Өзіміз қоныстанған Әйтеке би кентінің көшесін араласаңыз, небір еңселі ғимараттар мен көрікті үйлерді көріп, кеудеңізді қуаныш сезімі кернейді. Уақыт көшінің көз ілеспес жылдамдықпен жылжып жатқанын іштей мойындайсыз.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қағида қашанда өзін дәлелдеп келеді. Әрі замана ағымына сай кәсіп түрлері де көбейіп жатқаны баршаға аян. Сондай кәсіптің бірі – полифасад өнімін дайындау. Аталуы құлаққа тосындау естілгенімен, қысқа уақытта жұртшылық назарын өзіне аударып үлгерген осынау кәсіп түрі қазалылықтарға да таныс.
Полифасад – бүгінде қасбетті өңдеу мен әрлеудің жоғары сападағы, қымбат емес, тиімді түрлерінің бірі. Ол жауын-шашыннан және басқа да климаттық жағдайлардан қорғайды.
Кент тұрғыны, жеке кәсіпкер Гүлзира Нұрлыбекова былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік грант беру конкурсына қатысып, жеңімпаз атанған болатын. Осылайша кәсібін бастауға қажетті қаражатқа (4,5 млн теңге) қол жеткізді.
Енді не істеу керек? Кәсіпкер қарындасымыз отағасы Асқармен ақылдаса келе, полифасад өнімін дайындауды жөн санаған. Ниет-мақсаттары тоғысып, ынтымағы жарасқан ерлі-зайыптылар отбасылық бизнесті бастап кетті. Алғашқы қадамдары бөтен емес. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын ұлғайту ойда бар.
Кәсіпкер қазіргі кезде аудандағы тұрғын үйлер мен ғимараттарға заманауи үлгідегі және әртүрлі көлемдегі полифасад өнімін шығаруда. Жергілікті тауарөндірушіні қолдағандар осы өнімге тапсырыс беруде.
Берекені еңбектен тапқан Асқар мен Гүлзираның отбасында төрт ұл өсіп келеді. Кәсіп берекелі болсын!
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
Қазалы ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<