БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ЕКПІН АЛУДА

440

0

Облыста бұқаралық спортты дамытудың негізгі мақсаты – дене шынықтырумен тұрақты шұғылданушылар санын ұлғайту. Осы және өткен жылы атқарған жұмыстар, алдағы міндеттер туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Әкімов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады. 

Жиынға басқарма басшысынан бөлек, таэквондодан Қазақстан жеңімпазы Айнұр Есбергенова, дзюдодан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Адия Сайын, каратэ-додан Әлем чемпионы Нұржан Ақпанбет, киокушинкай-кан каратэден Әлем чемпионы Айбек Шаукилов, ММА-дан Әлем чемпионы Ғани Әділсерік қатысты. Спортшылар жеткен жетістіктері мен алдағы жоспарлары жайлы айтты.

– Дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 27%-ке артып, 211 271 адамға жетіп отыр. Бұқаралық спортты одан әрі дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен қаржы бөлініп, елді мекендерде 282 спорт нұсқаушысы тұрғындарды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді. Өткен жылы облыстық бюджеттен 7 елді мекенде, атап айтсақ, Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кент­терінде спорт кешендерінің құрылыстары басталды. Биылғы жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, бала­лар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің желісін ұлғайту және шұғылданушылар санын арттыру барысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында үстіміздегі жылы Қызылорда қаласы «Мерей» шағын ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылып, жоба аясында 1200-ге тарта баланы спортпен қамту жүзеге асырылды. Осындай бастама аясында, Шиелі ауданы Ақмая және Алғабас ауылдарынан дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды, – деді О.Әкімов.

Өткен жылы облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 797 медаль жеңіп алды. Ал Азия, Әлем чемпионаттарында 92 медаль иеленді. Алдағы уақытта жүйелі дене шынықтырумен айналысушылар санын 28%-ке жеткізу, 7 елді мекендегі салынып жатқан спорт кешендері құрылысын аяқтау сынды міндеттерді жүзеге асыру жоспарда тұр. Ал қайта жаңғыртылған орталық стадион тамыз-қыркүйек айларында пайда­лануға беріледі деп күтілуде.

Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі спорт­тық мектептердің жеке сайттары жұмыс жасайды. Цифр­ландыру аясында барлық ауданда ашылған сайттарда нақты мәліметтер жазылған. Спорттық жетіс­тіктер, жаңалықтарды білуге, секциялар мен үйірмелер жайлы ақпарат алуға, сауалдар қоюға болады.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<