Білесің бе, қыраным?!

8407

0

Фото: автордан

Ей, қыраным! Сен ерке құс, көк зеңгірде самғаған,

Заңғарларды бағындырып, қанатың еш талмаған.

Сен шарлаған сонау еркін, шексіз-шетсіз әлемге,

Құс боп ұшып барғым келіп қанатымды қомдағам.

Онда бөтен өмір бар-ау, өзгешелеу білемін,

Қанатыңмен сипап өтіп жүрсің шіркін, Күн-елін.

Ал біз, пенде кінәсі де, күнәсі де сан батпан,

Таптап жүрген, ластап жүрген жұмыр жердің жүрегін.

Сен білетін, сен жүретін, сол еркіндік жоқ бізде,

Мекен еткен жердің үстін тектісі де, тексіз де…

Заманына адамы сай жағымпазы, жылпосы,

Арамы да, адалы да, ептісі де, епсіз де.

Ал сен болсаң тәуелсізсің, киелісің, тазасың,

Тәңір берген бақытыңа жоқ қой менің таласым!

Әуедегі еркін құсты тұғырға әкеп қондырған,

Білмейсің ғой адамдардың ішіндегі аласын…

Ей, қыраным! Сендік тұрақ – құзар биік, дара шың,

Құс патшасы, мекен еткен ұлан-ғайыр даласын.

Жер бетінде қорқаулар көп балағыңа жармасар,

Бөрілер аз, өз жарасын өзі жалап жазатын.

Байқаймысың, бұл қоғамды жағымпаздар жайлаған…

Толып жүрген екіжүзді, шибөрілер айналаң.

Көкжал болмыс, ер мінезді тұлға бізде азайған,

Қолдан бермей намыстарын жігеріне қайраған.

Неге адамдар ұсақталды білесің бе, қыраным?

Өз қолымен бітеп жатыр мейірімнің бұлағын.

Сен бармаған, шарламаған жер жоқ шығар сірә дә,

Білдің бе екен, көрдің бе екен дүниенің тұрағын?

Әттең, әттең, амал нешік, сен де адамға бағындың,

От жанарың солғын тартқан, кеудең – жалын, жаның – мұң.

Еркін құсым, торға түсіп, қолға түсіп қалдың ау,

Жүрегімді ауыртады байланғаны бағыңның.

Сағындың ба, кең далаңды, асқар-асқар тауыңды,

Қырат-белің, өзен-көлің, жазиралы бауыңды?

Табиғатқа тиесіні қайтарайын өзіне,

Аспаныңа жіберейін шешіп балақ бауыңды.

Сенің көркің қос қанатың желге қарсы ұшатын,

Менің дертім қара өлеңім, шабыт келсе қысатын.

Сенің-дағы, менің-дағы қалауымыз – еркіндік,

Айырмасы, мен адаммын, ал сен болсаң құс атың.

Оу, қыраным, біздер үнсіз түсіністік көзбенен,

Ұқсас едік бір мақсатты, бір мүддені көздеген.

Сенің жаның адамзаттың қолында тұр байланып,

Менің жаным әділетсіз қиянатқа төзбеген.

Ардақты КАМАК,

ақын

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<