Көп бейінді облыстық аурухананың урология бөлімшесіне жоспарлы түрде «Сол жақ бүйрек ісігі» диагнозымен науқас келіп түскен. Түскен кезде сол жақ бел аймағында ауырсынуына, артериялық қан қысымы жоғарылап, жалпы әлсіздікке шағымданған.
Науқасты бұл шағымдар екі жыл бойы мазалап келген. Жергілікті емханада ультра дыбыстық зерттеу кезінде сол жақ бүйрек кистасы анықталған. Диагнозды нақтылау үшін бүйрегін қайта компьютерлік томографияға түсірген. Томография түсірілімінен соң «сол жақ бүйректің жоғарғы полюсінің ісігі. Көлемі 12,0х10,0х11,0см» деген қорытынды жасалған.
Сырқат жан өз бетінше Астана қаласында емханаға қаралған, бірақ науқаста киста көлемінің тым үлкен болуына және де қауіпті жерде орналасуына байланысты олар оперативті емнен бас тартқан.
Жергілікті емхана оны жолдамамен жоспарлы оперативті емге Қызылорда облыстық көпбейінді аурухананың урология бөлімшесіне жолдайды. Ауруханада дәрігерлер кеңесінде емалушының жағдайы тақыланып, компьютерлік томография суреттері қайта қаралып, ісік сол жақ бүйрек үсті безінен шығып тұрғаны анықталған. Салдарынан ісік көлемінің үлкендігінен сол жақ бүйректі төмен ығыстырып сол жақ бүйректің қызметін төмендеткен. Сондай-ақ кистатың жоғарғы жағы талаққа тығыз жабысқаны белгілі болған.
Жағдайдың күрделілігін және ісік көлемінің үлкендігін ескеріп Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымының кандидаты Сәбит Пазиловтың қатысуымен консилиум өтті. Білікті мамандар консилиумда науқасқа бүйрек үсті безінің кіші инвазивті хирургиясы қажет деп тауып «Лапароскопиялық адреналэктомия» отасын жасау керектігін ұйғарды.
Лапароскопиялық ота – бұл бүкіл медцицина әлемі қолдайдын әдіс. Бұл әдіс минимальды инвазивті және науқасқа жарақаты аз болатын әдіс. Отадан кейінгі асқынулардың пайызы төмендейді. Бұл әдіспен жасаса отадан кейін 1-ші тәулікте науқастарды орнынан тұрғызып толық қанды жүргізуге мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде науқастардың ерте реабилитациясына қол жетімді.
Ота алды дайындықтан кейін жалпы жансыздандыру арқылы науқасқа «Лапароскопиялық адреналэктомия» отасы жасалды. Ота бригадасында оташы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымының кандидаты Сәбит Бексейітұлы болды. Асисстентті Еркін Искаков, анестезиолог Әуесхан Сатмағамбетов, мейіргер ретінде Айсұлу Бекқожа қатысты. Ота кезінде ісікті алып тастады. Елу минутқа созылған ота сәтті өткен. Науқас 10 мл. қан жоғалтқан. Қазіргі таңда жалпы палатаға ауыстырылды.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<