«Белкөлдің» балалары бос жүрмейді

647

0

Осыдан бірер жыл бұрын Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне аса назар аудару қажеттігін баса айтқан болатын. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін тапсырғаны есімізде.

«Балалар үйірмесі қызметін қайта қалпына келтірген жөн. Онда жастарымыз қолөнердің және шығармашылықтың бастапқы негіздерімен танысар еді. Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды» делінген Президент Жолдауында.

Иә, салауатты өмір салтын ұстанатындар қатары көп.  Әсіресе жастайынан спортты серік еткендердің денсаулығы мықты болары анық. Осыны ескерген Белкөл кентінің тұрғыны Руслан Алматов спорт кешенін ашыпты. Мұнда қазір 300-ге жуық 5-17 жас аралығындағы жеткіншек түрлі спорт үйірмелеріне қатысады.

«Әсет» ЖК директоры Руслан Алматов 2018 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жергілікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» арқылы 18 миллион қаржы алып, кешен құрылысын салған. Қазірде каратэ-до, дзюдо, еркін күрес, шахмат, бокс, үстел теннисі, тағы басқа осы секілді спорттың 8 түрі бойынша үйірмелер ақысыз негізде жұмыс істеп тұр.

– Өзім спортқа біртабан жақын адаммын. Ауылдағы қарадомалақтардың бос сенделіп жүргенін, не телефонға тәуелді болып бір жерде отыра бергенін қаламаймын. Салауаттылықты насихаттау бір бөлек те, оны іс жүзінде асыру тіпті басқа. Сондықтан осындай тәуекелге барып, 6 процентпен қаржы алып, жобаны бастап кеттік. Нәтижесі жаман емес. Есесіне, үйірмеге қызығушылық танытып, қатысушылар күн сайын артып келеді. Сонымен бірге 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. Олар – 8 тренер және 4 техникалық жұмысшы. Балалардың ынта-ықыласы зор. Алдағы уақытта түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болады деп сенемін, – дейді Р.Алматов.

Кәсіпкер сәуір айында шағын футбол, жабық волейбол, баскетбол алаңдарын салуды жоспарлауда. Бұл – балғындардың қысы-жазы спорттан қол үзбеуі үшін жасалып жатқан тірліктің бір парасы. Сондай-ақ, үлкендердің де спортпен айналысуы үшін ақылы негізде үйірмелер ашу – уақыт еншісіндегі жұмыс.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<