Батаның берері көп

1370

0

Ойтүрткі

           Үлкендердің батасын алмай іске кіріспейтін біз үшін оның маңызы зор. Бата – ұлтымыздың ежелден қалыптасқан рухани құндылықтарының бірі. Жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеуде теңдесі жоқ. Десе де оның берекесін кетіріп жүргендерді көргенде не айтарыңды білмейсің.

         «Бата беріңіз» десе, тілек айтып, «сол үшін алып қояйық» деп көптің алдында күлкіге қалып жатқандарды да көз көріп жүр. Жасының үлкендігін ескермей, 10-15 жолдық батаны жаттамай, дайындықсыз  той-жиынға келетіндер жастарға қандай өнеге береді?

          Бабаларымыз бата беруге аса талғаммен қараған. Оны кез келген адам емес, аузы дуалы, елге сыйлы ақсақал беретін болған. Мән-маңызы, өзіндік жоралғысы бар. Алыс сапарға шығарда қадірлі ақсақалдардан арнайы барып бата алады. Жас жұбайларға, нәресте туғанда, тойларда қадірлі қариялардан ақ бата сұраған. Аузы дуалы ақсақалдардың батасы қабыл болып, тіпті тарихта ондай баталар ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Халық арасында ғасырлар бойы сақталып келе жатқан баталар бар. Мысалы, Төле бидің Қойгелді биге берген батасы, Шәукеннің Бөлтірік шешенге берген батасы, Соқыр Абыздың Жәнібек батырға, Қарасай батырдың балаларына, Келіннің келіндеріне, Б.Момышұлының берген баталарын халық жаттап алған. Сондықтан бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан.

 –    Жаңақорған ауданы, «Бірлік» ауылының тұрғыны Айгүл Қасымбекова батаның түр-түрін жатқа айтады. Ұйымдастырылған сайыста жүлделі орын иегері атанған. Дана әжей бата туралы  кітаптарды арнайы сатып алады екен. Қазір жасымыз үлкейіп, барған жерде бата сұрайтын болған соң бір айтқаныңды айта беруге ұяласың. Содан соң өзіме де бата жаттаған ұнайды. Ол жадыны қалыпта ұстауға да пайдалы. Күнделікті дастарқан басында ас қайырғанда да бата береміз. Енді оны немерелеріме үйретудемін, – дейді ақ жаулықты ана.

Иә, ұлттық құндылығымыз бата жайында көп нәрсе айтуға болады. Оның бүгінгі ұрпақ арасында насихатталуы да кемшін емес. Жыл сайын батагөйлер арасында сайыс та ұйымдастырылып тұрады. Бұл құптарлық іс, әрине.

Қаракөз ШАЙЗАДА,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

 4-курс студенті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<