Баспаналы болу – бір бақыт

367

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев  Қызылорда қаласына қарасты Тасбөгет кентінде 53 отбасыға тұрғын үй кілтін табыстады. Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жигули Дайрабаев, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты. Жиын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан кент тұрғындары мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлерін марапаттаудан бастау алды. Мұнан соң облыс әкімі сөз алып, жаңа қоныс иелерін құттықтады.

−   Халықты баспанамен қамту − мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыты. Жыл сайын аймақта пайдалануға берілген тұрғын үй саны артуда. Өткен жылы 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды. Осылайша 2400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мың тұрғынның баспана мәселесі шешілді. Биыл мемлекеттік бюджеттен 14,3 млрд теңгеге 1890 пәтерлік 70 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Оның 16-сы жеті қабатты болады. Мемлекет басшысы «Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді» деп атап өткен еді. Осыған орай, былтыр аймағымыздың барлық ауданында 450-ге жуық отбасы баспана қуанышына кенелді. Бүгін Тасбөгет кентінде 53 отбасы қоныс тойын тойлайды. Бұл − тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев  та баспана кілтін алған тұрғындарды құттықтаса, қоныстой иелерінің атынан мектеп мұғалімі Мереке Тауманова қуанышын жеткізіп, аймақ басшысына алғыс білдірді.

Айта кету керек, баспана кілті бұл жолы осал топтағы отбасыларға бұйырды.

− Мен ерекше бала өсіріп отырған анамын. 2007 жылдан бері үй  кезегінде тұрамын. 17 жылдан кейін өз баспанамның кілтіне қол жеткіздім. Бүгінгі қуанышымда шек жоқ. Үй өте қатты ұнады, ойымдағыдай болып шықты. Осындай мүмкіндік сыйлаған облыс басшылығына алғысымды білдіремін, − деді қала тұрғыны Меруерт Жақыпова.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<