Базалық мөлшерлеме түспей тұр

482

0

Таяуда Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлеменің 16,75 пайыз деңгейінде сақталатынын жария етті. Себебі инфляция айтарлықтай азаймай отыр. Шыны керек, былтыр желтоқсанда Ұлттық банк күтпеген жерден мөлшерлемені  көтергенде қаржы мамандары тарапынан көп сын айтылған еді. Айналдырған бір жылдың ішінде «қымбатшылықпен күрес» деген желеумен ставка алты рет көтерілді. Биыл сол межені ұстап тұрмыз. Алайда нәтиже бар ма? алдағы уақытта қалай құбылуы мүмкін?

Салада жүрген экономистердің біразы қаржы реттеушінің бұл әрекетін ұнатпағаны рас. Ұлттық банктің уәжі баяғыдай, бар мәселені былтыр 19,6 пайызға жеткен инфляция үрдісіне сілтеп, амалдың жоғын алға тартты. Ең әуелі бұл жаңалық халықтың көңіл күйіне әсер етеді. Жұрт хабарға елеңдеп, «алда не болады екен?» деген ойда отыр. Пайыздық мөлшермеленің жоғары болуын екі түрлі көзқараспен сараласақ болады. Оң һәм теріс жақтары да көп екенін айтуымыз керек.

Қымбатшылыққа қарсы күрес қалай өрбуде?

Ақыры Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені жоғары күйінде сақтап қалды. тағы біраз уақыт қымбатшылықты бәсеңдетуге жұмыс істеуі тиіс. Бір қуанарлығы, жыл басында 20 пайызға жеткен инфляция қазір 14,6 пайызға түсті. Осылайша Ұлттық банктің саясаты аздаған нәтиже берді. Бірқатар сарапшылар талап етіп отырғандай, осы азғантай жетістікке бола базалық мөлшерлемені қайта құлата салу қисынсыз көрінеді. Өйткені инфляцияның қай уақытта қанша пайыз қымбаттап кетерін ешкім де тап басып болжай алмайды. Оның үстіне ішкі сұранысты отандық өндіріс толық қанағаттандыра алмайтыны аян.

Сондықтан жоғары мөлшерлеменің бола тұрғаны қажет. Базалық мөлшерлеме деңгейін кез келген уақытта қолдан түсіруге болады, ал қымбатшылықты олай тоқтата алмайсыз. Экономист Бауыржан Ысқақов та бұл сөзімізді растап отыр.

– Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз етіп ұстауы экономикадағы ахуалдың қиын екенін көрсетеді. Кейінгі кездегі валюта бағамының тұрақсыздығы, инфляциялық толқындар Ұлттық банкті осындай шешім шығаруға мәжбүр етті. Бұндай кезде несиелер қымбаттайтыны анық. Сондықтан адамдар ақшаны аз жұмсап, инфляцияны тоқтатамыз деген теорияға сүйенеді. Іс жүзінде бұның бәрі – ел экономикасының импортқа тәуелділігінің салдары. Мен себеп ретінде халыққа қажетті азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттарға дейін сырттан келуін айтамын. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе кешенді жоспар құрып, импорт мөлшерін азайтуға тырыспайынша, инфляция жалғаса береді. Қазір бізге бәрінен бұрын отандық өндірушілердің үлесі көбейгені қажет, – дейді маман.

Базалық мөлшерлемені төмендетуге Ұлттық банк басшылары қарсы емес екенін талай айтқан. Тек ахуал мұрсат бермейді. Биыл инфляция төмендеп келе жатыр, дегенмен тым жоғары қарқынмен емес. Тауарлар мен қызметтер бағасының қалай құбылғаны жайлы нақты дерек жыл соңына қарай шығады. Айтпақшы, күзде коммуналдық қызмет ақысы да көтеріле бастайды. Себебі, былтыр Президент Жолдауында айтылғандай, коммуналдық нысан иелері жөндеу жұмыстарын істеуі тиіс, ол үшін мемлекет коммуналдық қызметтің құнын көтеруге рұқсат етті. Коммуналдық қызмет бағасының да инфляцияға әжептәуір үлес қосатыны белгілі. Осы факторды ескермейінше базалық мөлшерлемені түсірудің ауылы алыс секілді. Жыл соңында инфляцияның деңгейі белгілі болғанда ғана базалық мөлшерлеме туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов екінші жартыжылдықта базалық ставканы төмендету мәселесін қарастыратынын өзі де айтып жүр. Бас банкирдің таяудағы сөздерінен түйгеніміз, төмендетуге қатысты аздаған ықтималдылық бар. Мәселен, 2023 жылдың мамырында жарияланған Ұлттық банк талдауына қарасақ, бағаның біртіндеп төмендей бастағаны байқалады. Биыл мамырда тамақ өнімдері бағасының өсімін атап өткен респонденттер үлесі төмендеген, бірақ өзге тауарлар бағасының өсімін айтқандардың үлесі шамалы артыпты. Негізінен жанармай және байланыс, жолаушылар көлігі бағасының қымбаттағаны аңғарылған. Жалпы айтқанда, тұтынушылық көңіл-күй көтерілген.

Дегенмен қымбатшылыққа қарсы күресуді Үкімет пен Ұлттық банк алдына міндет етіп қойып отырғанда, базалық мөлшерлемені таяуда төмендетеді дегенге сену қиын. Ғ.Пірматов осыған дейін «біздің жаңартылған болжамымыз бойынша, 2023 жылы инфляция 11-14 пайыз, 2024 жылы 9-11 пайыз және 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз болады» деген. Сондықтан алдағы уақытта инфляция төмендей беруі тиіс, бірақ базалық ставка емес.

Несие пайызы неге түспейді?

Базалық мөлшерлеменің пайызын төмендету ұсынысын айтып жүргендердің дәйекті уәжі бар. Себебі аталған пайыз жоғары болған сайын, несие пайызы да жоғарылап, кредит алу қиындайды. Мәжіліс депутаттары көтеріп жүргендей, несиенің пайызын азайту бұндай жағдайда мүмкін емес. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, доллардың да базалық мөлшерлемесі көтерілуде. Еуро да былтыр осы тәсілді қайталады. Мұны ең негізгі жұмыс – инфляцияға қарсы құрал ретінде пайдалануда. Алайда бұған қарсы пікір айтушылар жетерлік. Соның бірі – экономист Мақсат Серәлі.

– Жалпы, базалық ставканы өсіру инфляцияны тоқтататын құрал емес. Өйткені әлемдік нарықта қымбатшылық қарқын алды. Қазақстанда инфляция өршімес үшін ел өзінің ішкі нарығын толық қамтамасыз етуі керек. Өкінішке қарай, біз тек 30 пайызын қамтамасыз етеміз. Сондықтан инфляция, көрші елдердің экономикалық саясаты немесе доллар бағамының көтерілуі болсын – бәрі тікелей мемлекетімізге әсерін тигізбек. Соның ішінде баға саясатына ықпал етеді. Қазақстан ішкі нарығын ең кем дегенде 60-70 пайыз мөлшерінде қамтамасыз етуі қажет. Сол кезде ғана инфляциялық тұрақтылық пайда болар еді. Алдағы уақытта оған жетуіміз күмәнді, – дейді ол.

М.Серәлінің айтуынша, базалық мөлшерлемені көтеру бір-ақ нәрсеге ғана ықпал етпек. Шағын және орта бизнеске арналған несиелер пайызының көтерілуіне әкеп соқтырады. Одан соң экономиканы тежейді. Кәсіпкерлер мемлекет беретін субсидияны алуға ғана көшеді. Ал мемлекеттің қаражаты оның бәріне жетпейді. Мәселен, «Даму» қоры арқылы берілетін 6 пайыздық несиелерге бизнес өкілдері ағыла бастайды. Сондықтан бұл жерде ең өзекті мәселе – несие пайыздарының қымбаттауы. Жағымды жағы – депозиттердің мөлшерлемесі өседі.

Ұлттық банк қатаң ақша-несие саясатын 2021 жылдың шілдесінде бастағаны есімізде. 9 пайыздан 9,25 пайызға көтерген болатын. Содан бері деңгей тек өсумен келеді. Мамырда да, осы жолы да 16,75 пайыз межесін сақтады. Базалық пайыздық мөлшерлеме бойынша келесі шешімді Ұлттық банк 25 тамызда қабылдайды. Алайда аса бір пайыздардың құбылуын көрмеуіміз мүмкін, осы қалпында тағы қалса да таңқалмаймыз. Өйткені қымбатшылыққа уақытша тежеу сол ғана болып тұр. Ал ішкі өндіріс бүгін-ертең көркейе қояр сыңай танытпай тұр.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<