Күздің жиын-терім аяқталып, арқаны кеңге салған осы шағы асып-тасыған берекесімен ерекше. Әсіресе, ерте көктемнен бері бел жазбай еңбек еткен диқан қауымның алаң көңілі саябыр тапқан. Бұйырған несібені қамбаға құйып, қыстық отын-көмірді қамдап, мал азығын жинап алған ағайынның да қарбалас тірліктен қолы босағаны байқалады.
Берекелі маусымға тән тағы бір өзгешелік бар. Балапанды күзде санайтын әдетпен шаруашылықтардың жауапты кезеңді қалай қорытындылағаны таразыға тартылады. Жеңімпаздар анықталып, үздіктер төрге шығып, еңбектері еленетін уақытты еңбек адамдары асыға күтетіні анық. Осындай берекелі шақта қала іргесіндегі Сырдария ауданына қарасты «Бесарық» шаруашылығына жолымыз түсті.
Кемені қалай атасаң…
Жүйткіген көлік Бесарық ауылына жақындағанда, жолдың екі бетіндегі шалқыған айдын бірден көзге түсті. Су бетіне қонақтаған құстардың сұлбасы алыстан ағараңдайды. Сулы жердің нулы болары белгілі. Жыңғылы мен жидесі қалың. «Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев «Бұл не су?» деген көкейіміздегі сауалды оқып қойғандай.
– Оң жағымыздағы жайылған суды сол жақтағы дарияның кеуіп кеткен арнасына жіберу үшін арнайы мекемеге жолды бұзбастан, асфальттың астымен қаздырдық. Болашақта су қондырғысын қойсақ деген жоспарымыз бар. Су дегеніңіз береке емес пе?– деді.
Кіреберістегі ауылдың төлқұжатында мәліметтердің бәрі алақандағыдай сайрап тұр. Сәл кейінірек қақпа қойылып, оған «Berekeli Besariq» деп жазыпты. Инвестор компания «кемені қалай атасаң, солай жүзеді» дегенді ойлады ма, Бесарықтың берекесі тасыған ауылға айналғанына мүдделі болғандықтан осылай жазды ма, ол жағын қазбаламадық. Қазір кәсіп ашушылар бизнестің бастауында тұрған ірі сала – неймингке, яғни, ат қою саласына жүгінеді. Ал неймингтің майын ішкен мамандар ат қоюдың бренд қалыптастырудағы маңызын айтып жүр. Қалай болғанда да «Berekeli Besariq» деген көзге жылыұшырайды. Бұл көрініс жарасымдылықты қалт жібермейтін фототілші Нұрболат Нұржаубайдың назарынан тыс қалмады.
Кешесіз
бүгін жоқ
Бесарықтың тарихы осы маңайдағы бытыраңқы колхоздардың бірігуінен басталды. Бұл 1950 жыл еді. Тұрғындары атакәсіп – мал бағуға да, егін егуге де епті болатын. Ол кезде техника қайда, бейнетті белшеден кешкен бесарықтықтар арықты, каналды қолмен қазды. Шопандар төл алу, қаракөл өндіру сияқты сол дәуірдің «социалистік жарыс» аталатын аламанында алда тұрды. Сырдың суына сары қауынын, ақ бидайы мен маржанын екті. Қыры мен Қызылына отар-отар қойын, келе-келе түйесін, үйір-үйір жылқысын жайды. Осы ауылда кеуделеріне Кеңес заманының ең жоғары наградалары – «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін таққан қарапайым еңбек адамдары өмір сүрді.
Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарындағы қиындық бұл ауылды айналып өткен жоқ. Бірақ дарияның жағасында, судың сағасында отырған халық ең басты құндылығын – ауызбірлігін жоғалтпады. Совхоздан мұра болып қалған жылжымайтын мүліктерді, ғимараттарды бұзбай сақтап қалды. Үлкенді тыңдап, кішіні тәрбиелеп, тентекті тезге салатын ата жолы үзілмеді. Бабадан балаға мирас болған кәсіптің алтын арқауын үзбей, ұрпақтар сабақтастығына ұластырған жандар қаншама?! Абыз ақсақалдардың қолына су құйып, батасы мен тәрбиесін алғандар сол өнегені өшірмей, өзінен кейінгілердің бойына сіңіргісі келеді.
Мол өнім – маңдай тердің өтеуі
«Абай Дәулет» ЖШС инвестиция салып, «Бесарық» ЖШС-ның жұмысын қолға алғалы көп уақыт өткен жоқ. Өткен жауапты маусымда неден ұтып, неден ұтылғанын саралап, безбенге салғанда, көңілді бірлейтін көрсеткіштер көп екен.
– Көктемде 486 гектар жерге күріштің «Янтарь» тұқымын ектік. Өнім 67 центнерден айналды. Барлық шаруашылықтар сияқты күріштің пісу кезеңінің созылуы, су тапшылығы сияқты қиыншылықтарды біз де бастан өткердік. Дегенмен, бригададағы күрішшілер, сушылар мен механизаторлардың еңбегі қайтты. Агротехникалық талаптарды толық сақтадық. Техникаларымыз сақадай сай, шетелдік комбайндар, жаткалар мен тасымал көліктерін алдық. Тыңайтқыш жеткілікті болды. Көктемгі егіс науқанына қарай жер айдағыш техника келеді. Қырман басындағы құрылыстарды жаңадан салып, кейбіреулерін жөндеуден өткіздік. Орталық қоймаға 500 тоннадан астам тұқым құйдық, – деді серіктестік директорының орынбасары Бейбіт Белгібаев.
Серіктестік 150 адамды тұрақты, 200-ден астам адамды жиын-терім маусымында жұмыспен қамтып отыр. Бір күрішке, одан алынатын өнімге қарап отырса, бұл көрсеткішке қол жетпес еді. Дақылдың түр-түрін егіп, жерден теретін ырыздық-несібені төкпей-шашпай жинап алғанда ғана іс ілгері басады. Экономикамен бірге ауыл шаруашылығын да әртараптандыру керектігі іскерлік ортада әлдеқашан дәлелденген. Осы ізбен биыл 690 гектарға жоңышқа еккен еді. Онда еңбек ететін 3 бригада үш орымнан серіктестік иелігіндегі малдың азығын жинап алды. Қалғанын ауыл тұрғындары мен жұмысшыларға жеңілдетілген бағамен сатты. Әлеуметтік көмек ретінде 2000 бауын таратты. Бидайдың өнімі де жаман болған жоқ. Осылайша ауылдағы құрама жем зауытына қажеттің бәрін әзірлеп алды.
Соңғы жылдары Кеңес заманындағы Сыр қауынының даңқын қайта өрлету үшін жер-жерде бастамалар көтеріліп жүр. Бесарықтықтар да бұл бастамаға өз үлестерін қосып, биыл бірінші рет 20 гектар жерге сары қауын екті. Бұл сорт көптен бері өсірілмегендіктен, алғашында көңілде алаң болған. Жер-ана жомарттық танытып, биыл Бесарықта қауыннан тау тұрғызылды. Көл-көсір өнім ауылдағы, қала берді, сырттағы ағайынның игілігіне жарады.
– Биыл тәжірибе ретінде 14 гектар жерге картоп еккенбіз, су жетпей қалғаны болмаса, шығымы тәп-тәуір. Қазір тұқымдық картопты қоймаға тасып алдық, – дейді «Бесарық» ЖШС басшысы Дәулет Сәрсенбаев.
Төрт түліктің бәрі бар
Шаруашылық тек егінді ғана кәсіп қылмай, мал басын көбейтіп, оның өнімін өңдеуге ден қойып отыр. Қазір Гиссар тұқымдас 4 мың бас қой 6 отарға бөлініп, шопандар бағымына берілген. Ет бағытындағы болғандықтан, аталық малдың салмағы 130-140 келіге дейін жетеді. Тәжікстандық қой тұқымының ерекшелігі жылына екі төлдейді. Бір гиссар қазақы қойдың бірнешеуіне татиды. Күтімі де оңай емес.
Түйенің еті – азық, шұбаты – шипа, шудасы киім десек, серіктестік иелігіндегі 30 Ойсылқара тұқымынан күніне 70-80 литр шұбат өндірілуде. Шипалы сусынды сатып алушылар сапалы, табиғи өнімге деген сұраныс күннен күнге артқанын айтып отыр. Енді сиыр мен жылқы басын көбейтуге жұмыс жасалуда.
Серіктестікте жұмыс істейтін азаматтарға айлық жалақы тұрақты төленеді. Егін-терім аяқталғанмен, жұмыс көзін тауып беріп, еңбеккерлерге қолдау көрсету жалғасуда.
Ауыл – азаматтардың айнасы
Бесарық – әу баста нақты жоспармен салынған елді мекен екені көзге бірден көрінеді. Үлкен көшені 8 көше қиып өтеді. Бірлігі жарасқан 400-ден астам отбасының атақонысы. Серіктестік биыл 30 миллион теңгедей қаржы салып, паспорт орналастырып, кіреберіс көшені, Мәдениет үйін, балабақшаны жөндеді. Үлкен көшенің бойын өрнекті темір шарбақпен қоршауға да осы жылы қол жетті. «Ана бақыты» ескерткіші, субұрқақ, әткеншек, басқа да сәулетті формалар орталық алаңның сәнін келтіріп тұр. Айнала тап-таза. Басшы азаматтар ауылды абаттандыру, көгалдандыру, гүлзар егу арқылы тұрғындардың ортақ мүлікке жанашырлығын, туған жерге сүйіспеншілігін арттырғысы келеді.
Орталық алаңға орналастырылған 3 алып билборд аса жоғары талғаммен жасалған дүние болғандықтан, сырттан келген адамдардың көзін тартады. Ал бесарықтықтар үшін бұл орын ауылдың айнасы, «Құрмет тақтасы» іспетті. Мұнда ауылдың ардагерлері, батагөй ақсақалдар, еңбек адамдары, Батыр аналар, осы жерден түлеп ұшқан жерлестердің суреті ілінеді. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсетудің қарапайым ғана үлгісін тапқан серіктестік басшылығына тұрғындар дән риза. Бір ерекшелігі, билборд ай сайын ауысып тұрады.
Бесарықта жыл сайын дзюдодан халықаралық турнир өтеді. Биылдан бастап оған бокс пен таэквондо қосылды. Компания 2,5 млн теңгеге сапалы спорттық жабдықтар алып берді. Енді бапкерлердің айлық жалақысына қатысты мәселе шешілмек. Тағы бір игілікті іс – ауыл балаларына ағылшын тілін тереңдетіп үйрету. Қазір Қызылорда қаласынан шақырылған мұғалімнің айлық жалақысын, жол қаражатын «Абай Дәулет» өтеп отыр. Ауылдағы әжелер ансамблінің керек-жарағын, оқушылардың жазғы демалысын, балабақшаның қажеттіліктерін де назардан тыс қалдырмады.
Биылғы жетістік жігерлендірді
Нарық заңы нақты жоспармен тірлік етуді талап етеді. Серіктестік басшылығы алдағы 5 жылда ауылдағы Мәдениет үйі мен балабақшаның аралығын абаттандырып, қаладағы супермаркеттердің үлгісімен дүкен салғысы келеді. Қасына дәріхана, тігін цехы, шаштараз, тойхана салып, шағын кәсіпкерлікпен айналысуға талаптанғандарға қолдау көрсетпек.
Мұрат Сәрсенбаев ауылдан тәрбие сыныбын ашу идеясын сөз арасында айтып өтті. Бұрын-соңды естімеген жоба туралы тереңірек білгіміз келіп, осыны тарқатыңқырауын сұрадық.
– Тәрбие сыныбын ашу көптен ойда пісіп-жетілген еді. Сабақ беретін, өнегелі ой айтатын адам осында жеткілікті. Ұлағатты қариялар, бір әулеттің берекесін тасытып отырған аналар, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі осы сыныпта дәріс берсе, әсіресе, тазалық, адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді дәріптесек деймін. Көше-көшені жағалап ішімдік ішу түбірімен жойылса, ауыл жастары өздері қолда барды күтіп ұстауға дағдыланса екен, – дейді ол.
Серіктестік басшысының спорт сауықтыру кешені құрылысына әріптес ретінде қатысу, «Әлемнің жеті кереметінің» макеттері қойылған аллея ашу туралы ойлары бар.
«Бесарық» ЖШС кеңсесінің бірінші қабатында ауыл музейі орналасқан. Өлкетанушы Жұмабай Әубәкір осы маңдағы тарихи орындардан табылған жәдігерлерді жинақтаған. Бесарықтың 70 жылға жуықтаған тарихы, сол тарихты жасаған тұлғалар туралы мол мәліметтер асқан ыждағаттылықпен сақтаулы тұр. Бұл – өткенге құрметтің белгісі. Өйткені болашағын ойлаған адам өткеннің сабағын, өнегесін ескереді.
Түйінсөз орнына:
– Мәке, өзіңіз «Бесарықтың» тумасысыз ба?
– Жоқ, Қызылорда қаласында туып өскенмін. Не демегіңізді түсіндім. Өйткені бұл сұрақ маған жиі қойылады. Еңбек етіп, табыс тапқан адам оның бір бөлігін сол жердің игілігіне жұмсағаннан, ырысы ортаймайды. Қайта елдің батасын алып, несібесі арта түседі.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<