Берекелі «Белкөл»

246

0

Облыс орталығына іргелес «Белкөл» кентінде 882 отбасы тұрады. Халқының саны – 4787   адам. Жыл сайын кенттің ауқымы кеңейіп, кәсіпкерлер саны артып, әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсаруда. Бұрынғымен салыстырғанда едәуір алға жылжудың барын байқайсың. Кентке кіргеннен құж-құж қайнаған тіршілікке, кәсіпкерлік нысандардың көбейгеніне куә боласың. Халқының да ауызбірлігі бекем екені көзге көрініп тұрады. Кент әкімі Жасұлан Сәдудің айтуынша, оң шешімін тапқан мәселелер жетерлік. Мәселен, өткен жылы 96 отбасына 10,2 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек берілсе, биыл  55 отбасына 9 млн теңге тағайындалған. 433 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.

−   Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың, көпбалалы аналардың мұң-мұқтаждары үнемі назарда. Олардың қатары азайып келеді. Бұл  азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру және түрлі мемлекеттік бағдарламаға тартумен байланысты,− дейді кент әкімі.

Инфрақұрылым реттелуде

Кенттегі ауқымды жұмыстың бірі – электр желілерін ретке келтіру бастамасы. Бүгінде Жерұйық, Сарыарқа, Бірлік көшелеріне электр желісін жүргізуге республикалық бюджеттен 76,6 млн теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жасалған. Сондай-ақ тозығы жеткен электр желілерінің құрылысын жүргізу үшін ұзындығы 21 шақырым болатын 12 көшені қайта жаңғыртуға жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. Оған қалалық бюджеттен 6,5 млн теңге бөлінген. «Белкөлде» қазіргі уақытта  11 электр трансформаторы жұмыс жасайды.

Мұнан бөлек, жаяу жүргіншілер жолы мен көшені жарықтандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен реттелуде. Мәселен, Әбдіқадыров көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу үшін қалалық бюджеттен 62,4 млн теңгеге қаржы қаралған.  Ал Бірлік және Путейцева көшелеріне түнгі жарық бағаналарын орнатуға облыстық бюджеттен 27,7 млн теңге бөлінген.

Қазіргі таңда орталық көшені қайта жаңғырту, 7 көшеге түнгі жарық бағаналарын орнату, 3 көшеге жаяу жүргіншілер жолын салу, 8 көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылып отыр.

Жалпы кентте  21,5 шақырымды құрайтын 24 көше бар. Оның ішінде 12,6 шақырым болатын 13 көшеге асфальт төселген, ұзындығы  4,5 шақырым 5 көшеге тас төселген. Кент толықтай ауызсу және «көгілдір отынмен» қамтылған. 9 көшеге 169 түнгі жарық бағаналары орнатылса, орталық көше мен Бірлік көшесіне  жаяу жүргіншілер жолы салынған.

−   «Бірқазан» елді мекені де назарда тыс қалған жоқ. Ондағы тұрғындар ауызсумен толық қамтылған. Электр желілері де жаңадан жүргізілді. Былтыр асфальт төселсе, биыл көшені жарықтандыратын боламыз. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша жастарға жер беру мәселесі де шешімін табуда. Бұл,  әрине, тұрғылықты халық санының көбеюіне ықпал етеді. Ал газдандыру жұмысы бойынша жоба жасалуда. Алдағы екі жылдың көлемінде  реттеледі, − дейді Ж. Сәду.

Айта кету керек, кенттегі шешімін тапқан мәселенің бірі − теміржолдың арғы бетіне өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің салынуы. Оған 2022 жылы облыстық бюджеттен 251 млн теңге қаржы бөлініп, өткен жылы ел игілігіне пайдалануға берілді.

Кәсіпкерлер көбейіп келеді

Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін белкөлдіктер де көруде. Жыл басынан бері мұнда 79 кәсіпкерлік субъект тіркеліп, 84 тұрақты  жұмыс орны ашылған. Өткен жылы мемлекеттік бағадарламалар аясында жалпы құны 192,7 млн теңгені құрайтын 23 жоба қолдау алған. Сондай-ақ «Бизнес-Бастау» бағдарламасы шеңберінде 27 тұрғын оқу курсын аяқтап, 10 адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Ал өзге бағдарламалар бойынша кентте кір сабын жасап шығару, жүк тасымалы, МІІҚ өсіру, стоматологиялық құралдар алу, тері өңдеу, ағаш шеберханасы, қасбеттік жылу панельдерін өндіру жобалары қолдау тапқан.

Биыл бірінші жартыжылдықта 43,6 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде  400 МРП грант – 4,6 млн теңге болатын 3 жоба, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 1 жоба (23 млн теңге), «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында «Өңірлік инвестициялық орталық» микроқаржы ұйымы арқылы 16  млн теңгені құрайтын 4 жоба қаржыландырылған. Қазіргі таңда «Ауыл аманаты» жобасы аясында  жалпы құны 154,8 млн теңге болатын 18 жобаның құжаты жинақталуда.

Қаржыға қол жеткізген кәсіпкерлер Мұханбетжан Сапаров, Зухра Алмаханова, Гүлдана Досмамбетова, Ербол Еңсепов кәсіптерін әрі қарай жандандырмақ.

− Шаштараз кәсібімен айналысқаныма біраз жыл болды. Осы уақытқа дейін орынды жалға алып келдім. Өткен жылы өз қаражатыма ғимарат алсам, биыл «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы» АҚ арқылы «Іскер» бағдарламасы аясында 6%-бен  3 млн теңге несие алдым. Бұл – мен үшін үлкен көмек. Шаштаразға келушілер қатары көп, баға да қолжетімді. Алдағы уақытта кәсібімді бұдан әрі кеңейткім келеді, − дейді кәсіпкер Мұханбетжан Сапаров.

Жастарға жол ашық

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елімізде  оларды қолдауға үнемі басымдық берілуде. Әсіресе, кейінгі уақытта жақсы қозғалыс бар. Белкөлдік жастардың да бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі шаралар жүргізілуде. Мәселен, қоғамдық жұмыстармен айналысуына, спортпен шұғылдануына, жұмыссыз жастардың қатарын азайтуға барынша күш салынуда. Кентте жалпы мыңға жуық жас бар. Оның ішінде кент пен «Бірқазан» елді мекенін қосқанда 241-і – студенттер. 343 жас  жұмыспен қамтылса, 131-і  өз-өзін жұмыспен қамтып отыр. «Мансап» орталығы арқылы «Жастар тәжірибесі» бойынша 6 жас маман тәжірибеден өтуде.

«Белкөлде» бұқаралық спорт түрлері де жақсы дамып келеді. Мұнда 5 ойын және 1 футбол алаңы   бар. Ал «Бірқазан» елді мекенінде 1 футбол алаңы спортсүйер қауымға қызмет етуде. Биыл да жеке сектордан 1 ойын алаңын салу жоспарланған. Сонымен қатар жастардың әлеуетін көтеру және олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында бой көтерген «Белкөл» спорт кешені олардың  спортпен шұғылдануына жақсы мүмкіндік туғызуда. Себебі мұнда  300-ге жуық жас спорттың 7 түрімен (футбол, каратэ, бокс, джи-джитсу, еркін күрес, шахмат, үстел теннисі) машықтанып, түрлі жарыстардың биік тұғырларынан көрінуде.

− Кентте жыл сайын жастар арасында кіші футболдан «Каратэ-до» Қазақстан чемпионы  қара белбеу иегері Сәпи Ернұр мен өңірімізге  еңбегі сіңген теміржолшы Алмат Айдарбекұлын еске алуға арналған турнир өтеді. Бұған 1989-2004 жылғы жастар қатысады. Жылда дәстүрге айналған бұл шара жастардың спортқа деген қызығушылығын оятады, − дейді кент әкімі.

Мұнан бөлек 360 оқушы №189 орта мектеп жанынан ашылған 13 үйірмеге қатысуда. Оның қатарында волейбол, шахмат, футбол, ұлттық ойын түрлері, дойбы, үстел теннисі, каратэ-до, баскетбол, велоспорт секілді үйірмелер бар. Ал «Белкөл» кенті клубының жанынан 7 үйірме жұмыс жасап, 103  көркем өнерпазбен қамтылған. Олар түрлі деңгейдегі халақаралық, республикалық, облыстық байқауларға қатысып, кенттің мәдениет саласының өркендеуіне өз үлестерін қосуда. Биылдың өзінде белкөлдік жастар  5 халықаралық, 7 республикалық байқауға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Жастарды қолдау мұнымен толастамайды. Кенттің мақтанышына айналған  «Әл-Азиз» орталығында 5 үйірмеге (ән, би, қолөнер, бастауыш білім беру, математика-логика) 150-ге жуық жасөспірім қатысады.  Ал  «Азиз» өнер мектебінде 166 жас домбыра, вокал, кескіндеме сурет үйірмелеріне қатысады.

Жастардың уақытын тиімді пайдалануға бағыттау, оларды үйірмелермен қамту қоғам үшін маңызды. Бұл ретте «Белкөлде» белсенділік бар.

Білім және денсаулық

Кентте 2  мектепте барлығы 963 оқушы,  мектепалды даярлық тобында 202 бала екі ауысымда білім алуда. Сонымен қатар кенттің кішкентай тұрғындарына «Балапан» мемлекеттік балабақшасы, «Ғазиза»  және «Дилмар» жеке балабақшалары қызмет етеді. Қазіргі таңда «Балапан»  балабақшасында 180 бала, жеке балабақшаларда 25 бала тәрбиеленуде. Кенттегі балабақша мәселесі толығымен шешілген.

Одан басқа мұнда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  салынған теміржол ауруханасына қарасты дәрігерлік амбулатория бар.  Ол 2020 жылы пайдалануға берілген. Онда 12 мейірбеке, 2 кіші қызметкер жұмыс істейді. Күндізгі стационарда 8 орын қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 687 шаршы метр. Жылу жүйесі газбен жылытылады. Ауызсу және электр энергиясымен толықтай қамтылған. «Бірқазан» елді мекенінде де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған заманауи, талапқа сай медициналық бекет 2018  жылы пайдалануға берілген.

Белкөлдіктер үшін ендігі бір мәселе – мәдениет үйінің жайы. Оның да шешімі табылар шақ алыс емес көрінеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<