Белсенді азаматтық қоғам мемлекет іргесін бекітеді

599

0

Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева бастаған делегация облыстық Жастар ресурстық орталығының ғимаратында орналасқан облыстық Азаматтық альянс ассоциациясына барды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова орталықтың жұмысымен таныстырды. Сондай-ақ аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

Бүгінде облыста 1200-ге жуық үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олардың арасында маңызды жобаны жүзеге асырып, халықаралық ұйымдардың гранттарын игеретіндер бар.  Кездесуде ұйым жетекшілері жобалары туралы айтып, мақсаттарын бөлісті.

− Сыр еліне алғаш рет келуім. Облыстық жастар ресурстық орталығын аралап шықтық. Жастарға қажеттінің бәрі бар. Бос уақыттарын тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған екен. It-park, egov кабинеті, теннис залы, шығармашылық бөлім, кітапхана – бәрі талапқа сай жасақталыпты. Жастардың түрлі шараларға қатысып жүргені жақсы екен. Әсіресе үкіметтік емес ұйымдарға арнайы орталық бөлінгені қуантты. Облыс әкімдігінің азаматтық қоғамға назар аударуы елдің мұңына құлақ түргені деп білемін. Өзге аймақтарға үлгі етіп айтар жайттар көп екен, − деді Бану Нұрғазиева.

Мұнан соң делегация Қорқыт ата атындағы Қызылорда унисерситетінің Студенттер сарайында болды. Онда оқу орнының әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастыратын білім ордасында жүргізіліп жатқан істер туралы баяндады. Студенттердің белсенділігі университеттің қоғамдық шараларына, қаланың дамуына үлес қосатынын айтты.

− Әрбір қоғамдық жұмысқа олардың немқұрайлы қарамай атсалысуы қуантады. Ертең-ақ жас маман туған жерін түлетуге, Отанын дамытуға үлес қосады. Белсенді жастар барлық жобаларға әзір. Олар үздік маман болып, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, рухани дамуы үшін жемісті еңбек етуді армандайды, − деді ол.

Оқу орнында 22 жастар ұйымы бар. Олар ғылыми жұмыстармен, шығармашылықпен және кәсіпкерлікпен айналысады. Іс-шара соңында Ж.Базартай қонақтарға естелік сыйлықтар табыс етті.

Мұнан соң делегация «Достық үйінде» этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесті. Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Руслан Каюпов пен этномәдени бірлестік жетекшілері қатысты. Онда ассамблея және Азаматтық альянс арасындағы әріптестік байланыс туралы сөз болды.

Жиында Р.Каюпов елдегі тұтастықтың, бірліктің маңыздылығына тоқталып, ассамблея мен Азаматтық альянс арасындағы өзара әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін айтты. Жиынға қатысушылар екі ұйым арасындағы байланысты тұрақтандырып,  қолдау білдіретінін жеткізді.

Азаматтық қоғам − халық пен билік арасындағы алтын көпір.  Сондықтан да елдің қалауын үкіметтік емес ұйымдар арқылы билікке жеткізетін халық қалаулыларының да рөлі зор. Осы ретте делегация қалалық мәслихат депутаттарымен жүздесті. Кездесулер барысында Мемлекет басшысының Жолдауы мен одан туындайтын міндеттер және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды.

Келесі күні «Достық үйінде» облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай және үкіметтік емес ұйым мүшелерінің қатысуымен семинар өтті. Онда Нұр-Сұлтан, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан облыстарының Азаматтық альянс көшбасшылары азаматтық секторды дамытудың жаңа әдіс-тәсілдерін ұсынып, өз ойларын ортаға салды.

Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында айтылған азаматтық қоғам институттарының жұмысын жандандыру жөнінде баяндады.

− Бүгінде аймақтағы мыңнан аса ұйымның жартысы облыстың қоғамдық өміріне атсалысып, әлеуметтік-мәдени жағдайын дамытуда белсенді жұмыс істейді. Соңғы үш жылда үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік маңызды жобаларына бөлінетін қаржы артты. Қолдау тапқан жобалар діни және ұлтаралық татулықты, жастар және отбасылық-демографиялық саясат, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жастар бастамаларын қолдауға арналған. Облыс әкімдігі тарапынан қоғамдық ұйымдардың мақсаты айқын жобаларын қолдау жалғасатын болады, − деді М.Қазбекова.

Семинарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру тәртібі мен рәсімдерін жүргізу барысы айтылды. Сондай-ақ әлеуметтік жобаларға мониторинг жасау, жүзеге асыру және сапасын арттыру мәселелері де сөз болды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»