«№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауындағы басым бағыттарды талқылаған жиын өтті. Оған «Сыр мейірімі» қоғамдық қорының төрайымы Сапура Әбдрахимова, Тасбөгет кенті қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ақылбек Арыстанов, қалалық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Қиясова, мекеме мамандары мен ардагерлер қатысты.
Жиында «Сыр мейірімі» қоғамдық қорының төрайымы Сапура Әбдрахимова биылғы Жолдауда әлеуметтік экономикалық дамудың маңызды басымдықтарын жаңғырту міндет етіп қойылғанын айтып, ел дамуына тың серпін беретін бағыт-бағдарлар айқындалғанын жеткізді. Жаңа бағдарламалық құжат қарапайым тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын айтқан Ақылбек Арыстанов Жолдаудағы негізгі 6 басымдыққа ерекше тоқталып өтті.
– Жолдау, ең алдымен, мемлекет дамуын бағдарлайды, алдағы міндеттерді саралауға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді, – деді.
Мұнан кейін сөз алған қалалық жұмыспен қамту бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Қиясова Елбасының тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсетінін айтты. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмектер мен жастардың жұмыспен қамтылуы бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Жиын соңында жиналғандар өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сара АДАЙБАЕВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<