Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қалалық демалыс паркі тегін қызмет көрсетпек. «Виртуалды әлем», «Лабиринт», «Гидробол», шағын аттракциондар орнатылып, кішкентайлар игілігіне берілмек.
Демалыс орнына қала қонақтары мен тұрғындар жиі келеді. Ата-ана үшін өмірдің бақытты сәті бүлдіршіннің риясыз күлкісі емес пе?
Парктегі барлық аттракциондар түбегейлі тексерістен өтіп, келушілерді қуантуға сақадай сай тұр. Түрлі мәдени шаралар, көңілді кештер жайлы орта қалыптастырылатын болады.
– Бұған дейін жартылай сенімгерлік басқаруда болған қалалық мәдени және демалыс паркі биылдан бастап қалалық мәдениет және спорт бөлімінің теңгеріміне қайтарылды. Алдағы уақытта паркті кешенді дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқару жоспарлануда, – дейді қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов.
Жадыраған жаздың алғашқы күніне тұспа-тұс келетін Балалар мерекесі әлемнің барлық елінде аталып өтеді. Оларға жыл он екі ай қуаныш сыйласақ та артық етпейді. Осыны ескерген қала кәсіпкерлері мереке аясында 12 жасқа дейінгі балаларға пицца, фри, тәтті мақта, балмұздақ және түрлі сусындарды тегін таратуды межелеп отыр.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»





