Басқармаларда жаңа басшылар

903

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге орай актив отырысы өтті. Жиында Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасының басшысы таныстырылды.

Басқармаларда жаңа басшылар

Облыстық бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімімен Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына Ысмағұлов Болатбек Әбдулхайысұлы тағайындалды.

Облыс әкімі басқарма басшысын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

– Болатбек Әбдулхайысұлы – түрлі басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған, мемлекеттік қызметте шыңдалған маман.

Жаңа басшы тізгінін ұстаған күрмеуі қиын салада Мемлекет басшысы жүктеген және Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ауқымды жұмыстар атқарылуы керек. Алда жылу беру маусымы, биыл жүйелерді жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінді. Қазір қалада 9 шақырым жылу жүйелері ауыстырылуда. Ендігі кезекте осы бөлінген қаржыны тиімді, уақытылы және сапалы игеруіміз, басталған жобаларды мерзімінде тапсыруымыз керек, –деді облыс әкімі.

Актив отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз алып, басқарма басшысын жаңа қызметімен құттықтады.

Болатбек Әбдулхайысұлы 1964 жылы дүниеге келген. Алматы энергетика институтын «Электрмен жабдықтау», Қарағанды экономикалық университетін «Қаржы» мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1981 жылы Шиелі ауданындағы «Гигант» колхозының механизаторы болып бастаған. 1984-1997 жылдары жеке секторда түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

1997-2012 жылдары «Қазпошта» акционерлік қоғамы Шиелі аудандық пошта байланыс торабының бастығы лауазымында еңбек еткен. 2012-2022 жылдары Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің сектор меңгерушісі, аудандық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

2022 жылдан бастап осы кезге дейін Шиелі ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болған.

***

Кеше сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында бірыңғай конкурстық комиссия шешімімен Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына Сыздықов Жәнібек Шәкімбайұлы тағайындалғаны хабарланды.

Басқармаларда жаңа басшылар

Облыс әкімі басқарманың жаңа басшысын таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті маңызы бар жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту туралы тапсырма берді. Бүгінде өңірдегі жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жай-күйі 82 пайызды құрайды. Биыл бұл көрсеткішті 87 пайызға жеткізу үшін 585 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге бюджеттен 36 млрд. теңге бағытталды. Бөлінген қаржы өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге артты. Дегенмен, қол жеткізген нәтижелерге тоқмейілсімей, бұл жұмыстарды одан әрі жандандыруымыз керек», – деді аймақ басшысы.

Актив отырысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев басқарма басшысын жаңа қызметімен құттықтады.

Жәнібек Шәкімбайұлы 1987 жылы дүниеге келген.

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Құрылыс» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2008 жылы «Қазавтожол» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қызылорда облыстық филиалында жол жұмысшысы болып бастаған.

2009-2013 жылдары жеке және мемлекеттік жол құрылысы мекемелерінде еңбек еткен. 2013-2023 жылдары «Автомобиль жолдары басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бөлім бастығы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымдарында болған.

2023 жылдың сәуір айынан бастап осы кезге дейін Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<