Даналықтың мектебі болған ата-бабаларымыз «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген екен. Шындығында отбасы берік болуының негізгі қағидасы адам бойындағы осы қасиеттерге негізделсе керек.
Адам баласы ақылын басшылыққа алса, ой таразысына салып шешім қабылдап, бақытты отбасын құруға талаптанып, сабырды серік етіп, арын бәрінен де қымбат санаса және ең бастысы өмірін ардақтап, оны сыйластықтың бал шырынымен сусындатса, міне, бұл – отбасы бақытының кілті.
Мемлекет мерейінің биік болуы да отбасының ынтымақ-бірлігіне тікелей байланысты. Келешегіміздің жарқын болып, алға қойған мақсаттарға жетудің кепілі де отбасындағы өзара түсіністік пен татулық тамырының тереңге бойлауында.
Бүгінде отбасылық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде жандандырып, үлгілі әулеттерді насихаттау өте маңызды. Осы орайда Президент бастамасымен 2013 жылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленді. Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде үлгілі отбасыларға сый-құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ, атаулы күнге орай «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы ұйымдастырылады. Биыл да бұл байқау дәстүрлі түрде жалғасып, нәтижесінде өңірден бірнеше өтінім қабылданды. Қала, аудан, ауылдық деңгейде қатысқан әр отбасының тарихы, жетістіктері, құндылықтары мен ұстанымдары көрсетіліп, түрлі бейнероликтер, ақпараттық бейнематериалдар мен танымдық хабарлар әзірленді. Сонымен қатар «Facebook», «Instagram», «Tik-Tok» әлеуметтік желілерінде қатысушылар отбасылық дәстүрлерін, тарихи сәттерін, қызықты оқиғаларын бөлісіп, медиа кеңістікте ақпараттық насихат жұмыстары жүргізілді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шиелілік Асановтар мен қармақшылық Көбеевтер отбасы жүлделі ІІІ орынды, Қазалы ауданынан қатысқан Бөлебаевтар әулеті ІІ орынды иеленді. Сырдария ауданынан Үмбетаевтар отбасы І орын иемденсе, қазалылық Смағұловтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.
Байқауда жеңімпаз атанған отбасының үлкені, мәуелі бәйтерегі Қабақ Смағұлұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майдандағы ерлігі үшін түрлі деңгейдегі ордендермен марапатталған. Соғыстан кейін 40 жыл есеп саласында еңбек еткен, Қазалы ауданының Құрметті азаматы. Ардагердің 10 баласы бар, әулетінде 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшегі өсіп келеді.
Күні кеше «Отбасы күні» қарсаңында Астана төрінде биыл 10-шы рет «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті.
Отбасының мерейін үстем ету, қасиетін қастерлеу мақсатында ұйымдастырылған ұлттық конкурста жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалылық майдангер, қазыналы қарт Қабақ Смағұловтың әулеті лауреат атанды.
Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайын ұйымдастырылып келеді.
Шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын бұл байқаудың маңызы ерекше. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөз бар. Сондықтан әрбір отбасының мәртебесі биік болса, қазақ елінің де абыройы асқақ болары анық. Отбасында жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп өскен ұл-қыздан келешекте елінің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосатын ұлтжанды ұрпақ қалыптасады.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»





