Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан:іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты, ең алдымен, баспана мәселесіне тікелей байланысты» дегені белгілі. Соған орай нарық жағдайында тұрғын үйдің қолжетімділігі адамдардың табысына және осы міндетті өздігінен шеше алу қабілетіне орай жүзеге асырылатынын атап өткен болатын.
Иә, баспананың адам өміріндегі маңызы туралы айтып жатудың өзі артық. Алайда, қай кезеңде, қандай қоғамда болмасын оған қол жеткізу көпшілік үшін оңай соқпайды. Сондықтан да Қазақстан Республикасы өз азаматтарының баспаналы болуы үшін мүмкін болар барлық жағдайды қарастырып келеді.
Бұл ретте Қызылорда облысында соңғы жылдары қарқынды жүрген тұрғын үй құрылысы биыл да сол деңгейден түспегенін атап өту керек. Облыс бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде барлығы 21 млрд теңге бөлінсе, оның ішінде тұрғын үй құрылысына жұмсалатыны 16,2 млрд теңге. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мамандары берген мәлімет бойынша биыл облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1406 пәтерді құрайтын 87 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 815 пәтерлі 20 сатып алу құқығынсыз жалға берілетін, 215 пәтерлі 57 кредиттік тұрғын үйлер бар. Ал 376 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы жеке компаниялар есебіне кіреді.
Мәліметке сай, жыл соңына дейін 698 отбасына баспана сатып алу құқығынсыз жалға берілмек. Сонымен қатар 115 отбасы кредиттік тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, жеке құрылыс салушылар есебінен 156 пәтерлі 4 тұрғын үй құрылысы бітеді. Осылайша жыл соңына дейін барлық бағдарламалар шеңберінде 987 пәтерлі 75 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.
Президент жер үй тек баспана ғана емес, сондай-ақ табысы аз, әсіресе көпбалалы отбасылардың экономикалық тірегі де бола алатынын айтып, Үкімет пен әкімдіктерге әлеуметтік жер үйлер салынатын учаскелерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісін жеделдету жөнінде тапсырма берген болатын.
Қазіргі таңда облыста жеке тұрғын құрылысы үшін ашылған жаңа тұрғын аумақтарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін 15 жобаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11 жоба облыс орталығына тиесілі болса, Сырдария ауданында 2, Арал мен Шиелі аудандарында бір-бірден жоба жүзеге асырылады. Жалпы 2020 жылы барлық қаржыландыру көздерінен 591,5 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру және 45,3 шақырым инженерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу көзделіп отыр.
Бүгінгі күнге аймақта тұрғын үй алуға барлық санаттар бойынша кезекке тіркелгендер саны 30326 азаматты құрап отырғанын айта кету керек. Оның ішінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санатымен – 12716, көпбалалы отбасылар санаты бойынша – 3452, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшілері – 11858, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар санаты бойынша – 133, жетім балалар санатымен – 2166 азамат тіркелген.
Өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек көрсетілетіні белгілі. Биылдан бастап «5-10-20» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оған 390 миллиард теңге бөлінді. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев «Шаңырақ» деген атауға ие болған «5-10-20» бағдарламасының талаптары туралы түсінік беріп өтті. Оның айтуынша, әкімдіктер салған несиелік тұрғын үйдің 1 шаршы метрін 160 мың теңгеден сатады деп жоспарлануда. Ал ең жоғары заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер Қызылорда облысы үшін 12 млн теңгені құрайды. Жаңа пилоттық жобаның шартына сай тұрғын үй сатып алу үшін 20 жыл мерзімге 10% бастапқы жарнамен 5%-тік несие беру қарастырылады. Бұл жобаға тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады. Тұрғын үй кезегінде тұрғандарға банкке келіп, шотын ашып қаражаттарын жинауға кеңес беріліп отыр.
Ал отбасыларды бақытқа кенелткен «Бақытты отбасы» бағдарламасына көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырғандар қатыса алады. Баспана кезегінде тұрған қазақстандықтардың табысын, отбасы мүшелерінің санына бөлгенде 65336 теңгеден аспауы шарт. Бастапқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 10% жинақтау талап етіледі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» займды жылдық 2% мөлшерлемемен береді. Несие мерзімінің ұзақтығы 20 жылға дейін. Қызылорда облысы бойынша 10 млн теңгеге дейінгі тұрғын үйлерді таңдап алу мүмкіндігі бар. Тұрақты тіркеу мен тұрғылықты мекен-жай бойынша шектеулер қойылмаған. Ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың облыс орталығынан баспана сатып алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, отбасылық табысты санағанда балалардың ай сайынғы шығыны есепке алынбайды. Тек ата-аналарының ай сайынғы шығыны үшін 5 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлеміндегі қаражат шегеріледі.
Ал қазіргі күні «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үйді кредиттеу бағдарламасы шеңберінде бүгінгі күнге екінші деңгейлі банктер арқылы 3777,5 млн теңге сомасына 426 өтініш түсіп, оның ішінде 1902,6 млн теңгеге 211 несие мақұлданып, тұрғын үй алуға беріліп отыр.
Бұдан бөлек, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қосымша табысы төмен көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың тұрғын үй алуға қолжетімділігін арттыру мақсатында «Бақытты отбасы» әлеуметтік бағдарламасы аясында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылдық 2%-пен тұрғын үй қарыздарын беру жоспарланған. Бұл мақсатқа биылғы жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» Қазақстан Республикасы Үкіметінен 3,1 млрд теңге қаржы бөлінді.
Осы қаржыға облыс бойынша тұрғын үй алуға 309 өтінім қабылдау жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалының берген мәліметтеріне сәйкес, 9 айда банк несиелендірген 839 адам баспаналы болып отыр. Оның ішінде «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша 550 млн теңгеге 35 адам, «Бақытты отбасы 2%» бағдарламасы бойынша 2,5 млрд теңгеге 282 адам, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 714 млн теңгеге 81 адам және нарықтық баға бойынша 3,6 млрд теңгеге 441 адамның өтініші қанағаттандырылған. Жалпы сомасы 7,5 млрд теңге.
Мемлекет басшысы Жолдауда жалдамалы үйлер салу кезінде жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау арқылы ауылдағы еңбекшілерді қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Тапсырманы іске асыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ауылдық елді мекендерде тұрғын үй салу кезінде жұмыс берушінің шығындарын субсидиялау тетігін ұсынып отыр. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетов бұл жоба «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатынын айтып, ол бойынша жұмыс берушіге қандай талаптар қойылып отырғанын түсіндіріп өтті.
Біріншіден тұрғын үй алаңы 100 шаршы метрден аспауы тиіс және оны үлгі жоба бойынша салуы керек. Сонымен бірге үйдің құны 10 млн теңгеден аспауы қажет және ол салынатын ауылдық елді мекеннің аудан орталығынан қашықтығы 80 шақырымнан жоғары болуы тиіс. Осы талаптар орындалғанда тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде мемлекеттен субсидияланатын болады. Ал жұмыс беруші мен қызметкер арасында 5 жыл тұру мерзімі бар еңбек шартының болуы сұралады. Осы тетікті іске асыру ауылдық жерлерге білікті мамандарды тартуға мүмкіндік береді, бұл халықтың қалаларға кетуін тоқтатады.
Басқарма өкілі сол секілді жеке тұрғын үй қорынан жалға алынатын тұрғын үй үшін жалдау ақысын (80% мөлшерінде) субсидиялау тетігін енгізу ұсынылып отырғанын жеткізді. Ол тетік жеке құрылыс салушыларға мүмкіндік ұсынады. Бұл ретте құрылыс салушылар үшін жер учаскелерін беру, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бөлігінде салықтық және инвестициялық преференцияларды мемлекеттік қолдау шаралары жоспарланып отыр.
Ал келесі жылдан бастап, ел тұрғындары үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға пайдалану жобасы жүзеге аса бастамақ. Бұл жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болып, баспана жағдайын дұрыстап алатындар қатарында Сыр елі тұрғындары да болады деп үміттенеміз. Қалай болғанда да қоныс тойын тойлаған өңір тұрғындарының саны артуы үшін барлық бағытта жұмыстар жүргізіле беретін болады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<