Белгілі жырауға арналған тағылымды кеш

1673

0

Қызылордада белгілі жырау Ұлжан Байбосынованың «Жыр күмбезі» атты тағылымды кеші өтті. Дәстүрлі өнер дәріптелген шарада Қорқыт сарынынан басталған Балқы базар, Жиенбай мен Нартайға дейінгі дүлділ жыраулардың шығармалы шырқалды. Жосығы бөлек жыр жәрмеңкесінен тілші репортажы.

Бабалар мұрасы саналатын жыршылық өнердің өңірде шоқтығы биік. Өлкеде қалыптасқан жыраулар мектебі бүгінде Сыр мақамын елге танытып, киелі өнерді кеңінен насихаттап келеді. Жыраулық өнерді ғылыми тұрғыда зерттеп, даралығын дәлелдеген Ұлжан Байбосынова аймақтағы жыршы-жыраулардың басын қосып, жыр жәрмеңкесін өткізуге ұйытқы болды.

Ұлжан Байбосынова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жырау:

Жыраулық өнердің айналасында көп дүниені айтуға болады. Жалпы біздің тұрмыс-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тарихымыз, әдебиетіміз, шежіреміз барлығы жыраулық өнердің ішінде тоғысқан. Халқымызға Сыр бойындағы жыраулық-жыршылық өнердің маңызы өте тереңде жатқанын көрсету.

Өнер кешінде ең жас жыршы 6 жаста болса, аға буыннан Алмас Алматов, Бидас Рүстембеков секілді Сыр сүлейлерінің ізін жалғаған жыраулар жырдан шашу шашты. Дәстүрлі өнерді сағынып жеткен жұрт тағылымды кеште дәуірлер үнін, өткеннің мұңын сезінгендей керемет әсерге бөленіп, рухани азық алды.

Берік Саймағамбетов, ҚР Мәдениет қайраткері, жырау:

Бұл дәстүрлі болуға ойластырылған негізінде. Сондықтан, бұл да біздің жыраулық дәстүріміздің өсуіне, өркендеуіне бір серпін болатыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі мереке ол өнердің мерекесі.

Концерт барысында жыраулық өнердің туын желбіретіп жүрген өнерпаздарға ықылас гүлі ұсынылып, сахна шеберлеріне сый-құрмет көрсетілді. «Жыр күмбезі» жәрмеңкесі алдағы уақытта дәстүрге айналып, аймақтағы жыршы-жыраулардың дүбірлі шарасы жалғасын таба бермек.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<