Басты мәселелер бақылауда

327

0

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанын­дағы арнайы мониторингтік топ мүшелерінің отырысы өтті. 

Отырыста қалалық тұрғын үй-ком­муналдық шаруа­шы­лығы және тұрғын үй инспекциясы бөлі­мі басшыларының атқарған жұмыстарының нәти­желері тыңдалды. Сонымен қатар спикерлер коммуналдық қыз­мет­тердің жұмысын трансформациялау мәселесіне тоқталды.

– «Энергосервис» ЕЖШС орта­лығында тұтынушыларға қызмет көрсету үшін бар жағдай жасалып отыр. Бізде қазір сапалы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша күту орындары, мультикасса және саsh-терминал, ауаны кондиционерлеу жүйелері түзетілді. Операторлар саны өсіп, қызметкерлер арнайы киімдермен қамтамасыз етілді. Қолжетімді жерде қызмет алу тәртібі және энергияны тұтыну есебі туралы ақпараттық тақта орнаттық. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де көмекшіні шақыру батырмасы, пандустар және еденге тактильді тақталар орнатылған және бөлек касса қызмет көрсетеді. Бүгінде мекемеде 130 қызметкер бар, тұтынушылардың 30 проценті саsh-терминал және онлайн қызметін пайдалануда. Енді олардың жылу, электр жарығы, тұрғын үй қызметі және тазалық қызметіне бір кассадан төлеуіне мүмкіндік бар. Облыс бойынша 700 терминал арқылы электр жарығы үшін төлем жасауға болады. Цифрландыру бойынша қажетті жұмыстар жүруде, бұл ретте мекеме сервистері трансформацияланып, бірыңғай төлем құжаты енгізілгенін айту керек. Бұған қоса Android операциялық жүйесінде қаңтар айынан бастап жаңа мобильді бағдарлама іске қосылды. Тұтынушының PlayMarket мо­биль­ді қо­сымшасынан «Энергосервис» бағдарламасын жүктеп алып, төлем жасап, қарызын білуге және басқа да ақпарат алып отыруына да болады, – деді «Қызылорда жарығы» холдингтік бірлестігінің атқарушы директоры Еркебұлан Есенбаев.

Жиында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Сәрменбаев салада біршама ауқымды жұмыстар жүргізіліп отырғанына тоқталып, қай кезде де тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайтынын жеткізді. «Қызылордажылуэлектр орта­лығы» МКК директоры ­Руслан Нұрма­ғамбетов те биыл жылу беру маусымы аяқталғанға дейін оның бақы­лауда ұсталғанын, қазірден бастап алдағы уақытқа дайындық жұмыстары пысықталатынын айтты. Тұрғындардың қордаланған қарызын қайтару мәселесі де сөз болды. Отырыс  барысын­да топ мүшелері халықтың көкейін­де жүрген және әлі күнге дейін шешімін таппаған өзекті мәсе­ле­лерді көтеріп, анықталған кемші­лік­тер бойынша тиісті шара қабыл­дауға ұсыныстар берді. Нақты міндеттерді жүйелеп, бірлескен жұмыстардың қолға алынатынына сенім білдірді.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы».

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<