Бейбітшілік қозғалысы

235

0

Биыл – Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына түрткі болған халықаралық антиядролық «Невада-Семей» қозғалысының құрылғанына 36 жыл. Осыған орай Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңында еске алу митингісі өтті.

Аталған ұйым 1989 жылы ақын Олжас Сүлейменовтің бастамасымен құрылған. Ол Семей полигонын жабу және әлемдегі өзге де сынақ полигондарының қызметін тоқтату бағытында елеулі жұмыс атқарды. Семей полигонында ядролық қарудың алғашқы сынағы 1949 жылы 29 тамызда болды. Сынақ салдарынан адам денсаулығына, табиғатқа орасан зор залал келді.

Шарада облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ардагерлерге ізгі лебізін арнады. Митингке жиналған қауым халықтың қабырғасын қайыстырған, қайғы мен қасіретке алып келген сынақты еске алды. «Невада-Семей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәбит Әбіш бүгініміздің бейбіт, ертеңіміздің жарқын болуына тілектестік білдірді.

Ядролық сынақ зардабын жоюға қатысқан марқұмдардың рухына құран бағышталып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Бірқатар ардагерге қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

«СБ» ақпарат