Бекер болған

2641

0

Жазушылар одағында үлкен жыр кешi болып, қазақтың Алматыдағы ақсақал-қарасақал ақындарының бәрi жапа-тармағай өлең оқыды. Қарт бүркiттей саңқылдап Қалижан Бекхожин, баршын тартқан даусымен дүниенi үйiрiп Хамит Ерғалиев, күндей күркiреп Сырбай Мәуленов, дауылпаздай Ғафу Қайырбеков, жарқылдап Жарасқан, мақамдап Кеңшiлiк… «Никарагуалап» Мылтықбай Ерiмбетов көзге түстi.

Тынышбай Рахимов мiнбеге шығып, шашын сiлкiп тастап, өлеңiн оқи бергенде залдағы бiр келiншектiң баласы жылап қоя бердi. Тынышбай сәл кiдiрiп, микрофонға жөткiрiнiп, өлеңiн қайта бастай бергенде бала қайта жылады. Тынышбай сәбидiң даусы семгенiн сабырмен күтiп, бастай бергенде бала тағы шар ете түстi. Залдағы жұрт ду күлдi. Бiреу:

Әкесiн танып тұрған бала ғой, – деп жұртты одан бетер күлдiрдi. Тынышбай соған қарамастан, түк саспай-ақ Мұқағали туралы естелiк өлеңiн келiстiре бабымен оқып шықты. Сiлтiдей тынып тыңдаған жұрт әсерлене қол соқты. Бала да қайта жыламады.

Мен «Бұрышқа тұр!» және «Почта көгершiнi» деп аталатын екi өлең оқыдым.

Шыға бергенде Күләш Ахметова апай тоқтатып:

«Бұрышқа тұр!» жаңалығы бар өлең екен. Әттең, жұрт түсiне қоймады, – дедi.

Кеш бiтiп, жұрт тарқап жатты. Бiр кезде әлгiнде ғана ең алдыңғы қатарда отырған Ақсақалдар алқасының төрағасы Әлжаппар Әбiшев жұрттың iшiнен көзiнiң iлгешегiне менi iлiп алып, бiрдеңе айтқысы келiп, емпеңдей басып келе жатқанын байқадым. Байқадым да сыртқа жылыстай бастадым. Себебi, сол ақсақалдан көбiмiз қорқатын едiк.

Әлжекең қалар емес. Бiр қарасам, саусағының ұшын маған қарай шошайтып, жақындап қалған екен. Бiр бүйiрде бiреумен сөйлесiп тұрған Сырағаны байқап қалдым да, пана iздеген торғайдай солай қарай ойыса бердiм. Оларға мен де жеттiм, Әлжекең де жеттi. Келе:

– Әй, бала, сенiң әлгi оқыған өлеңiң не? – дедi зiлдене.

– Қайсысын айтасыз? – дедiм.

– Әлгi апатқа ұшырағандар ұшырған көгершiн туралысы… Ол не қылған өлең өзi? Астары жаман ғой… Сен, бала, немене?.. Совет адамдарын апатқа ұшыратып… Ел аман, жұрт тынышта… не жазып жүрсiң?! – деп шұқшия түстi. Өзi екi иiнiнен дем алып тұр. Менi қуам деп ентiккен.

Аузыма сөз түспей, булығып қалдым.

– Әлжеке, не бүлiнiп қалды? – деп Сырбай аға сөзге араласты.

– Мына бала, қаршадай болып, астары жаман өлең жазыпты! Әлгiнде өзiң де тыңдадың ғой? Жас бастарынан осылай бұзылады. Бара-бара не болады бұлар? Жөнге салмайсыңдар ма?

Мән-жайды бiрден түсiнген Сырбай аға:

– Әлжеке, мен сiзге бiр әңгiме айтайын, өзiңiз де естiген шығарсыз? – деп Әлжаппар Әбiшевтiң назарын менен аударып, өзiне бұрып алды.

– Иә, – деп кескен томардай денесiмен ұмсынып, құлағын тосып, Әлжекең жiби түскендей болды. Қасымызға тағы екi-үш адам үйiрiле қалды. Мен бiр пәледен құтылғандай «уһ» дедiм.

– Сонау жылы ел басқарып отырған Жұмабай Шаяхметов Сәбит Мұқановты алдына шақырып алып: «Сәбе, мен жақында жарық көрген «Мөлдiр махаббат» романыңызды мұқият оқып шықтым. Бұрынғы «Адасқандарды» өзгертiп, қайта жазуға не мәжбүр еттi?» – деп сұрапты. «Ол ендi былай ғой. Мен Мәскеуге барып, «Қызыл профессура» институтында оқып, бiлiмiмдi толықтырып, жетiлдiрiп келiп, бұрынғы «Адасқандар» романын партиялық, саяси-таптық тұрғыдан қайта қарап, өңдеп, өзгертiп, жақсартып, қайта жазып шықтым емес пе», – дептi Сәбең. Сонда Шаяхметов:

«Сәбе, бiздiң сенi оқуға жiбергенiмiз бекер болған екен», – дептi. Мiнеки, Әлжеке, бұл да соған ұқсас мәселе. Мынау Ұлықбек те Мәскеуге барып, Әдебиет институтында оқып келiп, осындай қисық өлеңдер жаза бастады. Сiздердiң о баста Ұлықбектi Мәскеуге оқуға жiбергендерiңiз бекер болған. Ол ендi осындай өлең жазбай қайтсiн? Өйткенi оқуы көп. Оған өздерiң кiнәлiсiңдер… – деп күркiрей сөйлеген Сырағаң жұртты ду күлдiрiп, сөзiн аяқтады. Әлгiнде ғана менi қуырып жiберердей болып келген Әлжекең бүкiл кеспелтек денесiмен селкiлдеп, кеңк-кеңк күлiп, көзiн сүртiп жатқан кезде, бiр «ажалдан» қалғаныма шүкiршiлiк етiп, сытылып шыға бердiм.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<