Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесті.
Мемлекет басшысы Президент Ильхам Әлиевті 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, оның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, бауырлас әзербайжан халқына бақ-береке тіледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің қазақ-әзербайжан көпжақты ынтымақтастығын нығайтуға қосқан жеке үлесін жоғары бағалап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ильхам Әлиевтің абыройлы басшылығымен Әзербайжанның әлеуметтік-экономикалық даму ісінде және халықаралық аренада толағай табысқа жеткенін айтты.
Президенттер келесі жылы жоғары деңгейде кездесу өткізуге уағдаласты.
Химия өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында депутаттар отандық химия өнеркәсібін дамытудың келешегіне қатысты мәселелерді талқылады.
Комитет хатшысы Ерік Сұлтанов отырыс барысында химия өнеркәсібі Қазақстанның басымдыққа ие әрі стратегиялық маңызды салаларының бірі екенін атап өтті. оның әлеуеті өте жоғары және дамыған сала отандық экономиканың негізгі драйверіне айналуы мүмкін екенін жеткізді.
Сенаторлар өткен жылдың күзінде болған «Еліміздің кіріс әкелетін саласы ретіндегі химия өнеркәсібін дамытудың ағымдағы жай-күйі және перспективалары туралы» тақырыбына арналған «дөңгелек үстел» қорытындысы бойынша Үкімет атына тиісті ұсынымдар жіберілгенін хабарлады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Марат Қарабаев өз кезегінде оларды іске асыру барысы туралы айтып берді.
Көлік тасымалының түйткілдері
Бизнестегі проблемалық мәселелер Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ә. Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында талқыланды.
Жиын барысында «Атамекен» ҰКП өкілдері кәсіпкерлер көтерген бірқатар мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, көлік тасымалы саласын субсидиялау және тозығы жеткен автобустардың мәселелері сөз болды. Биылғы жылы әкімдіктер қалалық маршруттарды субсидиялауға 2020 жылмен салыстырғанда 75%-ке артық қаражат бөлді. Премьер-Министрдің орынбасары тиісті министрлікке тоқсан сайын әкімдіктердің қалалық жолаушылар көлігін дамыту жөніндегі іс-шаралар кешенін және субсидиялауды қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы заңнаманы іске асыруды тексеру жұмысын жалғастыруды тапсырды.
Биылғы жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасында автомобиль көлігімен халықаралық жүк тасымалдауды дамытудың жол картасы қабылданған болатын. Жиында халықаралық автомобиль көлігі операторларын 2025 жылға дейін жүк көлігі тартқышы үшін төленетін бастапқы тіркеу жарнасынан босату мәселесі көтерілді. 2020 жылдың 2 шілдесінен бастап 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін халықаралық жүк тасымалы үшін сатып алынған жүк көлігі тартқышы бастапқы тіркеу жарнасынан босатылды. Бұл шараны 2025 жылға дейін жаңарту жоспарлануда. Заң жобасына бұл түзету келесі жылдың басында енгізіледі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<