Бастауыштағы барлық бала  ыстық тамақпен қамтылды

604

0

Фото: ашық дереккөз

Кешеден бастап облыстағы барлық мектептің бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтылуда. Мұндай жақсы жаңалықты естіген қала тұрғыны, көпбалалы ана Лаура Тасқараева бастауыш сыныпта оқитын балалары үшін қуанышты екенін айтады.

Мен қазір бес айлық баламмен үйде отырмын. Екі үлкенім Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінде оқиды. Бала күтіміне дейін облыстық  жедел жәрдем стансасында фельдшер болып жұмыс істедім. Біздің жұмыстың жауапкершілігін қандай екенін білесіздер. Кешке дейін кезекшілікте жүреміз. Балаларымызға қарауға, оларға уақытылы ыстық тамағын дайындап беруге мүмкіндігіміз болмайтын. Таң азаннан қара кешке дейін жұмыста жүретін аналар үшін қуанып отырмын. Енді өсіп келетін жас ағза үшін дәруменге толы тағамдар жеу маңызды. Ал оны кей ата-ана тауып берер, енді бірінің жағдайы көтермейді. Жағдайы барлардың өзі жұмыстан шығатын мүмкіндігі болмайды. Үйі мектептен алыс тұратындар бар. Олар жол-пұлға қосып күнделікті мектептің асханасынан сатып алатын тағы қосымша ақша салып береді. Оқушылардың арасында қалтасындағы тиынын дүкендегі пайдасыз чипсы мен колаға жұмсайтындары бар. Енді балаларымызға артық ақша бермейміз. Бұл қаржылық жағынан аз да болса көмек, – дейді ол.

Осы уақытқа дейін мектептерде әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары ыстық тамақпен қамтылса, бұдан былай бастауыш сыныптың барлық оқушыларына тегін тамақ беріледі. Жалпы облыс бойынша 295 мектеп  болса, оның  6-ы – мектеп-интернат. Орта мектептердің 95%-да асханамен қоса буфеттер  жұмыс жасайды, 4 мектепте буфеттік тамақтану ұйымдастырылған. Жекелеген санаттағы балаларды тегін тамақтандыру бойынша 2022 жылы 33 061 бала қамтылған. Облыстық бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорынан тегін ыстық тамақпен қамтуға 2,5 млрд теңге бөлінді.

Бүгінде облыс бойынша 1-4 сынып аралығында 70863  бала білім алады. Оның ішінде қолдауды қажет ететін отбасыдан 14962 бала тегін ыстық тамақпен қамтылып келсе, биылғы жылдың 9 қаңтарынан бастап 1-4 сыныпта білім алатын (55901 бала) қалған оқушылар да тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатта бөлінген қаржы 5,1 млрд теңгені құрайды. 

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, білім беру ұйымдарында ас мәзір нормалары «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 Қаулысын басшылыққа алып жасақталған. Білім беру асханаларында тағам рационы Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттар» әдістемелік ұсынымдарына сәйкес перспективалық маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) төрт  апталық мәзір жасалып, құнарлы тағамдар дайындалып берілуде.

Мәзірді әзірлеу кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жас санаты ескеріліп, витаминдік-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделген. Бір мезгіл тамақтану құны орташа есеппен 557 теңгені құрайды. Осыған сәйкес 1-4 сыныпта білім алатын 70863 оқушы, 5-11 сыныпта қолдауды қажет ететін 17382 бала, барлығы 88245 бала тегін тамақпен қамтылуда. Оған 7,6 млрд теңге қаржы бөлінген.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<