Кеше «Достық үйінде» Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманы талқылау мақсатында демократиялық күштердің облыстық коалицияның отырысы өтті. Оған аймақтық коалиция мүшелері, үкіметтік емес ұйым жетекшілері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары мен белсенді жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Елбасының әлеуметтік бастамаларына қолдау білдіріп, алдағы атқарылатын жұмыстарды саралаған жиынды «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысында халыққа арналған «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін жариялады. Онда әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ, елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылды. Бұл әлеуметтік бастамалар барша қазақстандықтар үшін аса маңызды. Оны іске асыруды үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек, – деді И. Құттықожаев.
Жиында баяндама жасаған Қорқыт ата атындағы ҚМУ, ректоры, профессор Қылышбай Бисенов 5 әлеуметтік бастама халықтың игілігі үшін жасалған ұтымды жоба екенін атады. Үндеуде нақты мақсаттар қойылған. Бірінші бастамада әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру көзделген. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жұмыс істейтін әрбір қазақстандық несиеге тұрғын үй алып, баспаналы болмақ. Бұл – әсіресе, жас отбасыларға жасалып отырған үлкен демеу. Сонымен бірге университет ректоры үшінші бастамаға айрықша тоқталды. Онда білім гранттарын бөлу арқылы жастарға мол мүмкіндік жасалып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша тағы да 20 мың мемлекеттік грант бөліп, жастардың жоғары білім алуына жол ашыла түседі. Ал техникалық мамандықтар бойынша ең алдымен инженерлер, ақпараттық технология, роботтехнология және нанотехнология саласының мамандықтарына бакалавриат бойынша 11 мың грант бөлуге айрықша тапсырма берілді. Сондай-ақ, бүгінде мемлекеттік тапсырыс бойынша бір білім алушыға белгіленген қаражат көлемі 640 мың теңгеге жетті. Елбасы үндеуінде колледждер мен университеттер жекеменшік-мемлекеттік серіктестік негізінде кемінде 25 мың орындық жатақхана салу керектігін де атап өткен болатын.
Биылғы жыл аймақта «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Бұл бағыттағы шараларды жүзеге асыруда Елбасының «шағын несие беру» бастамасы көп септігін тигізбек. Ол туралы облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қожахмет Ілиясов хабарлама жасады. Бұл шара, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызды болмақ.
Ал, Елбасы ұсынған бағыттар ішіндегі жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салықтық жеңілдіктер жасауды қарастыруға орай тапсырма берілген. Ұсынылған салық жеңілдігі аз жалақы алатын жұмысшылардың табысын арттыруға мүмкіндік бермек. Осы бастама жайында Қызылорда облысы бойынша кірістер департаментінің «Талдау және тәуекелдер» басқармасының басшысы Темірлан Қожаназаров өз баяндамасында тарқата айтты.
Шара соңында жиналғандар Елбасының 5 әлеуметтік бастамасына орай пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Сондай-ақ, демократиялық күштердің аймақтық коалициясы Үндеу қабылдады.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<