Басты бағыт – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту

1436

0

Әлемнің көптеген елдерінде экономикалық өсуге кедергі келтірер тәуекелдердің бірі жұмыс орындарын жоғалту болып отыр. Бизнес құрылымдар жетекшілерімен жүргізілген сауалнама биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында жалпы экономикалық ахуал жақсарып кетеді дегенге күмәнмен қарайтынын көрсетті. Дегенмен, сарапшылар 2021 жылдың екінші жартысына әлем экономикасында оптимистік сценарийді болжап отыр. Оны эпидемиологиялық ахуалдың жақсаруымен және COVID-19-ға қарсы жаппай вакцинация жүргізумен байланыстырады.

Иә, 2020 жыл біздің еліміз үшін де сындарлы уақыт кезеңі болды. Әлем­дік пандемия халықты адам­зат тарихындағы аса күр­делі қиындықтармен бет­пе-бет әкелді. Ол біздің қа­лыпты тіршілігімізге бі­раз өзгерістер енгізді: халық­ара­лық шекаралар жабылып, кәсіпорындар қызметін тоқ­татты, экономикалық да­му біршама бәсеңдеді.

Бірақ Мемлекет басшысы қабылдаған шаралар экономиканы құлдыратпай, оны тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Тұрақты табыс пен халықтың өмір сүру сапасы ең маңызды басымдықтар болып қала бермек. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің 2021 жылғы негізгі мақсаты экономикалық өсімді 3% қам­тамасыз етіп, негізгі ка­питалға салынатын инвестицияны 20%-ке, жалпы ішкі өнім ішінде шағын және орта бизнес үлесін 30%-ке дейін, ал ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін 1,4 есе көтеру көзделген. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібі өсімін 10%-ке жеткізіп, жұ­мыссыздық деңгейін 4,9%-ке түсіру міндеті қойылған.

Бұл – жақында өткен Үкі­мет отырысында Премьер-Министр А.Мамин кел­­тір­ген мәліметтер. Оның атап өт­кеніндей, не­гізгі ба­сым­дық экономиканы әр­тарап­тандыруға бағыт­талады.

Ал 2021 жылдың 29 қаң­тарында өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Даму жос­пары бойынша 2025 жылға қарай өсім деңгейі 5%-ке артып, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 35%-ке дейін, негізгі капиталға тартылған инвес­тициялар көлемі ЖІӨ-нің 30%-не дейін, шикізаттық емес экспортты 2 есеге, яғни, 41 миллиард теңгеге дейін, еңбек өнімділігін 45%-ке ұлғайту негізгі көрсеткіш болатынын мәлімдеді.

Осы орайда еліміздің бар­лық аймақтары Президент пен Үкімет тарапынан қойылып отырған тапсырмаларды орындауға бел шеше кірісіп кеткенін айта кету керек.

Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы Қызылорда облысы­на экономикалық көмек көр­сету қажеттігі туралы тап­сырма берген болатын. Тапсырманы орындау мақ­сатында тиісті орталық мем­­лекеттік органдармен об­лыстың инвестициялық жо­­балары бойынша жұ­мыс­тар жүргізіліп, нәти­жесінде жалпы құны 85,5 млрд тең­гені құрайтын 74 жоба анық­талды. Жобалар 2021-2023 жылдары жүзеге асырылады.

Ал «2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысын дамыту» бағдарламасы бойынша алдағы 5 жылдықта өңірде бірінші кезекте ше­шуді қажет ететін негізгі проблемалық мәселелер қам­тылған. Сондай-ақ, ха­лық тарапынан көтерілген өзек­ті мәселелер де назардан тыс қалмады. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы өңір экономи­ка­сын әртараптандыру бойын­ша нақты шаралар қабыл­да­нуда. Бұл бағытта облыс бо­йынша ірі 15-тен астам ин­вестициялық жобалар іске асырылатын болады.

Екіншіден, жақсы және қанағаттанарлық жағдай­да­ғы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін арттыру мақсатында жергілікті маңызы бар 578,9 шақырым жергілікті жол­дар­ға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары, 12 кө­пірге күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізіледі.

Үшіншіден, халықты тұр­ғын үймен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін ал­дағы 5 жылға келесідей мін­деттер қойылып отыр. Олар – 3 млн 782 мың шаршы метр тұрғын үй салу (шамамен 6458 пәтер және 27 856 жеке тұрғын үй), құрылыс салу аудандарының инженерлік-коммуникациялық ин­фрақұ­рылымын дамыту және жай­­ластыру, тұрғын үй құ­ры­лысына жеке инвестиция­ларды тарту. Биыл жалпы ауданы 644,7 мың шаршы метрді құрайтын, барлығы 5607 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл мақ­сатқа мемлекеттік бюджеттен 8 млрд теңге (РБ – 4,7 млрд, ОБ – 3,3 млрд теңге) қаржы бөлінді.

Төртіншіден, ауылдық елді мекендердің газбен қам­тамасыз етілуі үшін об­лыстың 17 елді мекенін газ­дандыру жұмыстары жүр­гі­­зілетін болады. Соның ішін­де, 2021-2022 жылда­ры 11 елді мекенге газ жет­кізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, бұл тізімге Қы­зыл­орда қа­ласы Наурыз және Махамбетов ауылдары, Арал ауданы Сексеуіл кенті, Қармақшы ауданы Төре­там кенті және Ақай ауылы, Жалағаш ауданы Ақсу ауылы, Сырдария ауданы А.Тоқ­мағамбетов ауылы, Шиелі ауданы Қодаманов, Алғабас, Ақмая ауылдары, Жаңақорған ауданы Бірлік ауылы кіреді.

Бесіншіден, агроөнеркә­сіптік кешенді дамыту мақ­са­тында 87 инвестиция­лық жобаны жүзеге асыру жос­парлануда.

Бұдан бөлек, өткен жы­лы облыстың 2023 жылға дейінгі «Экономикалық картасы» әзірленіп бекітілгені белгілі. Ол экономиканың түрлі салаларында жалпы құны 271 млрд теңгені құ­райтын 265 жобаны іске асы­руды көздейді (4610 тұ­рақты жұмыс орны құры­лады).

Биыл жалпы сомасы 52 млрд теңгенің 7 жобасын, оның ішінде шыны зауытын іске қосу жоспарда бар. Бұл 670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бе­реді. Ірі зауыт айналасында кемінде 8 өндіріс орнын құру көзделген. Оның ішін­де шыны-плас­ти­калық құбыр, шыны тал­­шықтар, айна, шыны ыдыс­тар мен тара өндіру бо­йынша 3 жобаны іске асыру бойынша жұмыстары басталып кетті.

Бір сөзбен айтқанда бұл іс-әрекеттер өңір хал­қы­­ның өмір сүру сапасын жақсартуға, экономи­каны да­мытуға, жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыс­сыздықты азайтуға ықпал ететін болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<