Білім берудің жаңа көкжиегі

2095

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы да Президент Жолдауын талқылап, одан туындайтын міндеттер мен жоспарлар туралы ой бөлісті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси маңызды құжатта ел дамуының негізгі сыртқы саяси, экономикалық және әлеуметтік векторларына тоқталды. Жылдағы дәстүрмен білім беру сапасын арттыруға да баса назар аударды. «Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады» деді Президент.

Шетелдік ЖОО-лармен ықпалдастық орнатқандар арасында Сыр өңіріндегі білімнің қарашаңырағы да бар. 2025-2026 оқу жылынан бастап университет студенттері үшін қос диплом бағдарламасы бойынша Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінде оқуға мүмкіндік туды. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы, ректор Бейбіткүл Кәрімова өзара ынтымақтастық академиялық байланысты нығайтып, екі елдің студенттері үшін жаңа көкжиектер ашатынын атап өтті.

– Бұл Жолдау халықтың тұрмысын жақсартуға, экономикалық өзгерістерді ілгерілетуге бағытталған тың бастамаларға толы болды. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру, еліміздің дамуын жаңа деңгейге көтеру болып қала береді, – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалауды талап етеді. Университет ректоры сұранысқа сай, бәсекеге қабілетті мамандар тәрбиелеп шығару бағытында да ЖОО-ларға зор жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.

Одан соң университет ғалымдары Жолдауда айқындалған міндеттер жайында сөз қозғады. Философия және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер секциясының профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев «Ғылым мен білім саласының маңызды аспектілері», тарих және археология білім беру бағдарламасының қауымдастырылған профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тастанбек Сәтбай «Президент Жолдауы – Әділетті Қазақстан құрудағы маңызды қадам», «Инжинирингтік технологиялар» білім беру бағдарламасының профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Нұрбол Аппазов «Қазақстанның энергетикалық қажеттіліктері: АЭС-тің өзектілігі» деген тақырыптарда баяндама жасады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<