Бекболат Шәріпбеков – кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы

660

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының жаңа басшысы таныстырылды.

Облыс әкімі аппараты бірыңғай конкурстық комиссиясының шешімі және облыс әкімінің өкімімен Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы лауазымына Шәріпбеков Бекболат Жүнісәліұлы тағайындалды.

– Бекболат Жүнісәліұлы аймақтың әлеуметтік-саяси ахуалымен етене таныс, мемлекеттік қызметтің барлық сатысынан өткен. Тәжірибесі мол, әлеуеті жоғары кадр.

Жауапкершілік жүгі ауыр салада Мемлекет басшысы жүктеген, Үкімет бекіткен көрсеткіштерге қол жеткізу жолында ауқымды міндеттер бар. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласының өркендеуі дамудың негізгі көрсеткіштеріне оң әсер ететіні белгілі. Өткен жылы өңірімізге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету арқылы аймақтың экспорттық әлеуетін одан әрі жетілдіруді, инвестиция тартуды басым бағыт ретінде атап өткен болатын. Осы орайда экономиканы әртараптандыру арқылы кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін арттыру, халықты жұмыспен қамтуда мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, инвестиция тарту – басты міндетіміз.

Инвестиция экономикалық дамудың жоғары және тұрақты қарқын алуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сол арқылы салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Ынталы инвесторларға қолайлы жағдай жасаудың оңтайлы жолдарын қарастырып, отандық өнім өндіру аясын кеңейту, қызмет көрсету саласындағы жұмысты жаңа деңгейге шығару қажет. Осы ретте Бекболат Жүнісәліұлына күрделі де жауапты қызметті мінсіз атқаруға білімі мен түрлі салада жинаған мол тәжірибесі көмектеседі деп сенеміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Бекболат Жүнісәліұлы 1973 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институтын «Агроөнеркәсіп салаларын басқару және оның экономикасы» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1990 жылы «Келінтөбе» күріш совхозының жұмысшысы болып бастаған. 1990-1999 жылдары «Келінтөбе» күріш совхозының механизаторы, «Құмиян» АҚ «Ақниет» бөлімшесінің есепшісі болған. 1999-2010 жылдары «Келінтөбе» ауылдық округі әкімі аппаратында, Жаңақорған ауданы, Түркістан қаласы бойынша салық комитеттерінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 2010-2018 жылдары Қызылорда облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бас маманы-мемлекеттік аудиторы, бөлім басшысы-мемлекеттік аудиторы болған. 2018-2020 жылдары Қызылорда қаласына қарасты «Қарауылтөбе» ауылдық округінің әкімі ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерін шешу жолында аянбай еңбек етті. 2020-2022 жылдары Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы болып нәтижелі жұмыс көрсетті. 2022 жылдың шілде айынан осы кезге дейін Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<