Барлық игіліктің бастауында еселі еңбек бар

814

0

Сыр өңірінде тың серпін алған игі істер көп. Әсіресе, аудан мен ауыл арасында атқарылған жұмыс жетерлік. Бір белгілісі, Тәуелсіздіктің әр кезеңінде тәуекелге барған, бейбіт өмірде ұрпақ алдында адал борышты арқалаған аға буынның қажырлы еңбегі бар мұнда. Әсіресе, шалғайдағы елді мекеннің еңсесін көтеріп, жұрт жағдайын жасауға мемлекет тарапынан көптеген тиімді қадам жасалды. Оған айта берсек, мысал да көп.

Апта басында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова  Арал және Қазалы аудандарында болып, бірқатар нысандардың ашылуына қатысты. Бұл сапар Қорқыт елі – Қармақшыда да жалғасты.

Қос кәсіпорын іске қосылды

Сапар басы теңізді өлкедегі ауданаралық ауруханадан басталды. Аймақ басшысы дәрігерлермен кездесіп, жаңа медициналық жабдықтардың жұмысын көрді. Бас дәрігер Марат Ршымбетов ауруханаға жаңадан сатып алынған компьютерлік томографияның жұмысымен таныстырып, жылжымалы медициналық кешенді көрсетті. Жылжымалы медициналық кешен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 5 жылға қаржы лизингі шартымен алынған. Мұнда хирургиялық, гинекологиялық, рентген, УЗИ, офтальмология, жалпы қабылдау бөлмелері және зертхана заманауи медициналық қондырғылармен қамтылған. Кешенді алудағы негізгі мақсат – алыс ауылдарда тұратын тұрғындарға медициналық қызмет көрсету.

Айта кетсек, 385 адамды жұмыспен қамтып отырған аурухана үш жыл бұрын пайдалануға берілген. Ғимарат үш қабатты, 150 төсек-орны бар.

Одан әрі облыс әкімі аудан орталығында орналасқан «Aral Sea Food» ЖШС балық өңдеу зауытына барды. Балық түрлерін өңдеп қана қоймай, пластикалық қайық жасаумен айналысатын серіктестік Евростандарт бойынша мақұлданған технология бойынша жұмыс істейді. Жылына 4 мың тонна өңделген балық филесін ішкі нарық пен ТМД елдеріне шығаруда. 50 адамды тұрақты жұмысқа алған.

Сапар барысында облыс әкімі Арал қаласында салынған 2 пәтерлі 18 үйдің кілтін тапсырып, баспанаға қол жеткізген отбасылардың қуанышын бөлісті. Көпбалалы отбасыларға арналған пәтерді сатып алуға мемлекет қазынасынан қаржы бөлінген.

– Бүгін, міне, Арал тұрғындарын қуантып Жаңа жыл қарсаңында үйлердің кілтін табыстағалы тұрмыз. Қазан айында ғана осы маңдағы 4 пәтерлі тұрғын үйлердің кілтін берген болатынбыз. Белгілі меценат Болат Өтемұратов Арал өңіріндегі қуаңшылық мәселесімен қатар, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да назар аударып, бірнеше отбасының баспаналы болуына демеушілік жасады.

Қазір де мемлекет қолдауымен қаржы бөлініп, жаңа тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, барлық жағдайы жасалған жайлы баспана пайдалануға беріліп отыр. Тұрғындарға қуаныш сыйлаған құрылысшыларға, жұмысшыларға зор ризашылығымызды білдіреміз. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, құт-береке кетпесін! Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деп аймақ басшысы баспаналы болған отбасы мүшелерін құттықтады. Сондай-ақ облыс әкімі 7 баланың анасы Нұргүл Еділбаеваның үйіне аялдап, пәтер иесіне ас үй жиһазын сыйлады.

– Жаңа жыл қарсаңында баспаналы болып, қуанышқа кенелдік. Өзім көпбалалы анамын. Он жыл кезекте тұрдым. Мемлекет көмегімен қол жеткізген жаңа шаңырағымызда құт-береке болсын деп тілеймін. Қуанышымызды бөлісе келген облыс әкіміне, ел ағаларына аналық алғысымды білдіремін. Үйлі болған барлық жерлестеріме құтты болсын айтамын, – деп көпбалалы ана ақжарма тілегін жеткізді.

Тәуелсіздік алған уақыттан бері ауданда 324697 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріліп, 180 жас маман баспаналы болған. Мұнан бөлек, ауданға қарасты шалғай елді мекендерде жаңадан 6 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 7 медициналық бекет пен 38 білім ошағы жаңадан салынды. 4 мәдениет үйі, 2 клуб және 2 музей аудан халқына рухани қызмет етуде. Сондай-ақ, бұқаралық спортты дамыту бағытында ауданда 2 спорттық кешен, 1 стадион, 35 спорттық алаң пайдалануға берілсе,  3 спорт кешенінің құрылысы жүруде.

Аралдағы сапар Жақсықылыш кентінде жалғасты. Мұнда өңір басшысы «Аралтұз» АҚ жанынан ашылған үшінші испан цехының жұмысын көрді. Жалпы Қазақстан ғана емес, сыртқы елдерге де танымал Арал тұзын өндіруші кәсіпорын жылына 600 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы.

– Үшінші испан цехы ашылғалы екі жүз адамды жұмысқа алдық. Әлі де жүзге жуық қызметкерді штаттық кестеге сай қабылдайтын боламыз. Цех айына 15 мың, ал жылына 180 мың тонна ас тұзын шығара алады. Жаңа кәсіпорынның жалпы құны 3 млрд теңгені құрап отыр, – дейді цех бастығы Бержан Рысмамбетов.

Ал мұнан соң ауданға қарасты Аралқұм ауылдық округіне барған аймақ басшысы Шөміш елді мекеніне жақын орналасқан «Aral Quartz» ЖШС-да болып, кварц құмын байыту бойынша тау-кен комбинатының бірінші кезеңін іске қосты. Аталған өндіріс орны жылына 120 мың тонна байытылған кварц концентраты мен құрғақ құрылыс ұнтақтарын өндіреді. Өндіріс орнында 70 жаңа жұмыс орны құрылған.

– Біраз уақытқа созылған зертханалық зерттеулерден соң комбинаттың бірінші кезеңін іске қосып отырмыз. Біздің өнім тікелей шыны шығаратын зауытпен байланысты. Комбинат сағатына бес тонна, ал тәулігіне 100 тоннаға дейін кварц концентратын шығара алады, – дейді жоба жетекшісі Мамадияр Қадырбеков.

Кәсіпорынға цех салу үшін мемлекет қолдауымен 4 гектар жер берілген. Сондай-ақ Арал ауданында орналасқан бірнеше учаскеде кварц құмы өндірілмек. Болжам бойынша, мұнда 27,5 млн тонна кварц қоры бар.

Бой көтерген баһадүр ескерткіші

Облыс әкімінің сапары Қазалыда жалғасты. Алдымен Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдығына орай орнатылған ескерткіштің ашылуына қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен қатар келген даңқты батыр ескерткішінің орнатылуымен тұрғындарды құттықтады.

Барлық игіліктің бастауында еселі еңбек бар

– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерекесімен қатар келген Жалаңтөс баһадүрдің 445 жылдық мерейлі мерекесінде сәулет өнерінің бір белгісі – осы еңселі ескерткішті орнатып отырмыз. Самарқанды 30 жыл билеген бабамыздың тылсымға толы құпия әлеміне аса мұқият үңіліп, ескерткішін қоладан құйған елімізге белгілі мүсінші Аманкелді Кененбаев ерлік пен өрліктің, даналықтың үйлесімін дәл бейнелесем деген мақсатына жетті деп есептеймін. Туған жерімізді найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған батыр бабамыздың рухы ұрпағын қолдап-қорғап жүргей, – деді өңір басшысы.

Аймақ басшысынан соң аудан ардагерлері атынан Самұрат Имандосов еңселі ескерткіштің ашылуымен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді. Мұнан соң қонақтарға ескерткіш маңынан ашылған саябақты абаттандыру жұмыстары көрсетілді.

Айта кетейік, елорда, Алматы мен Ақтөбеде, облыс орталығы мен Қазалы ауданында Жалаңтөс баһадүр атындағы көшелер бар. Қызылорда қаласында еңселі ескерткіші бой көтерген. Сондай-ақ, облыс орталығында дарынды балаларға арналған спорт мектебі және Қазалыдан мектеп пен ауылға батыр есімі берілген.

Сонымен қатар, өзге аудандардағыдай баспанамен қамту жұмысы Қазалыда да қарқынды. Облыс әкімі аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі «Аймақаш» шағын ауданына барып, аз қамтылған 18 көпбалалы отбасыға баспана кілтін табыс етті.

– Жаңа жыл қарсаңында көптеген отбасы қоныс тойын тойламақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған бұл үйлер негізінен баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасыларға беріліп отыр. «Аймақаш» шағын ауданындағы 36 тұрғын үйдің құрылысы осы жылдың басында басталған еді. Ол үшін бюджеттен 388 млн теңге бөлінді. Бұл тұрғын үйлер – елімізде мемлекет тарапынан тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі. Жаңа пәтер иелеріне қоныстарыңыз құтты болсын айтамын. Еліміз тыныш, халқымыз бейбіт, тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деді облыс әкімі.

Мұнда да Гүлшара Наушақызы жаңа баспанаға қол жеткізген Жанаргүл Баймұхановаға арнайы сыйын, балаларға жаңажылдық тәттілер табыстады.

Қазалыдағы сапар Майлыбас ауылдық округінде тәмамдалды. Жеке кәсіпкер Арзана Байсуганованың жол бойындағы қызмет көрсету кешенінде болған әкім кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. 10 адам тұрақты жұмыс істейтін сервистік орталық жақында ғана іске қосылыпты. Кешенде қонақ үй, монша, тамақтану орны, автотұрақ, көлік жөндеу орталығы және шағын маркет бар.

Айту керек, кейінгі 30 жыл ішінде ауданда 19 орта мектеп, 9 мемлекеттік балабақша, 25 денсаулық, 15 спорт нысаны және 6 мәдениет ошағы іске қосылды. Автокөлік жолдарының жағдайы 80,3 процентке жақсарған. Ал Тәуелсіздік жылдарында Қазалы ауданында 467,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліпті.

Балалар лагерінің құрылысы бітті

Аудандарға сапар барысында Қармақшыға аялдаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Жосалы кентінде болып, 10 пәтерлі, бес үйдің кілтін иелеріне табыс етті. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынған үйлер Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға беріліп отыр. Бір тұрғын үйдің жалпы ауданы 136,6 шаршы метрді құрайды.

Облыс әкімі Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жаңа жыл мерекесіне орай құттықтауын жеткізді.

– Баршаңызды еліміздің ең басты ұлық мерекесі – қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен және келе жатқан Жаңа 2022 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Баспанаға мұқтаж көпбалалы, аз қамтылған отбасылар үшін мемлекетімізде тиісті жағдайлар жасалғаны белгілі. Жаңа жыл қарсаңында көпбалалы аналарға қуаныш сыйлау мақсатында кезекте тұрған отбасыларға табыстағалы тұрмыз. Қоныстойларыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін, – деді облыс әкімі.

Мұнан соң, облыс әкімі жыл бойы жұмыс істейтейтін демалыс лагері құрылысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, демалыс аумағында әкімшілік, медпункт, клуб, асхана, ер балалар және қыздарға арналған жатын орындар, спорттық ойын алаңдары, автотұрақ, шаруашылық ғимараттары және бу қазандығы орналасқан.

– Бұл лагерь ғана емес, қосымша білім беру орталығы да болмақ. Бүгінде құрылыс толық аяқталды, келесі жылдан жұмысын бастайды. Он күн сайын 120 баланы қабылдай алатын лагерь бір жыл ішінде мыңдаған оқушыға қосымша сабақ пен Ұлттық бірыңғай тестілеуге көп көмегін тигізеді деп айта аламын, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Лагерьдің барлық ғимараттарын аралаған облыс әкімі оқушыларды қабылдау процесіне қажетті қадамдарды іске асырып, танымдық бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

Суретті түсірген Б.ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<