Белгілі қаламгердің «Жерұйық» кітабы жарық көрді

693

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, техника ғылымдарының докторы, белгілі қаламгер Қошқаров Серікбай Иманбайұлының  «Жерұйық» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітапта шығармашылық иесінің әңгімелері мен руханият жөніндегі ой-толғаныстары, мақалалары берілген.

– Серікбай Иманбайұлы өзінің әңгімелерінде өмір шындығына көз жұмып қара­май, оқырмандарына ой салады, жақсыдан үйре­ніп, жаманнан жиренуге тәрбие­лейді. Бұл Сәкеңнің әдебиет­тің ұлы мақсаты өміртану мен адамтануға қоғамның белсенді мүшесі тұрғысынан азаматтық тұғырдың биіктігін көрсетуі мен үлес қосуы деп ұғамыз. Осы жолда Сәкең өзінің бір қыры – жазу өнерін де нәтижелі пайдаланған. Мөлтек сыр тыңдағандай әдемі әсер қалдыратын Сә­кең­нің әңгімелері қысқа да нұсқа, оқырманның ойын тереңдетіп, жанын жадырататын әдемі дүниелер болып шыққан, – дейді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Кәрібозұлы.

Кітапқа қаламгердің «Өзгеру», «Сенім қайырымы», «Жерұйық», «Көліктер кеңесі», «Басты парыз», «Бір қора қой», «Тәубе», «Тал мен адам», «Қоштасу», «Кемел», «Қазақ күншілдіктен қалай арылмақ?» шығармалары  енгізілген.

Жиында Серікбай Қошқаров сөз өнерінің құдіреті, руханият тақырыбында сөз қозғап, кітап жазудағы мақсатын атап өтті.

– Соңғы уақытта көп ойланып, толғанам.  Сондағы тапқаным – адам адамға тек жақсылық жасауы тиіс екен. Қолыңнан келсе жақсы іс жасауға талпын. Қолыңнан келмесе, жылы сөзіңді аяма. Руханият бағытында мақалалар жаза бастадым. Біразы орталық басылымдарды жарық көріп, уақыт өте әңгіме жазуға ауыстым.

Адамдар арасындағы саналық қатынас пен түсіністік қоғамның мықты дамуына тірек болар күйден әлі де болса алшақтау, көңіл көншітерлік емес сияқты. Қырдың бір заманда қой жатағы болған қора көңінің қатып, тастай болып, терістіктің үскірік  қысында мұздай сіресіп қалған жеріндей. Ендеше, мұны жібіту керек, осы бұзар күш қажет! «Күн шалмас қараңғы көңілді сөз шалады, күн жылытпас сұм жүректі сөз жылыта алады» дегендей осы күш пен қайрат, шамасы, аталы, мәнді сөзде жатқан болар, – деді қаламгер.

Серікбай Қошқаров – бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесі мен ғылымға арнаған. Осы жолда жемісті еңбек етіп қана қоймай, әріптестерінің арасында үлкен беделге ие болып, шәкірттерінің шынайы ықыласына бөленген ел ағасы, ұлағатты ұстаз.

Ол 1970-1978 жылдар аралығында Қазақтың күріш жөніндегі ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1978 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда қаласындағы филиалына кафедра меңгерушісі қызметіне ауысты. Сол уақыттан бері осы оқу орнында кафедра меңгерушісі, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, су шаруашылығы проблемалары ғылыми-зерттеу институтының директоры, кафедра меңгерушісі қызметін атқарған.

1972-1975 жылдар аралығында Мәскеу гидромелиорация институтының аспирантурасында оқыды.  1978 жылы «Күріш ауыспалы егісіндегі ылғал-тұз режимі» тақырыбында диссертациялық жұмысын ойдағыдай қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. 1997 жылы Мәскеу табиғатты үйлестіру мемлекеттік университетінде «Сырдарияның төменгі ағысындағы ландшафттардың экологиялық-мелиоративтік режимін реттеу» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 2000 жылы профессор атағын алды.

Серікбай Иманбайұлы 100-ден аса ғылыми еңбектің, екі монографияның авторы. Ғылыми бағыты – суармалы жерлердің ылғал-тұз режимдерін, дақылдарды тиімді суару әдістері мен мөлшерін, егістікте суды тиімді пайдалану жолдарын зерттеу. Оның жетекшілігімен ғылым кандидаттары дайындалды. Жыл сайын докторанттарға, магистранттар мен студенттерге ғылыми жетекшілік жасап, оқу орнында студенттерге дәріс беруде. Шараға Қазақстан Жазушылар Одағы Қызылорда облыстық филиалының директоры,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Қаршыға Есімсейтова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бағдат Кәрібозұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғабит Тұяқбаев,  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Рабиға  Игенбаева, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, география ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қали Омаров қатысты.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<