Талантты әнші-сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің туғанына 70 жыл толуы туған жері – Жаңақорған ауданында салтанатпен аталып өтті. «Ақбаян», «Ақшолпаным», «Ақ гүлім», «Жеңешем», «Гүлденген Жаңақорған», «Құда болып жүрейік» секілді әндерімен жұртшылықты тамсандырған өнерпазды жерлестері осылайша еске алды. Байқау М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде өтті. Онда еліміздің жеті облысынан табиғи дауыста орындайтын 15 сазгер-әнші бақ сынады.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопыбеков ашып, республикалық байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ықылас білдірген облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне, бастамашыл топқа ризашылығын білдірді.
Байқау шарты бойынша үміткерлер міндетті түрде жанды дауыста екі шығарма орындауы тиіс. Бірі Бексұлтан Байкенжеевтің шығармасы болуы шарт, ал екіншісі өз қалауы бойынша. Бірінші болып сахнаға шыққан батысқазақстандық өнерпаз Мирас Әжіков сахна шымылдығын сазгердің «Жыл құсы» әнімен ашып, соңынан өзінің «Сүйемін туған елімді» туындысымен ұштастырды.
Ән байқауының қорытындысында үміткерлер сый-сияпатқа ие болды. Әнші-сазгер Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдығына арналған «Сырдария» атты республикалық әншілер конкурсының бас жүлдесін қанжығасына Исахан Сүлейменов байлады. Асылбек Бейісов, сондай-ақ, жүлделі екінші орынды Марат Сапаров пен Ислам Нағызхан алды. Үшінші орынды Мұхтар Байжанов, Айбол Әбдірасыл және Айбек Шүкіров иемденді. Көрермен көзайымына айналған Мирас Әжіков, Әл Фараби Бекарысұлы, Әділхан Мақсатбаев, Ербол Райсов, Салжекен Бақытбек, Жандос Сансызбаев, Жұлдыз Шүкірбаева мен Бағлан Шубаевқа сазгердің зайыбы Шарбан Базарбекқызы ынталандыру сыйлықтарын табыстады.
Шара байқауға қатысушылар мен қонақтардың, жергілікті өнерпаздардың гала-концертіне ұласты. Әншілер Жеңіс Ысқақова сазгер-әншілер Дүйсенхан Сыздықов пен Сауранбек Елеуов әннен шашу шашты.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<