Жанқожа батыр атындағы ауыл – Қазалы ауданындағы ең көрікті мекеннің бірі. Тіректі елді мекендегі асфальт жолдар, жарқыраған түнгі жарық, жаз күндері жайқалған жасыл желек, сапалы ауыз су, еңселі балабақша, әсем спорт кешені, мәдениет үйі, мектеп, жаңадан бой көтеріп жатқан мешіт, саябақ – бәрі-бәрі мұндағы ағайынның берекелі тірлігін аңғартады.
Осындағы спорт кешенінде тоспа доптан мекемелер арасында жарыс ұйымдастырылды. Спорт кешенінің меңгерушісі, танымал спортшы Ғанибек Рзабай жаңа ғимаратта алғашқы шарасын өткізді. Ғанибектің ұжымы білікті бапкерлерден жасақталған екен. Бір байқағанымыз, батыр атамыздың есімін иеленген ауылда спортқа бүйрегі бұратын жандар баршылық көрінді.
Сайысқа қатысушылар алдында Арықбалық ауылдық округі әкімі Сапарбек Қуатов, №17 Қазалы ауданының олимпадиалық спорт мектебінің директоры Қуанған Бәкен, «Сарқұл қожа» мешітінің имамы Мұратбек Бәлкеев, еңбек ардагерлері Мнаж Хайруллаев, Қожас Медеубаев, белгілі кәсіпкер Қонысбай Ниетәлиев тілектерін білдіріп, ауыл ақсақалы Айжарық Жұмағалиев бата берді.
Бірнеше сағатқа созылған жарыс көрермендерін еш жалықтырмағанын байқадық. Біз мұнан Елбасының бұқаралық спортты дамытуға берген тапсырмасының көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып жатқанына куә болдық. Бұл жарыста ауылдағы спорт кешенінің командасы жеңімпаз атанды. Ал екінші, үшінші орындарды № 94 мектеп, ауыл жастары командалары иеленді. Жеңімпаздар арнайы диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қазалы ауданы.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<