Осы жылы департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің ішінде Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы құрылды. Басқарманың негізгі қызметі облыс орталығының кіріс көзін қалыптастырып, әрбір бюджет деңгейлеріне сәйкес болжамдалған кіріс көздері бойынша салықтық және басқа да міндетті төлемдердің бюджетке түсуін қамтамасыз ету басты мақсаты, әрі міндеті болып табылады.
Басқарма бойынша бүгінгі таңда, дәлірек айтқанда, 2019 жылдың 1-ші шілдесінде заңды тұлғалар саны – 7 455 құраса, жеке кәсіпкерлердің саны жалпы – 20376 құрап отыр. Оның ішінде, кіші кәсіпкерлік субъектілері саны 27 017 құрап отыр. Жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік құралдары салықтары бойынша қала және қалаға қарасты 2 кент, 7 ауылдық округтері есебімен тіркеуде тұрған салық төлеушілер саны: мүлік салығы бойынша – 56 965, жер салығы бойынша – 61 324, көлік құралдары салығы бойынша – 47 322, барлығы 181 215 салық төлеушілерді құрап, салық салу объектісі – 223 753 құрап отыр.
Бюджеттік түсім түсу жөнінен статистикалық дерекке көз жүгіртсек, 2014 жылы Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік бюджетке түскен түсім 51 165,9 млн. теңге болса, 2015 жылы – 42 812,9 млн. теңге, 2016 жылы – 49 309,7 млн. теңге, 2017 жылы – 66 169,3 млн. теңге, ал, 2018 жылы 89 751,1 млн. теңге салықтар мен төлемдер түсуі қамтамасыз етілді. Мысалға, 2015 жылы шоғырландырылған бюджетке (ұлттық қорға түскен түсімдерді қоса алғанда) түскен түсім 188 931,3 млн. теңгені құраса, ал 2018 жылы түсім 252 939,6 млн. теңгені құрап, түсім 3 жылда 64 008,3 млн. теңгеге артты.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы 2019 жылдың 1-жартыжылдығында шоғырландырылған бюджетке 169 554,4 млн. теңге түсім түсуін қамтамасыз етті. Бұл өткен жылдың осы кезеңінен 40 827,7 млн теңге артық. Оның ішінде, мемлекеттік бюджетке түскені 47 292,9 млн. теңге. Республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 36 011,7 млн. теңге, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 652,1 млн. теңгеге артық (өсу қарқыны 131,6%). Жергілікті бюджетке түсім – 11 281,1 млн. теңгені құрап, жоспар 107,0% орындалды. Жоспардан артық түскені 735,5 млн теңге.
Басқарма мамандарының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі салық базасын кеңейту, резерв көздерін іздестіру болып табылады. Осы мақсатта салық есептілігін нөлдік көрсеткішпен немесе төмендетіп көрсетіп отырған салық төлеушілердің салық есептіліктеріне талдау жұмыстары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылдың өзінде талдау барысында табыстарын төмен көрсетіп орырған 978 салық төлеушілерге түсіндірме, бақылау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері 557 салық төлеушілер 1 709,4 млн. теңгеге табыстарын көрсетіп қосымша салық есептілігін тапсырып, бюджетке косымша 51,3 млн. теңге өндірілді.
Сондай-ақ, салық жинауды арттыру жобасы аясында «Үшінші тұлғалардың дерек қорын құру» пилоттық жобасы бойынша 2018 жылы «Қызылорда су жүйесі», «ҚазтрансгазАймақ» және «Энергосервис» мекемелерінің мәліметтеріне сәйкес, кәсіпкерлік мақсатта электр энергиясын, су, жылу, газ пайдаланғаны үшін ақша төлеген салық төлеушілердің тапсырған салық декларацияларында көрсетілген табыстарына талдау жұмыстары жүргізілді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 284 салық төлеуші табыстарын 19 136,2 млн. теңге көлемінде көрсетіп, қосымша салық декларацияларын тапсырып, 63,4 млн. теңге қосымша салықтар есептеліп өндірілді.
ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне кәсіпкерлікті қолдау мақсатында жеңілдіктер енгізіліп келеді. Соған сәйкес, жоспардан тыс салықтық тексеру саны да жылдан жылға азая түсуде.
Елбасының өткен жылғы 5-қазанындағы жолдауына сәйкес бизнес субъектілерінің қаржылық-шаруашылық қызметін сауықтыру үшін өсімпұлды және айыппұлды есептен шығару бойынша салықтық рақымшылық жүргізу тапсырылған. Салықтық рақымшылық шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды көздейді. Бүгінгі күнге, Қызылорда қаласы бойынша 1 055 салық төлеушінің 136,9 млн. теңге негізгі сомасы төленіп, 30,3 млн. теңге өсімпұлдармен айыппұлдар сомасы есептен шығарылды. Оның ішінде, 109,3 млн. теңге негізгі салығын төлеген 210 заңды тұлғаның 24,9 млн. теңге болса, 27,2 млн. теңге негізгі салығын төлеген 845 дара кәсіпкерлердің 6,1 млн. теңге өсімпұлдармен айыппұлдар сомасы есептен шығарылды.
Сыбайлас жемқорлық өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметші халыққа қызмет етудің қай саласында еңбек етпесін сол орында еңбек пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, өз саласында заң бұзушылыққа, қылмыс пен сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамға жат әрекеттерге қарсы табанды күрес жүргізуі тиіс. Бұл талаптың үдесінен шығу әсіресе мемлекеттік кірістер органдарында қызмет атқаратындар үшін аса маңызға ие. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң талабы аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Өз кезегінде, Басқарма тарапынан да бұл індетпен күресу басты бағыттардың қатарына қойылған. Басқарманың іс-шара жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық және қылмыстың алдын-алу бойынша, барлық қызметкерлердің қатысуымен ҚР Заңдылықтарының, оның ішінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарының, Мемлекеттік қызметшілердің Этикасының талаптарын қатаң сақтау жөнінде техникалық оқулар, семинар кеңестер, дөңгелек үстелдер үнемі өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясымен бірлескен қоғамдық қабылдаулар мен «ашық есік» күндері өткізілуде. Салық заңдылығына соңғы енген өзгерістер, салық төлеушілерге көрсетілетін қызметтер және басқармада атқарылып жатқан басқа да жұмыстар республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында ұдайы жария етілуде.
Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясына негізделген басым бағыттардың бірі – бірте-бірте электронды форматқа көшу арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін жеңілдету, оны алушыға қолайлы жағдай жасау. Мемлекеттік кірістер органдарының алдына қойылған бірқатар міндеттер осы мақсатқа жұмылдырылған. Қазіргі таңда салық төлеушіге есебін тапсыру немесе ақпарат алу үшін барлық жағдай жасалған. Осы орайда, салық төлеушілерге арналған терминалдар орналастырылған. Терминал арқылы салық төлеушілер ақысыз түрде салық төлеушінің кабинеті арқылы дербес электронды түрде қызметтерді алуға мүмкіншіліктері қарастырылған.
Мемлекеттік қызмет көрсетудегі негізгі мақсаттың бірі – электронды бағытта қызмет көрсету. Мемлекеттік қызметтердің тізіліміндегі 45 мемлекеттік қызмет түрінің салық саласы бойынша көрсетілетін 25 мемлекеттік қызметтің басқарма тарапынан көрсетілетін 17 түрі электронды форматқа толықтай көшірілген. Соның ішінде, электронды түрде көрсетіліп отырған қызметтің басымы – салық есептілігін қабылдау. Мәселен, осы қызмет бойынша биылғы жылдың 6 айында барлығы 52 332 мемлекеттік қызмет көрсетілген болса, оның ішінде электронды түрде көрсетілгені – 50 576, немесе 96,7 % құрап отыр, қалған 3,3 % пошта бөлімшесі арқылы келген салық есептіліктері нысандарын құрайды. 2016-2017 жылдарда жүргізілген сауалнама нәтижесімен Қызылорда облысының мемлекеттік кірістер органдары тұтынушылардың қызмет сапасына көңілі толатын өңірлердің алдыңғы қатарында болды. Бұл жетістікке біздің басқарма да өзінің үлесін қосқаны анық.
Міне осы жұмыстардың нәтижелі орындалуы үшін басқарма қызметкерлері уақытпен санаспай еңбек етіп келуде. Өз ісінің жетік мамандары саналатын, бүгінде зейнеткерлер қатарынан орын алған Қамар Әбілдаева, Светлана Кенжалиева, Райханкүл Қожбанова, Күлай Рахманбердиева, Ақжамал Туляпова секілді ардагерлеріміз қаланың қаржы тайқазанын толтыруға өз үлестерін қосқан. Сонымен бірге жастарды кәсіби біліктілікке баулуға еңбек етіп келді. Бүгінде олардың ізін Бақыт Нұрымбет, Кенже Оспанова секілді аға ұрпақ өкілдері жалғастырып келеді.
Бүгінде, Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы алдына қойылған міндеттер орасан зор. Мақсаты айқын, оны орындауға қажетті кәсіби біліктілік, қажырлылық пен жетістікке деген ұмтылыс, біздің қызметкерлерде бар. Олар, Сыр өңірінің бас шаһарының қазынасы – қалалық бюджетін толықтыруда талмай еңбек ете бермек.
Нұрлыбек АМАНГЕЛДИЕВ,
Қызылорда қаласы бойынша
мемлекеттік кірістер басқармасы
басшысының міндетін атқарушы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<