Баспаналы болуға бастайтын бағдарламалар

315

0

Өзге елдерде өмір бойы жалдамалы пәтерде тұру,  көшіп-қонып  күн кешу – әдеттегі тұрмыс салты болса, біздің ұлтымыз үшін ол жат нәрсе. Халқымыз «үйі жоқтың – күйі жоқ», «өз үйім – өлең төсегім» деп баспаналы болудың маңызын айтып кеткен. Сондықтан да өз баспанасының болғанын қаламайтын қазақ жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қолжетімді баспана – арман емес, біздің азаматтарымыздың алдындағы міндетіміз» деп атап өткен болатын.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, былтыр елімізде 18,96 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш деп бағалануда.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша 172 089 баспана пайдалануға берілген. Оның 39 064-і – жеке үй. Өңірлер арасында Шымкент қаласы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстары құрылыс қарқыны бойынша көш бастап тұр.

Былтыр Қазақстанның тұрғын үй саясаты үшін бетбұрыс кезеңі болды. Қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. «Отбасы банкі» «бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді. Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерін жекешелендіруге мүмкіндік ұсынылған.

Әлеуметтік осал топтар санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер тарапынан 20 мыңнан астам пәтер сатып алынған. Соның негізінде 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспана иесі атанған.

«Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында былтыр 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартқан. 64 мыңға жуық отбасын қолдауға 1 трлн теңге бөлінген. Осылайша мемлекет жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсетуді жалғастырады. Ал биыл елімізде 19 млн  шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй, 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метрге жеткізу жоспарлануда.

Десе де, мамандар елімізде өткен жылы тұрғын үй бағасының өскенін айтады. Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы қарашадағы мәліметіне сәйкес, елімізде жылжымайтын мүлік нарығында жоғары белсенділік байқалған. Қараша айында баспана сату, сатып алу бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 24,3 пайызға ұлғайған. Сонымен бірге баға да көтерілген. Қазақстанда жаңа баспананың бір шаршы метрі орташа есеппен 499 257 теңге болған, яғни бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,4 пайыз қымбат. Қолданыстағы пәтерлердің бір шаршы метрі орташа есеппен 511 717 теңге болған, яғни ол да 3,4 пайызға қымбаттаған. Баспананы жалға беру ақысы бір жылда 7 пайызға өскен. Баспана бағасы әсіресе үш өңірде қымбаттаған. Ақтөбеде жыл басынан бері жаңа үйлер 11 пайызға, Көкшетауда 10,1 пайызға, ал Таразда 10 пайызға өскені байқалады. Екінші нарықтағы бағалар бойынша Атырауда 16,7 пайызға, ал Астана мен Көкшетауда 9,8 пайызға қымбаттаған.

Жылжымайтын мүлікке инвестиция салу тиімді ме?

Статистика мәліметтеріне жүгінер болсақ, қолданыстағы 50 шаршы метрлік баспана нарықта алдыңғы жылы 24 715 931 теңгеге бағаланған. Ал былтыр қарашада оның құны 25 585 850 теңге болған, яғни  3,4 пайыз артқан. Алайда елімізде  2023 жылғы қарашада доллардың орташа бағамы 459,9 теңге деп есептелсе, былтыр сол уақытта 498,34 теңгеге жетті. Осылайша шартты пәтер құны доллармен есептегенде 53 742 доллардан 51 342 долларға дейін арзандады. Ал  желтоқсанда доллар бағамы 523,72 теңгеге дейін көтерілгенін ескерсек, пәтер бағасы 48 854 доллар (минус 9,1) болып қалған. Жаңа баспана нарығында да осындай өзгерісті байқауға болады. 52 433 доллардан 50 092 долларға дейін арзандаған. Дегенмен пәтерді жалға беру құны өзгере қоймаған (0,8). Желтоқсанда доллар бағасы көтерілгенін ескерсек, пәтерді доллармен жалға алу 5,6 пайызға (431 долларға дейін) арзандаған. Осылайша, бір жылда жаңа және қолданыстағы баспана бағасы теңгемен есептегенде 3,4 пайыз өскен. Бірақ доллармен есептеген уақытта шамамен 10 пайыз арзандағанын көреміз. Ал пәтерді жалға алу бағасы ұлттық валютамен есептегенде 7 пайызға көтерілсе, доллармен алғанда 5,6 пайыз арзандаған.

Сыр елі көш басында, әйтсе де…

Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Отбасы банкі» – қазақстандықтардың баспаналы болуына мүмкіндік беретін басты әрі бірегей институт. Әсіресе, үй кезегінде тұрғандар, әлеуметтік осал топқа жататындарды баспанамен қамтуда үлкен маңызға ие. Осы орайда «Отбасы банктің» облыстағы филиалына барып, тұрғындарды баспанамен қамтуда атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелер, биылғы жаңалықтар жөнінде сұраған едік. 

Бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Шыңғыс Құттықовтың айтуынша, банкте  түрлі бағдарламалар бар.  Былтыр «Наурыз» бағдарламасына өтініш бергендер көп болған, соның ішінде 300-ден астамы мақұлданған. Әйтсе де, олардың бәрін баспанамен қамту мүмкін болмаған. Оның өзіндік себебі бар. Бірінші себебі аталған бағдарламаға қатысушылар облыс орталықтарынан тек жаңадан салынған үйлерден  ала алса, аудан орталықтарынан екінші деңгейлі үйлерді сатып алуға мүмкіндігі бар.

– Былтыр 300-ден астам адам конкурстан өтті. Бірақ біз олардың бәрін баспанамен қамтамасыз ете алмадық. Себебі, бағдарламаның шарты бойынша облыс орталығынан қатысушы тек жаңадан салынған үйлерден  ала алады. Сұраныс өте жоғары болғанымен  айтып өткеніміздей, жаңа үй тауып бере алмағандықтан толықтай қамтылған жоқ. Өйткені бізде  үй салып жатқан құрылысшылар арасында жеке инвесторлар жоқтың қасы, яғни жеке тұрғын үй салу өте  аз. Оның үстіне бағдарламаға сәйкес үй бағасы 30 млн теңгеден аспауы керек. Ал бізде жеке үй салып жатқан бірен-саран құрылыс компаниялары бұл бағадан жоғары сатқысы келеді де бізге бермей, өздері өткізгенді дұрыс көреді. Одан бөлек, өңірде құрылыс компаниялары мемлекеттік бағдарламаларға, яғни жергілікті әкімдіктің тапсырысымен ғана салып жатыр. Сондықтан жаңа үй табу қиынға соғуда. Бұл тек біздің облысқа ғана тән проблема емес, біз секілді өңірлер баршылық,  – дейді бөлім басшысы.

Айта кету керек, «Наурыз» бағдарламасы атында үйі жоқ кез келген жанға арналған. Ол жеті жылға бекітілген. Былтыр бірінші рет жүзеге асырылды. Тағы бір ескеретін нәрсе, «Отбасы банк» бағдарламаларына қатысушылардың міндетті түрде шоты болуы тиіс, яғни белгілі бір мөлшерде ақша жинауы керек. Неғұрлым ұзақ әрі тұрақты түрде ақша жинаса, соғұрлым бағдарлама игілігін көруге мүмкіндігі мол.

– «Ұмай» бағдарламасы бұрыннан бар. Бірақ ол жыл бойы қолжетімді емес және пайыздық мөлшерлемесі  жоғары. Өйткені қаржы біздің банктікі емес, «Азия даму банкіне» тиесілі. Сондықтан қаржы қалай бөлінеді солай басталады. Ай сайынғы төлемі де тым жоғары. Сондықтан біздің өңірден оған қатысушылар өте аз. Оның конкурсы онлайн режимде өтетіндіктен, қаржы қалай бронь жасалады солай аяқталып қалады, яғни үлгерген адам үлгереді, үлгермегені қалып қояды.  Тіпті конкурс басталғанда бір сағат өтпей аяқталып қалғанын да білеміз. Оған үлкен қалалардан көп қатысады.  Ал «Жасыл ипотека» Астана, Алматы қалаларына арналған. Өйткені оның  өзіндік ерекшелігі бар, яғни құрылыс «Жасыл» деген сертификатқа сәйкес келетін құрылыс материалдарынан салынуы тиіс.  Негізінен «Ұмай» мен «Жасыл ипотека» бағдарламасына біздің өңір тұрғындары  тек аталған үлкен қалалардан  үй алу үшін қатыса алады. 

Жалпы біздің облыста банк ашылғалы бері мемлекеттік бағдарламалар тоқтаусыз жұмыс істеп келеді.  Ең танымалдыққа ие бағдарлама – әдепкі «Қолжетімді баспанадан» бастап, кейін атауы  «Нұрлы жер» болып өзгерді, қазір «Тұрғын үй инфрақұрылымын  дамытудың концепциясы» деп аталады. Ол тек әкімдіктің үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топқа жататын және атында баспанасы жоқ адамдарды қамтиды.  Дәл қазіргі кезде кезекке қою функциясы әкімдікте. Бірақ базаларды біріктіру жұмысы жүріп жатыр. Мамыр айынан бастап кез келген атында үйі жоқ адам мейлі ол жеке мекемеде жұмыс істесін немесе қай салада еңбек етсін үй кезегіне тұра алады, – дейді Шыңғыс Нұрланұлы.

Маманның сөзінен түсінгеніміз, бағдарламалардың жүзеге асуы әр облыстың мүмкіндігіне байланысты. Кейбір облыстарда мемлекеттік бағдарламалардың өзі тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Бұл тұрғыда біздің өңір республикада көш басында келеді.  Бұдан бөлек, жастарды баспанамен қамтуда арнайы өңірлік бағдарлама жүзеге асырылуа. Былтыр бірінші рет «Сыр жастары» бағдарламасы бойынша 100 жас отбасы баспаналы болған. Аталған бағдарлама биыл да жалғасын таппақшы.

–    Бұл бағдарламалардан бөлек, кез келген адамның үй алуына мүмкіндік беретін стандартты «30-70» бағдарламасы бар. Бірақ ол да тағы ірі қалаларда жұмыс істеуде. 30 пайыз салып алу үшін банк пен құрылыс компанияларының арасында келісім болуы керек. Құрылыс басталғаннан банк сатуды бастайды. Ал біткеннен кейінгі баға басқаша болады. Бірақ бізде жеке компаниялар жоғарыда айтып өткеніміздей, өздері сатқанды қалайды.  Жеке компаниялар бірен-саран, ал қалғандары тек әкімдіктің тапсырысын орындап отыр, – дейді бөлім басшысы.

«Наурыз жұмыскер»

Елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық мамандарға арналған «Наурыз жұмыскер» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды.    Бағдарлама өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салалары қызметкерлерін қамтиды.  Биыл «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы аясында жұмысшы мамандықтары өкілдеріне 72 млрд теңге көлемінде 2 440 несие беру жоспарланып отыр. Өтінімдерді қабылдаудың басталуы   17 наурызға жоспарланған. «Наурыз жұмыскер» қазірдің өзінде белгілі «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасының бір бөлігі болмақ.

Бағдарлама талаптары бойынша азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін 7% (ЖТСМ 7,1%-дан 9,6%-ға дейін) және қалған барлық санаттар үшін 9%-дық (ЖТСМ 9,4%-дан 13%-ға дейін) мөлшерлемемен несие беріледі. Бастапқы жарна – таза әрлеудегі бастапқы тұрғын үйді сатып алу үшін 10%-дан, әрленбеген бастапқы тұрғын үйді және қайталама нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін 20%-дан басталады. Несиенің ең жоғары сомасы – облыстар үшін 30 млн теңге, Астана мен Алматы қалалары үшін – 36 млн теңге. Сондай-ақ «Наурыз жұмыскер» бағдарламасымен қатар «Отбасы банкі» отандық кәсіпорындармен корпоративтік өнім шеңберінде жұмыс істейтін болады, бұл кәсіпорындардың өз қызметкерлеріне несие беру үшін қаражат бөлуін білдіреді. 

«Президентіміз  «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады.  Кеншілер, металлургтер, тас қалаушылар, электриктер ауыр жұмыс атқарады. Осы және басқа да көптеген мамандық иелері бізді негізгі қажеттілігімізді қамтамасыз етіп отыр. Мұндай мамандарға жасалған қамқорлық – бүкіл қоғамның игілігі үшін жасалған қамқорлықпен тең. Көпшілігі қиын жағдайда жұмыс істейді. Сондықтан олардың баспана мәселесін шешу – қиын еңбек жағдайларының орнын толтыруға септігін тигізеді», – деді «Отбасы банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

– Бұл жаңа бағдарлама қарапайым жұмысшы мамандардың баспаналы болуына мол мүмкіндік бермек. Ол «Наурыз» бағдарламасының бір бөлігі іспетті. Әр облысқа бөлек-бөлек бөлінбейді, жалпы республика бойынша 72 млрд  теңге қаралса, конкурстан өткендер үлесіне, үймен қамту мүмкіндігіне байланысты болады. Қазір кәсіпорындарда кездесіп, бағдарлама туралы жұмысшыларға түсіндірумен айналысамыз, – дейді Шыңғыс Нұрланұлы.

Банк қызметкерінің сөзінен түйгеніміз, біздің өңірде мемлекеттік бағдарламалар қызу жұмыс істеп тұр. Әкімдік тапсырысымен тұрғын үй құрылысы қарқыны бойынша да республикада алдыңғы орында. Тек мәселе жеке инвесторлардың өз қаржысынан жеке үйлер салмауында. Жеке қаржысымен салып жатқандар банкті жолатпай, өздері сатқанды жөн көреді.   Сондықтан да «Наурыз» бағдарламасымен үй алуға ниет білдіргендер арасында Алматы, Астана қалаларынан үй таңдаушыларда мәселе болмағанымен, облыс орталығынан алғысы келгендерге байланысты қиындық бар. 

Қорыта айтқанда, бүгінде баспаналы болуды қамтамасыз ететін бағдарламалар түрі көп. Тек алғашқы жарнаңыз және айлық табысыңыз сай келсе  болғаны.  Жиырма пайыздан басталатын ол 30,50 пайызға дейін жалғаса береді. Демек, тұрғындарды қинайтыны осы алғашқы жарнаны жинау болса керек.  Айлығы шайлығына жетпейтін қарапайым отбасы үшін алғашқы жарнаны жинау  шынында қол жетпес арман емей немене? Қалай болғанда да, әр отбасының өз баспанасы болғанға не жетсін! 

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<