Басқару қызметін модельдеу: мектеп басшыларына арналған семинар өтті

65

0

Фото: Өрлеу Қызылорда

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалы мен Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы Әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде мектеп басшыларына арналған «Басқару қызметін модельдеу» тақырыбында облыстық семинар өтті.

Семинардың мақсаты басқару қызметін тиімді модельдеудің теориялық және практикалық негіздері бойынша ұйымдық процестерді талдау және басқару шешімдерін қабылдау үшін заманауи модельдерді қолданудың маңыздылығын көрсету болып табылады.

Әдістемелік семинарға «Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының кафедра меңгерушісі Ұлтай Ешимова, аға оқытушысы Орынкүл Мыханова, аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов, өңірдегі мектептердің директорлары және мектеп-лицейдің педагогтері қатысты.
Семинардың кіріспе бөлімінде қатысушылар мектептің арнайы жабдықталған оқу кабинеттерін, шеберханалар мен спорт залын аралап, үйірмелердің жұмысымен танысты. Сонымен бірге «Басқару қызметін модельдеу» атты көрмеде жасанды интеллектке негізделген және арнайы пульт арқылы басқарылатын «ақылды ит» роботтары таныстырылды.

Семинардың екінші бөлімінде лицей мұғалімдері «PISA тапсырмаларын оқу үдерісіне кіріктіру», «Геометрия пәнінде қосымша қолданбалар арқылы сабақты тиімді өту», «Орталық жүйке жүйесі. Мидың атқаратын қызметі мен құрылысы» тақырыптарында тәжірибелік сабақтар көрсетіп, коучинг өткізді.

Әдістемелік шараның тәжірибелік бөлімінде Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов Zoom платформасы арқылы «Білім беру мазмұнына құндылықтарды кіріктіру тәсілдемесі» тақырыбында баяндама жасады.

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша филиалының тренерлері Ұлтай Ешимова мен Орынкүл Мыханова оқытуды басқаруға, басқару қызметін заманауи модельдеуге және педагогтердің кәсіби құзыреттілігін үздіксіз жетілдіруге бағытталған педагогикалық проблемаларды шешуді іске асырудың тиімді жолдарын ұсынды. Сонымен қатар, мектеп директорлары жасанды интеллект, IT математика, шебер педагогтер шеберханасы, түлектер қауымдастығы, жобалау жұмысын стратегиялық жоспарлау және дамыту бағытындағы жұмыстарын таныстырып, тәжірибе алмасты.

Мектеп басшыларының басқару қызметін тиімді модельдеудің теориялық және практикалық негіздері бойынша білім сапасын басқаруда кәсіби дағдыларын жетілдіруге бағытталған әдістемелік шаралар жыл бойы жалғасатын болады.

Орынкүл Мыханова,

«Өрлеу» Қызылорда облысы бойынша

филиалының аға оқытушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<