Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген өңір. Қырында төрт түлік төлдетіп, Сыр беткейінде жайқалтып бақша, егіс еккен ауданның жұртшылығы өзге де кәсіптің қыр-сырына қанық. Кейінгі жылдары аяқсу тапшылығы қазалылықтарды алаңдатып отырған.
«Су – тіршілік нәрі» деген қағида соңғы уақытта өзінің бәсін биіктете түскенін көзбен көріп те жүрміз. Өткен жылы аяқсудың жетіспеушілігі Қазалы ауданында қатты білінді. Соның салдары бірқатар жеке кәсіпкерлердің мал азығына қажетті шөп дайындауына, ала жаздай бейнеттенген бақшасынан жиналатын өнімнің кемуіне әсерін тигізді.
«Егінші жылда арманда» деген бар. Әр жылдан үміт күту – қарапайым ғұмыр кешкен көпшіліктің бойына сіңген дағды.
16 наурыздан бастап Сырдария өзені мұз құрсауынан тазаруына байланысты «Оң жаға» арнасынан саға алатын «Басықара» каналына су жіберілді. Негізгі мақсат – көктемгі экологиялық судың есебінен Әйтеке би кентінің Қарақұм беткейіндегі «Құмкөл», «Марқакөл» және тағы басқа көлдер мен жайылымдықтарға су жіберу.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мнажадин Өтеевпен бірге «Құмкөл», «Марқакөл» және тағы басқа көлдеріне су жіберетін «Абдулла аша» каналына арнайы барып, көлдер мен жайылымдықтарға су жіберу мәселесін талқылады.
Айта кетерлігі, «Абдулла аша» каналына «Қазалысушар» өндірістік учаскесі арқылы механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<