Баспаналы болу – бір бақыт

758

0

Ел Тәуелсіздігінің ұлы мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауында 680 пәтерлік 14 көпқабатты үйдің пәтер кілттері салтанатты түрде тапсырылды. Шараға облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, қала әкімі Ғанибек Қазантаев қатысты.

Облыс әкімі қоныстой иелерін құттықтап, пәтер кілттерін табыстады.

– Баршаңызды алдымен еліміздің ең басты ұлық мерекесі – қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бүгінгі қол жеткізген жетістіктеріміздің барлығы – ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігі мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сындарлы саясатының салтанатты жемісі. Құрылысы қарқынды Қызылордамызда бүгін тағы да жаңа тұрғын үйді пайдалануға беріп, пәтер иелерінің қуанышын бөлісіп отырмыз. Үйлеріңіз сәбидің күміс күлкісіне бөленіп, шаңырақтарыңыздың түтіні түзу шықсын! – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Сондай-ақ, аймақ басшысы нысандар құрылысын сапалы жүргізіп, уақытылы тапсырған мердігерлерге алғыс білдірді.

Баспаналы болып, шаттыққа кенелгендердің бірі көпбалалы ана Нұргүл Ермаханова қоныстанушылар атынан көрсетілген мүмкіндікке алғысын жеткізді.

– Тәуелсіздік күні қарсаңында үйлі болып жатырмыз. Мұның барлығы мемлекеттің халық үшін жасап жатқан қамқорлығының арқасы, мемлекеттік бағдарламалардың жемісі. Сондықтан Елбасына, Мемлекет басшысына, өңір басшылығына алғыс білдіремін. Қуанышымда шек жоқ. Ана ретінде барша қазақстандықтарға баспана бақытын тілеймін, – деді ол.

Айта кетейік, 30 жыл ішінде облыста 8 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бірқатар көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткізілді.

Жыл басынан бері өнеркәсіп өнімі өндірісі, оның ішінде өңдеу саласы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі көбейді. Жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілер саны өсіп, құрылыс жұмыстары мен пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі де артты. 2408 пәтерлік 110 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Оның ішінде Байқоңыр қаласында 250 пәтерлік 5 тұрғын үй бар.

Жыл соңына дейін 1608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Биболат СӘТЖАНОВ,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Б.Есжанов

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<