Сыр медицинасының серпінді дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген алтын қолды дәрігердің бірі – Берік Дәуітбаев 25 жылдан астам кардиохирургия саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Дертіне дауа іздеген жандарға екінші өмір сыйлап, халықтың алғысын арқалаған жан бүгінде көпбейінді облыстық ауруханасының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі. Аталмыш саласының білікті маманы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келіп, өз қызметінің қыр-сырын толық баяндап берді.
-Кардиохирургия саласына өз қалауыммен келдім. Жүрек адамның ең негізгі әрі нәзік ағзасының бірі болса, медицинада да дәл сондай маңызға ие. Бірі білсе бірі білмес, 2000 жылға дейін барлық кардиохирургиялық ота тек Алматыда ғана жасалатын. Халық кардиохирург мамандарына жүгіну үшін жылдап кезек күтетін. Осы жағдайға байланысты 2005 жылы барлық аймақта жүрек ауруларының алдын алу үшін кардиология орталықтары ашылып, өз жұмысын бастады. Біздің кардиологиялық орталықта бірнеше бөлім жұмыс істейді. Біз жылына 3500-ге жуық науқасты жүрек ауруларынан емдеп шығарамыз. Бұдан бөлек, соңғы үлгідегі озық технологиялардың арқасында жүректегі дертті лезде табуға және дұрыс диагноз жасауға мүмкіндік көбейді. Білікті кардиохирург мамандардың саны артты. Бұл Сыр медицинасының үлкен жетістігі деп айтуымызға болады. Бүгінде елімізде ғана емес, біздің өңірде де жүрек ауруымен ауыратын тұрғындар көбейіп барады. Оның басты себептері: дұрыс тамақтанбау, ұйқы жетіспеушілігі, уайым, ашушаңдық және энергетикалық сусындарды мөлшерден тыс көп ішу. Сол себепті, ағзамыздың ең басты мүшесі саналатын жүрекке күш түсірмей, салауатты өмір салтын ұстанған жөн, – деді Берік Русланұлы.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<