Республика күніне орай қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Батамен ел көгерер» атты байқау өтті.
Байқауға 14 ақсақал қатысып, бақ сынады. Сайыстың алғысөзін қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахизат Төребаев алып, бата берудің мән-мағынасын түсіндірді.
– Халқымыз «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ айтылған сөзге, тілеген тілекке, берілген батаға ерекше мән берген. Ұрпақтарын ізгілікке жетелеп, ақ батасымен әр шаңырақты шуаққа, жақсылыққа жетелеп жүрген қарияларымызға бүгінгі сайыста сәттілік тілеймін. Халықтың ризашылығына ие болған мұндай іс-шара салт-дәстүрімізді дәріптеуде, жастардың рухани байлығын арттыруда маңызды орын алары сөзсіз, – деді ол.
Аталған сайыс 3 кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде қатысушылар тарихта есімі сақталған тұлғалардың батасын нақышына келтіре айтып шықты. Екінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрлерге арналған бата түрінен бақ сынады. Үшінші кезеңде сайыс тақырыбына орай викториналық сұрақтарға жауап берді.
Оған Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Хұсейін Әмір-Темір, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының жетекшісі Қаршыға Есімсейітова, Ақпарат саласының үздігі Кенжалы Ерімбетов қазылық етті.
Қазылар алқасының шешімімен «Ақсуат» ауылдық округінің тұрғыны Шаймұханбет Әбсадықов 1-орын иегері атанды. Жүлделі 2-орынды «Өрлеу» бастауыш ұйымынан Кенжебай Қалиев алса, 3-орын «Қосшыңырау» ауылдық округінің тұрғыны Қыдырбай Байкеновке бұйырды. Сайыс соңында қатысушы ардагерлер арнайы дипломдармен марапатталып, ынталандыру сыйлығына ие болды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<