Бейбарыс Сұлтан көшесі қайта жаңғыртылады

841

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласында салынып жатқан нысандарды аралады.

Алдымен Бейбарыс сұлтан көшесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жалпы ұзындығы – 4,2 шақырым. Жол құрылысын 12 ай ішінде аяқтау жоспарланған. Төрт жолақты жолдың әрбірінің ені 3,5 метрді құрайды. Жол салу жұмысымен «УАД» ЖШС айналысады.

Айта кетсек, биыл Бейбарыс Сұлтан көшесі бойын қайта жаңғырту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылады. Өткен жылы құрылысы басталған «Неке сарайы», «Өнер орталығы» секілді ғимараттар ел игілігіне айналады. Ендігі кезекте көше бойындағы ғимараттар алдында халыққа жайлы орындар жасалатын болады.

Көпірден бастап аллея және парк секілді демалыс орындары салынады. Ал Бейбарыс Сұлтан көшесінің Назарбаев даңғылынан теміржол үстіндегі көпір аумағына дейінгі бөлігіне төрт жолақты жол салынады. Сондай-ақ, жол бойындағы жылу құбырларын жер астына түсіру ойластырылып отыр. Бұл халықтың көптен бері көтеріп жүрген мәселесі еді.

– Облыстың оңтүстік бөлігінен кіреберіс Бейбарыс Сұлтан көшесін қайта жаңғырту мәселесі де ұзақ жылдан бері қозғалып келе жатқан болатын. Ауқымды жұмыстарды ерте бастан қолға алдық. Ауа райының қолайлы болуы да сапалы іс атқаруға жол ашады, – деді облыс әкімі.    

Айта кетейік, биыл Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты елді мекендердегі 236 көшеге орташа жөндеу жүргізу үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде 99 көшеге асфальт және 137 көшеге тас жол құрылысын салу жоспарлануда.

Аймақ басшысы келесі кезекте «Қызылжарма» каналы арқылы «Бәйтерек» ықшам ауданына өтетін көпір құрылысымен танысты. Өткен айда іргетасы қаланған көпірдің жалпы құны – 384,3 млн теңге. Жобаны жүзеге асыруды «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС қолға алды. Мұнда ұзындығы 156 метр екі жолақты жол салынбақ. Құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталады деп күтілуде.

– Алдағы уақытта «Бәйтерек» шағын ауданында 30 мыңға тарта адам тұрады деген болжам бар. Бұл – шамамен бір ауданның халқы. Кезінде 11 млрд теңгедей қаражат арқылы аталған аумақта инфрқұрылым тартылды. Жол, жарық, телефон байланысы, газ, су жүйесі жүргізілді. Қазір мектеп салынып жатыр. Былтыр шағын ауданда бірқатар көшелерге асфальт төселсе, биыл сол жұмыстар жалғасады, – деді облыс әкімі тұрғындармен жүздесуінде.

Еске салсақ, қазіргі таңда Қызылорда облысында көптеген жаңа нысандар салынуда. Оның ішінде өткен жылы ашылған Жалағаш ауданында 250 орындық «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі», Арал ауданында «Балықшылар аллеясы» мен «Балықшылар монументі», Сырдария ауданының Н.Ілиясов ауылында Еңбекшілер аллеясы, Жаңақорған ауданында заманауи саябақты атап өткен жөн.

Биыл облыс орталығында «Өнер сарайы», «Неке сарайы» және «Қан орталығының» құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында зәулім «Оқушылар сарайы», 7 мың орындық жабық стадион, «Анаға тағзым» орталығы, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығы секілді заманауи нысандар бой көтермек.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<