Бас жүлде – Сыр елінде!

3981

0

Шымкент қаласында қоғам қайраткері, ақын-жазушы Шалқар Әбішұлының 80 жылдығына арналған «Шалқар термесі» дәстүрлі республикалық жыршы-термешілердің байқауы өтті.

Биыл үшінші рет ұйымдастырылған өнер додасына 12 облыс және Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан 21 өнерпаз қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрады. Жыршы, термешілер алдымен Шалқар Әбішұлының шығармаларын, сондай-ақ әр өңірдің өзіне тән терме-толғауларын орындады.

Жыр додасында жерлесіміз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дәстүрлі музыка өнері және хореография» білім беру бағдарламаларының оқытушысы, тарих ғылымдарының магистрі, Мәдениет саласының үздігі Марат Сүгірбай байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып, автокөлік иеленді.

Сырдағы өнер өкілдері жыр жүйрігін жеңісімен құттықтап, шынайы тілектестіктерін білдірді.

– Жас ұрпақтың жадын күнделікті шынайы өмірден гөрі ғаламтордың аржағындағы «ғажайып әлем» жаулап алып, адастырып жатқан жайттар да аз емес. Алайда біз «ағысқа қарсы жүзіп», осынау жаңа технологияның жетістігін пайдамызға жарата білуіміз қажет. Атап айтсақ, дәстүрлі ән-күй, жыр-термелерді әлеуметтік желілер арқылы жан-жақты насихаттап, осынау өнерге өзгеше қызығушылығы бар, зердесі биік көрерменнің, ұлтын сүйген ұрпақтың сұранысын қалыптастыру қажет. Кешегі Шымкент қаласында өткен «Шалқар термесі» жыр байқауы осының бір көрінісі, – дейді жыршы М.Сүгірбай.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<