Мемлекет басшысы судьялар съезінде азаматтардың соттар мен құқық қорғау органдарына деген сенім деңгейін арттыруға айрықша назар аударған болатын. Өйткені еліміздің азаматтарының сапалы да әділетті сотпен қорғану құқығын қамтамасыз ету, азаматтардың сотқа деген сенімін одан әрі арттырып, Конституция мен заң талаптарының бұлжытпай орындалуы, сот төрелігінің әділдігі мен толық орындалуы – еліміздің кемел болмысының көрінісі екені белгілі.
Елімізде сот жұмысының жариялылығы мен ашықтығына баса назар аударылып келеді. Қарапайым халықтың сотта қаралып жатқан істер бойынша мол мағлұмат алуына қолайлы жағдай жасалды. Бұл орайда мерзімдік басылым өкілдері сот отырыстарына қатысуына мүмкіндік бар. Нәтижесінде халық әрбір қаралған іс бойынша жан-жақты мәлімет алуына болады.
Демократиялық қоғам құрудағы негізгі талаптың бірі – әділ сот төрелігі. Сол арқылы елімізде тұратын әрбір азаматтың бұзылған құқығын қалпына келтіріп, олардың мүддесін қорғауға жол ашылады. Әрине, сот төрелігіне екі тарап та жүгінеді. Әділдіктің ақ туын желбірете отырып, жәбірленуші тараптың мүддесін қорғауға назар аударылады.
Ашығын айтсақ, сот жүйесінің беделі халықтың оған деген көзқарасынан айқындалады. Жалпы, халық үшін соттың жұмысы қолжетімді болуы қажет екені белгілі. Бұл орайда бұқаралық ақпарат құралдарының алатын орны ерекше.
Сондай-ақ, мемлекет тарапынан судьялардың кәсіби деңгейін арттыра отырып, олардың біліктілігін көтеруге барынша көңіл бөлініп келеді. Сол арқылы сот жүйесін жаңғыртуға, сот өндірісінің жаңа моделін құруға жол ашылды.
Ал, соттардың имиджіне – судьяның сыртқы келбеті, ауызша және жазбаша сөйлеу өнерін меңгеру, яғни өз ойын сауатты жеткізу, құқықты білу, моральдық мінсіздігі, судьяның іскерлік этикет ережелері мен этикалық нормаларын сақтау жатады. Осы орайда судьялардың өздері де соттардың оң имиджін қалыптастыру – әрбір судья мен сот қызметкерінің міндеті екендігін жасырмайды. Сондықтан да судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінен тең құқылықты сақтау, азаматтарға құрметпен қарау, менмендіктен арылу, азаматтардың құқықтарын қорғауға жәрдемдесуге ұмтылу талап етіледі. Өйткені, сарапшылар сөзіне қарағанда, дәл осы шаралар қоғамда соттарға деген сенім деңгейін қалыптастырады. Міне, біле білсек, судьялық әдептің жаңа кодексінде осы міндеттер айқындалған. Ендеше барлық судьялар Судьялық әдеп кодексінің талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс.
Жалпы сот жүйесінің имиджі – соттарға жүктелген міндеттердің тиімді жүзеге асырылуымен, азаматтардың соттарға қолжетімділігі мен жеңілдетілген құжат айналымымен қалыптасады. Сондай-ақ, сот имиджінің басым бағыттарының бірі – құқықтық мәдениет деңгейін арттыру. Себебі, болашақ ұрпақты қалыптастыруда құқықтық мәдениеттің маңызы зор.
Қорыта айтқанда соттардағы ауқымды реформалар – азаматтардың араларындағы даулардың оңтайлы шешілуіне, өз құқықтарының сот жүйесінде кәсіби қорғалуына зор үлесін тигізіп келеді.
Таңшолпан АЛТЫНБАЕВА,
Қызылорда қаласының
№2 сотының жетекші маманы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<