«Атамекен» ҰКП мен «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігі фото және бейнежазба байқауын жариялаған болатын. Бұл конкурс туған өлкесінің қара тасын ақ мамықтай көріп сүйетіндер мен суретке түсіріп, видео таспалауды ұнататындарға арналды.
Шараны ұйымдастырушылар байқауға қатысу үшін керемет фотограф болудың міндетті емес екендігін, ұшқыр қиял мен танылмаған «бұлақ көздерінің» бағамдалатынын айтқан-ды.
18 тамызға дейін жалғасқан байқауға республика көлемінен мыңнан астам талаптының 2 мыңнан астам туындысы түсіпті. Қас-қағым сәттің қайталанбас құдіретін өрнектеген өнер иелерінің ішінде суретті ұялы телефонмен түсіргендер де кездескен. Соған қарамастан, сурет және бейнежазба ісіне қызығушылардың көп екені қуанарлық жағдай. Қатысушылардың жұмысын кәсіби сарапшылар бағалап, жеңімпаздарды анықтап берген.
Бұл байқауға біздің облысымыздан – Б.Есжанов, Н.Нұржаубай, журналист М.Байходжаев және қала тұрғыны Н.Бәйменов секілді фотосуретшілер қатысып, туындыларын әлеуметтік желі арқылы ұсыныпты.
Сараптау бойынша мыңнан жүйріктер дараланып, жерлесіміз, облыс әкімі баспасөз қызметінің фотосуретшісі Бағдат Есжанов марапатталғандар арасындағы үздік алтылыққа еніп, жеңімпаз атанды.
14 облыс, 3 қаланың ішінен тек 9 өңір қатысушыларының озық шыққанын айта кету де артық болмас.
Жақында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Палата алаңында жеңісті жерлесімізді құттықтап, байқау ұйымдастырушыларының сыйлығын табыс етті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<