«Беті бес рет ашылған»: Қалың малын алған соң қайын жұртынан тайып тұрған 20 жастағы келіннің оқиғасы ел талқысына түсті

549

0

Фото: Бағдарламадан скриншот

Екі жыл ішінде 5 әулетке келін болып түскен Әсел есімді бойжеткеннің оқиғасын жұрт қызу талқылап жатыр. «Көреміз» бағдарламасына жас келіннің экс енелері көмек сұрап келді.

Айтуларынша, ұлдарының жүрегіне жол тапқан қаршадай қыз қалың малын алғаннан соң, табалдырықтарынан тайып тұрған.

«Келіннен шындықты сұрасақ, тамырын кесіп қорқытты»

«Келін құтты болмады. Жиенім үйленіп, келін әкелді дегенде қатты қуанып едік. Енесі – менің туған әпкем. Жиенімнің аты – Қайрат. Олар тойда танысқан. Әселдің құрбысы Қайраттың ауылына келін болып түскен. Сол жерде танысып, нөмір алмастырып, екі айдай уақыт сөйлескен. Жаңа түскен келін мақтауын асырған. Бұған дейін есік көрген қыз екенін білмедік. Жиенім де білмеген. Біз келін етіп түсіргеннен кейін, 19 тамыз күні беташар өткіздік. Үлкен тойын 13 қазан күніне белгіледік. Тұрмыстағы келіншек екенін 12-сі күні естідік. Әпкеме бір кісілер звондап, алаяқ келін сендерді де сан соқтырмасын» деп хабарласыпты. Әпкем аудан орталығында тұратын екі қызының үйіне барып ақылдасады. Ештеңеге үлгеретін емес, тойханаға ақшасын беріп қойдық», – деді Райхан Жұманова.

Одан кейін Жазира есімді жездесінің келіні қуғыншылармен сөйлесіп, 1 миллион теңгедей қалыңмал берген көрінеді.

«Бізге хабар келгеннен кейін, абдырап қалдық. Қайраттың тілі байланып, сөйлей алмай, күйзеліске түсті. Келіннің алаяқ екенін айтқан адамдар «оған ештеңе де айтпаңыздар, ол тамырын кесіп, өзін жазалайды. Полицияға хабарлассын, бірақ салоннан келіп әкетеді» деді. Сол полиция бөлімшесінде бәрін мойындады. Біздің әулетке дейін төрт босаға аттап келген екен. Бір жарым ай тұрған уақытта Түркістанға аптасына 3-4 рет барып келген. Енесіне, «тойды қарызға жасамаңыздар, Қайратқа 5 миллион теңге несие беретін танысым бар» депті. Осы келін ұсталғасын, тойында танысқан келін де күйеуін сан соқтырып, қашып кетіпті», – дейді келіннің қайын әпкесі.

«Келінім ұлты мен жеке куәлігін жасырды»

Сонымен қатар студияға Әселдің үшінші енесімен деп таныстырған келіншек те келді. Оның да айтар шындығы аз емес.

«2022 жылы қазанда балам екеуі танысыпты. Ол кезде баламның жасы 29-да еді. Әсел 21 жаста екен. Бір күні балам түркістандық қызбен сөйлесіп жүрмін. Бірақ мамасы жассың деп рұқсат бермей отыр деді. Содан мен сөйлесіп, қайын сіңлім, оның сіңлісі төртеуіміз кездестік. Сол жерде барын айттым. «Ұзатуға ақшам жоқ, бірақ қызымның арманы ақ көйлек кию» деді. «Бірақ екі рет алып қашып кеткен. Бірінде ауласына жеткізбей алып кеттім» деді. Қалыңмалын бере беріңіздер дегесін, 1 миллион теңгені санап бердім. Түркістанда 400 адамға үлкен той, беташар жасадым. Содан бәріне баламның бақыты үшін көндім. Оқуын да сұрамадым. Тойда жаңа құдалар үшін деп, екі үстел тапсырыс берген едік. Құдағиымыз төрт үстел адам алып келіпті. Өзбектер болды арасында. Келіннің де ұлтын жасырды. Руым арғын деп келіп еді, сөйтсек, өзбек ұлтынан екен. Ұзын сөздің қысқасы, балам парақшасына келген хабарламаны оқығасын келіннен күдіктене бастаған. Өзім жұмыста жүрмін, үйіме қайынбикемді жіберіп, келініммен сөйлестірдім. «Балаларыңның құлағы керең, тілі сақау, мен ұнатпаймын. Кетемін үйіме» депті. Шешесіне хабарласып едім, «қызымды жібере қойыңдар» деді. Содан кейін бәрі белгілі болды. Үш әулетке де барып жүрген бір киім мен бір сандық. Соны апара береді. Қалыңмалдың ақшасын басқаға жаратады», – деді Ғазиза Мәмбетова.

«Қалыңмалды қайтарса дейміз»

Әр әулетке бір жарым айдан тұрақтаған келіннің келесі қадамы – Түркістан облысы, Темір ауылындағы Төленовтер әулеті. Сүрбойдақ болып үйленбей жүрген ағаларының келіншек алғанына қуанған қарындастары да істің мән-жайын айтып берді.

«2022 жылы 18 ақпанда келін болып түсті. Ұзатуға жағдайым жоқ деп айтты. Содан 1 миллион қалыңмалын беріп, үйге түсірдік. Үш аптадан кейін ауылда тұра алмаймын деп кетіп қалды. Ешқандай ұрыс-жанжал болған жоқ. Бір күні бір кісі хабарласып, Әсел туралы сұрады. Ол әулетке де келін болып жүр екен. Алаяқ болып шықты. Енді қалыңмалдың ақшасын қайтарып, жазасын алса екен дейміз», – деді Айнұр Төленова.

Бағдарлама ұжымы Әселдің қазіргі отбасын іздеп барды. Ескі әуеннен жаңылмай, бір әулеттің келіні атанған. Журналистерді көрген ибалы келін шымылдықтың ішіне жасырынды. Алдымен бәрін мойындап, кейін сұрақтарды нақтылай бастағанда анасын іздей бастады.

«Мені алып қашып кетті. Ғазизаның баласын ұнатпадым. Мойындаймын көп босаға аттадым. Бірақ алып қашудың құрбаны болдым. Қалған сұрақтарға анам келгесін жауап берейінші. Оны қазір шақырамын, – деп ашуланды Әсел.

Көп ұзамай бесінші әулет те келінді жасауымен еркіне қоя берген. Әселдің өзі мен анасы студияға қонақ болып келуі керек екен. Алайда денсаулығы сыр беріп, ауырып қалған көрінеді. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<