Барлығы саналы ұрпақ, сапалы білім үшін

862

0

Кеше Ұлттық тестілеу орталығы тестілеудің барлық түрінің уақыты ауысқанын хабарлады. Сәуірдің 25-і мен мамырдың 3-і аралығында өткізуге жоспарланған оқушылардың оқу жетістіктерінің мониторингі, білім беру ұйымдарын бағалау критерийлері және мұғалімдерге арналған ұлттық біліктілік тестілеуін қоса алғанда, тестілеудің барлық түрлері кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар, ауыстыру жақын арада түзетілетін техникалық ақауларға байланысты екені, техникалық себептермен ҰБТ тапсыра алмаған тәрбиешілер тоқтатылған сәттен бастап тестілеуді жалғастыра алатыны хабарланды.

Бұған дейін Алматыда 14 сәуір күні мұғалім біліктілік тестін тапсыру кезінде қайтыс болғаны қызу талқыланып, ұлттық біліктілік тестілеуі туралы түрлі пікірлер айтылған болатын. Мәселеге қатысты ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Qazaqstan» телеарнасында жаңадан шыққан «Жедел желі» интерактивті бағдарламасында айтты. Министр біліктілік тестіне қатысты қоғамдағы қарама-қайшы көзқарасқа тоқталып, педагогтерді аттестациядан өткізудің маңызын түсіндіріп берді.

– Біз Президент тапсырмасы бойынша тиімділігі төмен университеттерді жауып жатырмыз. Қоғамда бұған түрлі көзқарас бар. Университеттерді жапқанымызды қоғамның бір бөлігі қолдайды, ал жабылып жатқан университет иелері бұған басқаша қарайды. Сол сияқты егер мен әріптестеріме біліктілік аттестациясын алып тастаймыз десем, барлығы бөріктерін аспанға атып, қуанар еді. Бірақ бізге мұндай арзан пиар қажет емес. Біздің кейбір шешімдеріміз мұғалімдердің көңілінен шығады, кейбір мәселелер өкінішке қарай оларға ұнамайды. Біз қиын шешімдерді де қабылдай білуіміз керек. Жалтақтау дұрыс емес. Бізге керегі – баланың жақсы, сапалы білім алуы, – деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, министр бұл жұмыстардың барлығы мектептерді сапалы мұғалімдермен қамтамасыз етуге бағытталғанын алға тартады.

– Егер баламыз жақсы білім алсын десек, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, оны уақыт өте дәлелдеп отыру маңызды. Ұлттық біліктілік тесті – мұғалімдердің бес жылда бір рет өзі беретін пәннен тест тапсыруы. Мысалы, математика пәнінің мұғалімі математика пәнінің бағдарламасын толық білуі керек. Егер ол алтыншы-жетінші сыныптың бағдарламасын біліп, тоғызыншы-оныншы сынып бағдарламасын білмесе, онда ол қалай мұғалім болып жүр? – дейді ведомство басшысы.

Аймағамбетовтың сөзінше, өткен жылы елімізде 260 мың педагог біліктілік тестін тапсырған. Сыннан сүрінбей өтіп, тиісті категорияларын алған ұстаздар ай сайын еңбекақыларына 30-дан 50 процентке дейін үстемақы алып отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 процентке көбейсе, біліктілігі мен білімін дәлелдей алғандар қосымша қолдауға ие болады. Тест мұғалім өз біліктілігіне сай үстемақы алуы үшін тапсырылады. Сондықтан бұл жұмыс жалғасын табады. Сондай-ақ, біліктілік тестінен өтпеу маманның мұғалім болып жұмыс істеу құқығын шектемейді.

Сонымен қатар, өткен жылы педагогикалық жоғары оқу орындарын тәмамдаған 32 мың студент біліктілік тестін тапсырған. Өкінішке қарай, олардың тек 10 проценті ғана өз білімдерін дәлелдеген. Аталған тестілеу нәтижесіне сәйкес еліміздегі мұғалімдерді дайындайтын 86 жоғары оқу орнының түлектері тестте төмен нәтиже көрсеткен 36-сының лицензиясы қайтарып алынған. Министр мұғалімдерден артық құжат талап ету заңбұзушылық болып есептелетінін де айтты.

– Бұған дейін мұғалімдердің баланың қай пәтерде тұратынын анықтау үшін үй аралап жүрген кездері болды. Біз оның барлығын алып тастадық. Қазір мұғалімдер есік қағып, үй араламайды. Одан бөлек, мұғалім толтыратын құжат көп болатын. Саны тіпті 100-ден асатын. Соның бәрін реттеп жатырмыз. Президенттің тапсырмасының аясында «мұғалім күніне 2 ғана құжат тапсырады» деген бұйрық қабылдадық. Олар – баға қою және оқу жоспары, – деп түсіндірді ол.

Енді мұғалімдер осы екі құжатты ғана толтыруға міндетті. Бағалар Kundelik-ке қойылғаннан кейін оны қағазға шығарудың қажеті жоқ. Оны талап еткен басшы алдымен әкімшілік жауапкершілікке және жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік жауапқа тартылады. Айта кетейік, қазіргі таңда мұғалімдер тарапынан басшылары электронды күнделікке толтырылған құжатты жыл соңында қағаз түрінде шығаруды талап етіп жатқаны туралы арыз-шағымдар айтылып жүр. Өткен жылы қажетсіз құжатты талап еткен 700-ден астам адам жауапкершілікке тартылған.

– Әр мектепте педагогикалық этика бойынша кеңестер құрдық. Бұл – бір. Егер ол педэтика кеңесіне барғысы келмесе, облыстарда Бақылау департаменттері бар, соларға телефон соғып немесе ватсапқа ақпарат беруге болады. Барлық осындай шағымдар бойынша біз міндетті түрде жауапкершілікке тартамыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, 30 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдерге тиісті жеңілдіктер қарастыру мәселесі талқылануда. Сондай-ақ зейнет жасына жақындап қалған педагогтерге де тиісті жеңілдік, мүмкіндік беру де қаралуда. Бұл мәселе бойынша жақын арада толық ақпарат беріледі.

Сондай-ақ, министр Ұлттық бірыңғай тестілеудің оқу орнына жемқорлықсыз түсуге мүмкіндік беретін бірден-бір жол екенін, оны жетілдіру жолдарын ойластыру маңызды екенін айтты. Қазіргі таңда тестілеу өзгеріп, оқушылар ҰБТ-ны төрт рет тапсыруға мүмкіндік алып отыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<