Барсакелмес қорығындағы экологиялық сабақтар

792

0

Қазіргі таңда Жер бетіндегі бүкіл адам болмысын ерекше толғандырып отырған ең басты мәселе – ғаламдық деңгейдегі экологиялық мәселелер болып отыр. Сондықтан да, әрбір мемлекет бұл мәселелерді негізгі мемлекеттік міндеттердің бірі деп қарастырады. Осыған орай, елімізде қордаланған экологиялық жағдайларды жақсарту шараларына айрықша мән беріліп отыр.

Осындай шаралардың бірі тұрғындарға, оқушыларға – экологиялық білім беру. Экологиялық білім мен тәрбие берудің мақсаты – қоршаған ортаға жауапсыздықпен қараушыларға жол бермеу; жастардың бойында экологиялық мәдениет қағидасын қалыптастыру; қоғамдық пайдалы еңбек және еңбек тәрбиесі арқылы табиғатты қорғау, күту және жақсарту, экологиялық білімді насихаттау. Осы тәрбие арқылы адамның мәдениеттілік сезімі, экологиялық санасы қалыптасады.

Осындай шаралар «Барсаелмес мемлекеттік табиғи қорығы» РММ-і қызметкерлерімен де жүргізіледі. Мекеменің экологиялық ағарту жұмыстарының жоспарына орай жыл бойына бірнеше тақырыптарда экологиялық бағыттандырылған сабақтар өткізіледі.

Экологиялық ағарту жұмыстарының шеңберінде жыл сайын «Парктер шеруі» табиғат қорғау акциясы ұйымдастырылады. Бұл акцияның – жергілікті тұрғындарға экологиялық білім беру және табиғатты аялауға баулу ісіндегі маңызы зор. Сонымен қатар, акцияның негізгі міндеттерінің бірі – республикалық деңгейде Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дәріптеу және халыққа олардың маңыздылығын жеткізіп, табиғат қорғау ісіне тарту.

Биыл осындай шаралар негізінде аудандық мектептерде «Парктер шеруіне ат салысайық!», «Сақтайық сексеуіл ормандарын!» және т.б. тақырыптарда дәріс-сабақтар бірқатар мектептерде жүргізілді. Акция барысында өзге де мектептер мен білім ұйымдарында аталмыш тақырыптарда сабақтар жүргізу жоспарлануда.

М. ҚУАТОВ

Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы

мемлекеттік инспекторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<