенің себеп-салдарына талдау жасалып, соған сәйкес балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа жоспар түзіліп, қосымша  міндеттер қабылданды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<