«Бесарықтағы» бастамалармен танысты

790

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына жұмыс сапарымен барып, «Бесарық» ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Еске салсақ, өткен жылдың қорытындысымен бұл ауыл «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы атанған еді.

Нұрлыбек Машбекұлы ауылдағы мәдениет үйінің құрылысын көрді. Бұрынғы ғимарат 1979 жылы салынған. Қайта жаңғыртуға аудандық бюджеттен 25 млн теңге қаражат қаралды. Көрермендер залының төбесі, сахналық төсеніші, пердесі, орындығы жаңартылып, музыкалық аппаратура, ЛЭД экран алынады. Жаңа үлгідегі жарық шамдар орнатылып, көрермендер залы толық жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, мәдениет үйінде орналасқан кітапхана қайта жабдықталады. Жөндеу жұмыстары «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен жүргізілуде. Қазір мекемеде 6 үйірме, 1 шығармашылық ұжым жұмыс жасайды, оған 114 мүше тартылған.

Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аймақ басшысын ауылдағы басқа да  құрылыстармен таныстырды. №147 орта мектеп ғимараты 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен. Былтырғы оқу жылында 23 оқушы бітіріп, 3-еуі «Алтын белгі» алды, 1 оқушы ҰБТ-дан 112 балл жинады.

«Бөбек» балабақшасы 2007 жылы ашылған. Мұндағы 5 топта 120 бала тәрбиеленуде. «Бесарық» ЖШС-ның демеушілігімен ғимарат сыртына жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ облыс әкіміне ауылдық емхананың жай-күйі таныстырылды. Дәрігерлік амбулатория 1570 тұрғынға амбулаториялық және күндізгі стационарлық қызмет көрсетеді. Онда  ем-шара, химизатор, егу және дәрігерлер бөлмелері бар.  Жедел жәрдем автокөлігімен қамтылған.

Әрі қарай Нұрлыбек Машбекұлы ауылдың орталық алаңына барды. Демалыс аймағына «Абай-Дәулет» ЖШС 65 млн теңге қаражат бөлді.  Алаң ортасына субұрқақ, «Ана бақыты» мүсіні орнатылған. Алдағы уақытта мұндағы орталық көшелер жаңартылып,  жол салынады.

Аймақ басшысы серіктестіктің күріш алқабына барып, дақылды баптаған еңбеккерлердің жұмыс барысын көрді. Еске салсақ, биыл облыста негізгі дақыл – күріш 83,1 мың гектарға егіліп, суға бастырылды.

Қазір  ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері егістікті күтіп-баптауда.

Аймақ басшысы аудан әкімі Берік Сәрменбаевқа бірқатар тапсырма берді.  Ауылда салынатын әлеуметтік нысандардың құрылыс сапасын мұқият қадағалауды және тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын күнделікті бақылауды міндеттеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<