Бейнесі бидей, болмысы биік

7

0

Жасы кіші іні үшін аға дәрежесі қай кезде де биік. Алайда өмірде өзіңе жақын тартатын ағалар болады, оларды көргенде бойыңды жинап, сөзіңді түзеп, оны құрметтеуді қалайсың. Оған ұқсағың келеді, адами қасиеттері еріксіз еліктіріп тұрады.

«Жанында жарты сағат болғаның бір ғұмырлық өнеге» дейтін дәріптің кімге тиесілі екенін аңдайсың. Бай­мағанбетов Тұрмат аға тура осындай жаннан зият, ерекше бітім еді. «Сыпайының шаруасы сыбырмен бітеді» дегендей, әркімге жетісе бермейтін әр нәрсені байыбына ба­рып, ақылға салу бұл кісіге тән. Қа­зақтың жақсы көретін мінезінің бірі осы, «жеті өлшеп бір кес» дейтіні де сол. Дәл осы дегдар қасиет адам тағдырын шешетін құзыретке ие сот қызметкеріне аса қажет-ақ.

…Сонау сексенінші жылдары Қармақшы аудандық сотына іс-тә­жірибеден өтуге барған едім. Ол кезде оқуды бітірмеген баламын. Арт­қа қайыра тарап қоятын қай­ратты шашы қара мойылдай, жылы көңіл, ашаң жүзді ағаның сол сәттегі бейнесі әлі есте. Тұрмат аға сол кезде өндірістік тәжірибеден өтуге келген жас шәкірттің болашақ маман­дығына деген сенімін арттырып, өзі­нің іскерлігін, ірілігін, ізеттілігін көрсете білді.

Тағдыр жазуы, талқанның бұйы­руы деген осы шығар, көп жыл өт­кен соң Тұрмат ағамен тағы жолы­ғыстым. Ол кісі Шиелі аудандық сот төрағалығынан зейнетке шығып жат­ты, жоғарғы басшылық мені сол орынға тағайындаған болатын. Тұрмат аға мені қуана қарсы ал­ды. Аға арқылы ауданның қан­шама игі жақсыларымен дәмдес, пі­­кірлес болдым. Менің ешкімді жа­тыр­­қамай, жақын араласуыма сол кісінің септігі тиді. Сот ұжымында наурызға, басқа да халықтық мерекелерге орай өткізілетін шараларға ағаны шақыратынбыз, қай кезде де қасымыздан табылды, ол кісінің орны – төр.

Шиелідегі төрт жыл қызметімде ағадан бір елі ажыраған жоқпын де­сем де артық емес. Үйіне шақы­рып, дәм татқызды, ақылын айтты, ағалық танытты. Ауданда екі сыйлы адам болса, бірі – осы кісі еді. Ешкім алдын кесе өтпей, қо­лын алу үшін күтіп тұрады. Бұл аға­ның ат үстінде жүргенде әділ де, қара­пайым жан болғанын паш етеді.

Өзінің Қармақшыда сот болып қызмет еткен кезеңін шын ықы­ласпен еске алып отыратын. «Қар­мақ­шының адамдары бір сөзді, уә­деге берік келеді» деп ризашылық сезімін айтуды да ұмытпайтын. Жал­пы, сот жұмысы жақсымен де, жаманмен де араласуға тура келетін сала. Небір құлағым естімесін дейтін оқиғалар есігіңнің алдында жүреді. Соған қарамастан ағаның біреуді ғайбаттап, жамандағанын естіген емеспін. Бұл да ол кісінің жан дүние тазалығы, кеңқолтық, ақеден болмысынан деп білемін. 

Әңгіменің ә дегенінде «ұқсағың келеді» дегенім де осы тұстан шы­ғады. Жүрген жеріңде жақсы сөз қал­дыру қандай ғанибет. «Адам боп туу – Алладан, адам боп қалу – кәл­ладан» дейді екен өзбектер. Мен бі­летін Тұрмат аға жайында тек жақсы сөздер айтылады, бұрын да, қазір де солай.

Ауданда қызметте жүрген кезде сот ғимаратында Мұстафа Шоқай атындағы мұражай аштық. Сол мұ­ражайдың бір бұрышын Тұрмат аға­ның өмірі мен қызметіне қатысты жәдігерлермен жабдықтадық. Өйт­кені, сөз жоқ, ағаның адал ісі, адами тұлғасы кейінгі жас мамандарға өрнекті өнеге. Аға кезінде (2019 жылы) аудандық билер кеңесінің төрағасы болды. Егер баяғы заман болса, нағыз төбе би ме, сүбе би ме, бір бидің орнын басатын адам болар еді деп ойлаймын. Ағаның «Үш би» төсбелгісімен марапатталуы да тегін емес. Сондай болмысы болғандықтан.

Тұрмат ағадан бұрын да Қыр­шақбай Асауов, Баян Рысмендиев, Қазыбек Өтемұратов, Өтеген Жа­рықбаев, Жұмабек Үсенов, Жар­қын­бек Ержанов секілді басшылар  сот саласын жетілдіруге үлес қосып, ел-халықтың игілігі үшін жігерлі жұмыс жасай білді. Олар жөнінде де естіп-біліп жүргеніміз аз емес. Бұл кісілердің әрқайсысы бір-бір өлмес дастанға, ескерткіш тұрғызуға лайық болды.

Қазір мемлекеттік қызметшіге халықтың наразылығы туындап жататын кездер көп. Сол себепті де олардың моральдық-адамгершілік бейнесі және іскерлік қасиеттеріне ерекше талаптар қойыла бастады. Бұрынғы кездері мұндай талаптар арнайы қозғала қоймайтын. Себебі, адами биіктік өлшемі болар  бұл талаптар ағаларымыздың бойында туабітті болатын. Сондықтан да олар­дың аты әрдайым құрметпен аталады.

Біз әңгімелеп отырған Тұрмат аға кәсіби қызметі жағынан да, тұлғалық даралық тұрғысынан да кейінгі буынның есінде сақталып қалуы тиіс. Ол ұрпақтың өзі үшін қажет. Осы талғам-таразысы бойынша айтсақ, бұл кітаптың жазылуы өте игілікті іс, өміршең бастама.

Тұрмат Сәбекұлы тірі болса, биыл сексен жасқа толар еді. Ағамыздың жарқын бейнесі ұрпақ санасына жарық беріп, жаны жұмақ төрінде болғай деп тілеймін.

Сағатбек СҮЛЕЙМЕН,

сот және прокуратура саласының ардагері, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы»

РҚБ-ның облыс бойынша филиал төрағасы